Делдалдардың дәурені жүріп тұр
Делдалдардың дәурені жүріп тұр
308
оқылды

«Базар бағасын аспандатып жіберді

«Бітейін деп тұрған саудаға беделді делдал тап болар» демекші, жалпы «делдал» деп­ сатуға немесе сатып алуға көмектесуші, сатушы мен алушыны табыстырушы адамды атайды. Қазір ол агент, брокер, дилер, маклер деген атауларға ие. Қай-қайсысының да дегені болып, «түкірігі жерге түспей» тұр. Биыл жеміс-көкөніс бағасының бірнеше есеге көтерілуіне сол өндіруші мен тұтыну­шы арасындағы делдалдардың көбеюі басты себеп болып отыр. Еске сала кетсек, біз бұған дейін елордалық жылыжай басшысы Болатбек Жолановтың 1 000 теңгеге саты­латын қиярын базарға 400-500 теңгеге әрең өткізетінін жазған едік. «Делдалдар қалаған құнын қойып сатып, бағаны өсіріп жібереді. Тер төгіп еккен өнімнен пайданы біз емес бірді-бірге қосып өткізетін сол делдалдар көреді. Олардың артында белгілі біреулер тұруы мүмкін», – деген-ді сонда ол. Соның салдарынан салмақ қарапайым халықтың қалтасына түсіп отыр десек, бағаны көтеріп жіберетін делдалдарға биліктің де әмірі жүрмейтін сияқты. Әйтпесе, Үкімет жылда сол арадағы алыпсатарлардың жолын кесу­дің амалын қарастырған болып дөңгелек үс­тел басында сұлу сөзді сапырудан әрі аса алмай жүр. Айталық, биыл 12 наурызда Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұл­тан­овтың төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтан­дыру бойынша Жол картасын іске асыру тетіктерін түсіндіру бойынша кеңес өтті. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігі­нің өкілдері, сондай-ақ жергілікті атқару­шы органдар қатысты. «Жыл басынан бері баға соңғы 5 жылда рекордтық 2,8 пайызға өсті. Сонымен қатар шекті бағаны белгілеу мәселесі – қажетті шара. Өйткені жағдай шектен шығып кетті. Үстеме баға «жиынтық­ты» жүреді, осыған байланысты бірқатар өнім бойынша бағаның өсуі байқалады. Бір мезгілде өндіруші мен делдал көп табыс тапқысы келеді», – деді Бақыт Сұлтанов. Иә, билік бәрінен хабардар, бірақ азық-түлік бағасы әлі де күн сайын өсіп барады. Мысалы, бүгінде Қырғыз картобының келісі 400 теңгеге, шиесі 1 700 теңгеге, Әзербайжан құлпынайы 3 мың теңгеге, қызанақ 800 теңгеге, сәбіз 550 теңгеге дейін шарық­тады. Сөйте тұра, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров халықты азық-түлік баға­сы­нан қауіп жоқ дегенге сендіруге тырысты. «Шамадан тыс өндіріс ауыл шар­уа­шылығы тауарын өндірушілердің картоп­ты өзіндік құнымен сата алмауына әсер етуі мүмкін. Бұл өткен жылдары болды. Сондық­тан мен артық өндірмеуге кеңес берер едім. Егер баға бойынша айтатын болсақ, қазір ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндірушілер өз қойма­ларынан 200 теңгеден шығарады, қалған 200 теңге делдалдардың үстеме­ақысы», – дейді министр. Бір қызығы, Ауыл шаруашылығы ми­нистрі «картопты шамадан тыс өндірмеу керек» десе, Картоп және көкөніс өсірушілер одағының басшысы Қайрат Бисетаев LS сайтына берген сұхбатында оны неғұрлым көбейткен сайын құны да соғұрлым арзандай түсетінін айтқан. Парадокс! «Жамбыл облы­сы­нан Нұр-Сұлтанға дейін тасымалдау шы­ғындары 1 келісі үшін орташа есеппен 20-30 теңгені құрайды, қалғаны делдалдардың үстеме бағасы, олардың қанша екенін ешкім білмейді. Алдағы бір ай ішінде жеткізу арта­ды. Өйткені картоп жинау ерте басталды. Қыр­ғыз Республикасы мен Өзбекстаннан ұсыныстар қосылады. Нарықтық механизм жұ­мыс істейді, ұсыныстың көптігіне байла­ныс­ты картоп құны да төмендей бастайды» деген сенімде Қайрат Бисетаев. Оның ай­туын­ша, бізге картоптың қалай тасымал­данатынын көру үшін ашық тауар өндіру­шілер қажет. Осы орайда Ұлттық статистика бюросы­ның мәліметіне жүгінсек, картоптың бөл­шек саудадағы құны 2021 жылдың мамыр айында сәуірмен салыстырғанда 11,1 пайыз­ға және 2020 жылдың желтоқсанымен са­лыс­тырғанда 34,9 пайызға өскен. Ал 2020 жылғы мамырмен салыстырғанда баға 13,8 пайызға артып отыр. Ал интернет дүкендер­ден біраз өңірде картоптың келісі 450 тең­геден сатылып жатқанын байқадық. Қайта кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы базарларда 340 теңгеге дейін түсіпті. Енді күнбағыс майына келсек, оны көтерме сату нарығына жүргізілген талдау нәтижелері бойынша, Ақтөбе облысында арнайы кәсіпорынның өз өнімін қаланың ірі сауда желілеріне тікелей өткізуден бас тартқаны анықталды. «Күнбағыс майының көтерме сауда нарығындағы бағасы тек­серілді. Өнім делдал арқылы сатылып, баға көтерілген. Бұл – бәсекелестікті қорғау туралы заңнамаға қайшы келетін іс. Қазір компанияға бұл ісінің бұрыс екені туралы хабарлама жіберілді. Хабарламаны алған өндіруші талапты толық орындамады», – дейді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаменті бөлімі­нің бас маманы Гүлсара Қалиева. Кейін облыстық Табиғи монополияға қарсы де­партамент тергеуді бастады. делдал Жалпы, сауданың заманауи форматын дамыту қажет екен. Ал қазір Қазақстандағы заманауи форматтағы сауданың үлесі 4 па­йыз­дан аспайды. Дамыған елдерде 70 па­йызға дейін жеткен. Демек, жаңа заманғы форматтағы сауданың дұрыс жолға қойыл­мауының өзі-ақ негізгі табыс делдалдардың қалтасына түсіп жатқанын айғақтайды. Мысалы, сүттің 88 пайызы, еттің 80 пайызы нарыққа жеке қоралардан ағылса, картоптың 72 пайызы жекелеген үйлердің ауласынан тасылады екен. Міне, араға делдалдар түсіп, тауар өндірушілердің еңбегін жеп кететін сәт бұл!

Отынды да оңдырмай отыр

Сондай-ақ бүгінде бағаны арзандатуға тиісті биржалар биліктің де, бизнестің де көңілін көншітпей тұр. Егер сатылатын не сатып алынатын көмірдің, цементтің, соя бұршағының, картоптың, ұн мен қанттың көлемі  60 тоннаға, астықтың көлемі  300 тоннаға, арпа мен мақтаның көлемі  600 тоннаға тең болса немесе одан асып кетсе, оларды өткізу тек тауар биржасы арқылы ғана жүзеге асады. Бензин, дизель отыны, битум және басқа да бірқатар тауар ірі көлемде тек биржада саудаланады. Алайда елде қатаң бәсекелі нарық тудырып, өнім мен шикізат бағасын төмендетіп, бизнеске де, мемлекетке де мол пайда әкелуге тиіс биржалар әзірге әлжуаз болып тұр. Мысалы, антимонополиялық орган коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы көмірді сату саласы­на тергеу жүргізген. Сонда анықталғандай, өндірушілер өз өнімдерін өткізу үшін төл биржаларын құрып алған. Өндіруші компа­ния­лар жылыту маусымы таяғанда биржалар арқылы өздері өндірген көмірді түгел сыбайлас жеткізушілерге сатып жібереді. «Шын мәнінде, сол көтерме сатып алушылар тек қағаз жүзінде ғана бар делдал болып шығады. Олардың төл кеңселері жоқ. Көбі көмір сақтауға арналған жабдықтар мен қоймалар жоқ жеке пәтерлерде және жеке үйлерде орналасқан. Кейбірінің қызмет­керлері 2 немесе 5-6 адамға дейін ғана» деп хабарлады Сауда және интеграция министр­лігі. Ресми дерекке сүйенсек, елімізде бір жыл ішінде коммуналдық-тұрмыстық мақсатта тұтыну үшін өндірілген 18 миллион тонна көмірдің 10,5 миллион тоннасы биржа арқылы өткізіліпті. Соның 8,6 миллионы арнайы базасы не сақтау қоймалары жоқ, өнімнің бірде-бір тоннасын қабылдамаған және жөнелтпеген, пәтерде немесе кот­тедждерде орналасқан өнімсіз делдалдарға сатылған. Ал делдалдардың қанша үстеме­ақы қосатынын еш орган бақыламайды. Мысалы, «Богатырь-Көмір» ЖШС көтерме сатып алушыларға өз көмірінің 1 тоннасын орта есеппен 2 418 теңгеден өткізген. Ары қарай делдалдар тұтынушыларға оның әр тоннасын 5 925 теңгеден сатыпты. Яғни делдалдар ешқандай жұмыс бітірмей-ақ 145 пайыз үстемесін қосып, қыруар пайдаға кенелген. Сөйтіп, бір маусым ішінде олар Богатырь көмірінен 3,3 миллиард теңге табыс тауып отыр. «Ештеңе жасамайтын делдалдар кесірінен қарапайым халық көмір үшін орасан зор көлемде басы артық ақша төлеуге мәжбүр. Осындай өзара ымыраласу салдарынан Шұбаркөл, Қаражыра және Богатырь көмірінің тұтынушылары 2018-2019 жылдары кем дегенде 52 миллиард теңге ақшаны артық төлеген» деп мәлімдеді монополияға қарсы орган. Тіпті, биыл Павлодар облысында газ қым­бат­тап, 1 литрі 15 теңгеге бір-ақ көтеріл­ген. Кейін анықталғандай, баға Павлодар мұнай-химия зауыты да өнімді газ желілік ұйымдарына тікелей емес, делдал арқылы беретін болғандықтан шарықтап кетіпті. Ал делдал фирмалар қызмет көрсету ақысын 300 пайызға көтеріп жіберген. Бұл мәселені қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бақылауға алып отыр.

Еркеғали БЕЙСЕН