Малы жоқ адамға жайылым не үшін керек?
Малы жоқ адамға жайылым не үшін керек?
222
оқылды

Бірде-бір бас малы жоқ адамға – Тексеру барысында бірқатар аудандарда пайдаланылмай жат­қан жерлер анықталды.  Атап айт­сақ, Талас ауданында – 108, Жамбылда – 58, Қордайда  20 мың гектар жайылымдық жер босқа тұр. Сондай-ақ 100 гектарға  жуық жайылымдық жерге иелік ететін жер иелерінің қайтыс бо­лып кеткені белгілі болды. Ол жайы­лымдық жерлер марқұмның не туыстарына, не отбасы мүше­леріне рәсімделмей талай жылдан бері қалып келген. Сонда осыны көре, біле тұра аудан әкімдері неге үнсіз отыр? – дейді Жамбыл облы­сының прокуроры Нұрғалым Әбдіров.

Қайтыс болған азаматтардың атына тіркелген жер көп 

Аймақ басшысы Бердібек Са­пар­баев та бұл жайтқа алаңдаулы. Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, Талас ауданында 2013 жылы дү­ние­ден өтіп кеткен Қамысбаевтың атында 234 гектар жайылымдық жер бар екен. Ол жер осы күнге дейін ешкімнің атына рәсім­делмеген. – Аталған жерді осы күнге дейін біреу пайдаланып келді ғой. Егер заңды рәсімделмесе неге мемлекет меншігіне қай­тарыл­майды? Ал «Шәушенова» шаруа қожалығына  6 600 гектар жайы­лым­дық жер берілгенімен қожа­лықтың иелігінде бірде-бір мал жоқ. Осындай мысалдар өте көп. Сонда бұған кім жауап беруі ке­рек? – деген Б.Сапарбаев Жамбыл ауданында өткен жиында  Талас, Шу және  Қордай аудандарына қарасты бірнеше  ауылдық округ әкімдерінен онлайн режимде жауап алды. Алайда округ әкімдері елді мекендердегі шаруа қожа­лықтардың қанша малы бар екенін білмейтін болып шықты. – Бір тұяқ малы жоқ адамдарға жүздеген гектар жерді қалай рә­сім­деп жүрсіздер? Ұят деген болуы керек қой. Біз тексерісті бекерден-бекер жүргізіп жат­қаны­мыз жоқ. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Бір гектар жер болса да, игерілмей жатса мемлекетке кері қай­тарылуы керек. Соның есебінен ауыл маңындағы жайылымды кеңейтіп, халықтың мал ұстап, оның басын көбейтуіне жағдай жасауымыз қажет. Прокурорлар  ұсынған жұмысшы тобы құры­лады. Осы топ барлық ауданды тексеріп, пайдаланусыз жатқан жерлердің бәрін кері қайтаруы керек, – деген облыс әкімі жерге қатысты нақты шешімін айтты.

Әкімдер игерілмей жатқан жерді неге жасырады?

Негізі, облыс әкімі мен про­курорлардың көтеріп отырған мәселесін орынсыз дей алмассың. Себебі Жамбылда жайылымдық жердің жетіспеушілігі туралы жиі  айтылады. Бір ғана мысал, биыл  көктем шыға Т.Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылының тұрғындары жайылымдық жердің жетіспеуіне байланысты бас көтерген бола­тын. Округ аумағындағы жайы­лым­дық жер көлемі 42 233 гектар  болғанымен, халық төрт түлігін қайда жаярын білмей қиналған. Сол кезде тұрғындар  ауыл маңын­дағы жайылымдық жерлер жеке­меншікке беріліп кетіп, ол ау­мақты жер иесі қоршап алғанын ашып айтқан. Жұртшылықтың жанайқайы облыс әкіміне жетіп, аймақ басшысы ауылдағы ағайы­нның жағдайын өз көзімен көріп қайтқан. Өңір басшысы  тапсырма бергеннен кейін барып бұл мәселе реттелді. Ал Жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы­ның басшысы Әбілқайыр Тамабек аудан әкімдері игерусіз жатқан жерлердің көлемін жасыратыны туралы хабардар еткен.  Мәселен, Қордай ауданының әкімдігі игерусіз жатқан 15,5 мың гектар жайылым бар деп хабарлағанымен, тексеру кезінде 99 мың гектар жер анықталған. Осындай  қисынға келмейтін  сандар  Сарысу, Т.Рысқұлов және Шу аудандары­ның әкімдіктері ұсынған ақпарат­тардан да көрініс тапқан. Ал жал­­пы,  облыс бойынша пайда­лану­сыз жатқан 400 мың гектарға жуық жайылымдық жерлер анық­талған десек, жергілікті әкімдік­тердің жолдаған ақпаратымен  ол бар-жоғы 107 гектар деп көр­сетілген. Міне, осындай үйлеспеу­шіліктер жерге қатысты мәселені күрделендіріп тұр. Аудан әкімдері пайдаланылмай жатқан жерді жасырып, ал округ әкімдері жа­йы­лымдық жердің иелерінде қан­ша малдың барын білмей отырса, онда жағдайымыз шынында қиын. Енді облыс әкімдігі жаны­нан құрылатын жұмысшы топ прокурорлармен бірлесе жұмыс атқарса, жүгенсіз кеткендер бір жөнге келер. Әйтпесе, бүгінгі әкім­дер мемлекеттік жерді же­кеменшік етіп алудан да тайын­байды.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы