Қарағанды облысының кәсіпкерлері мен қоғамдық қорлары «Коронавирусты бірге жеңеміз!» атты акцияны бастады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Балқаштың вакцина алған зейнеткерлеріне және Ұлытау ауданының тұрғындарына ақшалай сертификаттар беріледі. Ол сертификаттарға азық-түлік сатып алуға немесе коммуналдық қызметтерді төлеуге болады. Балқашта акцияның бастамашылары жергілікті кәсіпкерлер болды. Олар ақшалай қаражат бөліп, азық-түлік дүкендер желісімен, сондай-ақ зейнеткерлердің сертификаттарын қабылдайтын қаланың коммуналдық кәсіпорындарымен келісті.«Сертификаттар вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін бірден егу пунктерінде беріледі. Олар жалғызбасты зейнеткерлерге және ең төменгі зейнетақысы бар адамдарға арналған. Сондай-ақ, оларды «қант диабеті» диагнозымен диспансерлік есепте тұрған қарт адамдар алады. Біз тәуекел тобына жататын егде жастағы адамдарды вакциналауға ынталандыру үшін осындай акцияны бастадық», — деп атап өтті Балқаш қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінен.Ұлытау ауданында «Арша Фаранд» қоғамдық қорының қолға алуымен вакцина алған азаматтарға ақшалай сертификаттар беру басталды. 5 мың теңге сомасындағы сертификаттар 65 жастан асқан вакциналанған аудан тұрғындарына және көпбалалы отбасыларға беріледі.