Қазақстанда Заман қалай өзгерді?
Қазақстанда «Тіл туралы» заң ең алғаш КСРО кезінде 1989 жылы қабылданған еді. «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы» заңы деп аталған құжатта «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып табылады» делінген. Ол заманда елдегі қазақтардың саны – 39,7 пайыз, орыстардың саны 37,8 пайыз болатын. Сондықтан екі ұлттың қарасы деңгейлес болғандықтан, мұндай заңның қабылдануына түсіністікпен қарау да керек шығар. 1990 жылы Алматыда «Қазақстандағы тіл саясаты және оны жүзеге асыру жолдары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Мұнда тіл саясатын жүргізудің теориялық және практикалық мәселелері талқыланып, ел аумағында қазақ тілін және басқа тілдерін дамытудың 10 жылдық, яғни 2000 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы мақұлданды. 1993 жылы Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы қабылданғанда, «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп танылды. Осы бап 1995 жылы жаңадан қабылданған Ата Заңда тағы да аталып көрсетілді. Бұл кезде елімізде 16,6 млн адам тұрса, оның 46 пайызы (7,6 млн) қазақ, тағы 46 пайызы славян ұлттар – орыс, неміс, украин, белорус, тағы басқа болған еді. Кейінгі 1997 жылғы «ҚР Тіл туралы» заңда да «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген бап сол қалпында қалды. Дегенмен мұнда мемлекеттік тілді қолданудың құқықтық негіздері, қазақ тілі мен басқа ұлт тілдерін оқып-үйрену және дамыту үшін жағдай жасау міндеті айшықты белгіленіп берілген. 1998 жылы қабылдаған Үкімет қаулысында «...мемлекеттік істің барлық салаларында мемлекеттік тілдің белсенді қолданылуы үшін басым жағдай жасау қажеттігі» ескертілген.10 жылдық бағдарлама не берді?
2001 жылы Президент Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қазақ тілінің қолданыс аясын мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық кеңейтуді, ресми құжаттарды рәсімдеудегі оның рөлін арттыруды көздеді. 10 жыл мерзімге есептелген бағдарламада Қазақстандағы тіл құрылысының ұзақмерзімді стратегиялық басымдықтары, мақсаттары мен міндеттері айқындалды, оларды жүзеге асырудың басты бағыттары мен іске асыру тетіктері белгіленді. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында, басқа да алқалы жиындарда мемлекеттік тілді дамытуды ұдайы айтып жүрді. 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында мемлекеттік тіл жөнінде жасаған баяндамасында: «Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңыздағы мәселе – мемлекеттік тіл мәселесі. Мемлекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді нышан. Және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс» деп атап өткен болатын. Елбасы «15 жылдан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды» деп ашына айтқан еді. Осы жылы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия құрылды. 2009 жылы көпшілік талқылауынан өтіп бекітілген «Ел бірлігі» доктринасына қазақстандықтардың қазақ тілін білуін міндеттейтін тармақ енгізілді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында «Қазақ тілін 2017 жылы халықтың 80 пайызы, 2020 жылға қарай 95 пайызы игеріп, ендігі 10 жылда мектеп түлектерінің 100 пайызы осы тілде еркін сөйлеуі керек» деп, осы міндеттерді жүзеге асыру үшін тиісті салалар мен жергілікті атқарушы органдарға тапсырма бергені естеріңізде болар. 2009 жылғы санақ барысында республикадағы немістердің 24,7 пайызы, орыстардың 25,3 пайызы, украиндардың 21,5 пайызы, поляктардың 20,9 пайызы, белорустердің 19 пайызы «қазақ тілін білеміз» деп мәлімдеген. Яғни, еуропалық ұлттардың 1 миллионнан астамы қазақшаны еркін түсінген. Ал түркі ұлтының өкілдері мемлекеттік тілді тіпті тамаша меңгергенін көреміз: өзбектердің 95,5 пайызы, ұйғырлардың 93,7 пайызы, қырғыздардың 92,7 пайызы қазақша сөйлеген. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің басты факторының бірі – ол тілді қолданушылардың көптігімен есептелетіні түсінікті. 2013 жылғы деректер бойынша халықтың этноқұрамы келесідей: қазақтар – 65,2 пайыз, орыстар 21,8 пайыз болған еді. 2015 жылы Елбасымыз тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымында қазақша сөйлеп, бүкіл әлем президенттері алдында қазақ тілінде баяндама жасап, Қазақ хандығының 550 жылдығына керемет тарту жасаған еді. 2018 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында: «Парламент пен Үкіметтің жұмысы тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс» деп нақты тапсырма берді. «Мемлекеттің болашағы – балалар» деген қағидаға сүйенсек, 2018 жылы қазақ мектептеріне баратындар саны 92 пайызға жетті! Ал 2020 жылы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев ABAI TV арнасына берген сұхбатында «Қазақстан халқы – 19 миллионнан, қазақтардың саны 78 пайыздан асты» деген мәлімдеме жасады. Оған қоса, ресми ақпараттарда славяндық диаспора өкілдерінің 25,3 пайызы қазақ тілін меңгергені анықталды.Ұлтаралық қатынас тілі
2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев республика Президенті болып сайланғаннан кейін, халыққа арнаған алғашқы Жолдауында: «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп атап көрсетті. Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2019 жылғы 6 қыркүйектегі отырысында ұлт зиялылары кезекті рет Конституциядағы «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп көрсетілген тармақты алып тастап, «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау мәселесін көтерді. Үндеу халықтың қызу қолдауына ие болды. Мәдениет және спорт министрлігі бұл ұсынысты өндіріске алып, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасының тұжырымдамасын жасап, Үкіметке жіберді. 2019 жылы Қазақстанда тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мәресіне жетті. Енді Үкіметтің қаулысымен Қазақстанда тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу. Бағдарлама аясында мемлекеттік қызметтің «Б» корпусының лауазымына орналасуға үміткерлерге «Қазтест» жүйесі бойынша шекті мән белгілей отырып, тестілеуден өткізуді енгізу жоспарланған. Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілерге тілдерді меңгеру бойынша талаптар белгілеу мәселесін пысықтауда. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ талабына сәйкес, халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлеріне қазақ тілін білу міндеттелген. «Мемлекеттік тіл туралы» заңның талабына сәйкес, мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады. Қазір мемлекеттік органдар дайындайтын ісқағаздардың 93 пайызы қазақ тілінде. Президенттің 2020 жылғы Жарлығына сәйкес тілдерді дамыту саласындағы функциялар мен өкілеттіктер Білім және ғылым министрлігіне берілді. Бүгінде республика аумағында қазақ тілінде үйрететін 99 мемлекеттік орталық жұмыс істейді, оларда оқыту тегін. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында құрылған Tilalemi.kz порталы, Atau.kz ономастикалық базасы, Emle.kz орфографиялық базасы, Тermincom.kz базасы, Tilmedia.kz үштілді сайты, балаларға арналған Balatili.kz, мемлекеттік тілді үйретуге арналған «Тіл-құрал» веб-сервисі және барлық сала құжаттарының қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген Qujat.kz (Құжат.кз) сайттары жұмыс істейді. Теrmincom.кz сайтының базасында жұртшылықты терминологияның жай-күйі мен термин жасаудың негізгі принциптері жөнінде хабардар ететін электронды алаң іске қосылды. Сондай-ақ терминдерді тұрғындармен талқылау үшін электронды ашық алаң құрылды. Ұлттық терминологиялық комиссия жанынан 18 салалық терминологиялық секция құрылды. Әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздер мен тіркестерді, көнерген сөздер мен кірме сөздерді, жаңа сөздерді түсіндірмесімен онлайн іздеу функциялары бар Sozdikqor.kz порталы құрылды. Жыл сайын «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Тіл шебері», «Тілдарын», Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, түркі, славян жазбалары мен мәдениеті күндері және басқа да түрлі форматты іс-шара өткізіледі.ТҮЙІН:
Қазақ тілі әлемдегі 6 мыңға жуық тілдің ішінде қолдану өрісі бойынша 70-орында тұр, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы тұрғысынан алғашқы ондыққа кіреді. Сондай-ақ дүниежүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан 600 тілдің арасында мемлекеттік мәртебеге ие болған 200 тілдің қатарында.
Дәулет АСАУ