Картопқа да зар болдық

Картопқа да зар болдық

Қазақстанда Б.Сұлтанов ауыл шаруашылығы ведомствосының өз мәліметін мы­салға келтірді: елімізде өсірілетін кар­топ ішкі нарықтың сұранысын 108 пайызға артығымен өтейді. Бірақ оның үлкен көлемінің сыртқа сатылуы кесірінен өз елімізде тап­шылық орнайды. Қынжылтатыны сол, шетелге, айталық Ресейге сонша қымбат сатылып жатқан жоқ: келісі шама­мен 30 рубльден (177 теңгеден) өткізілген. «Былтыр картоп экспортында тарихи рекорд орнады: 360 мың тон­наға жетті. Яғни, картоптың тауар­лық өндірісінің жалпы көлеміндегі экспорттың үлесі 19 пайызды құра­ды. Соның кесірінен біздің дүкен сөрелерінде тапшылық туындады. Дефицит өнімді шетелден импорт­тауға итермелейді. Бұл ескі өнімнің таусылған, ал жаңа өнім жаппай жинала қоймаған маусымаралық кезеңге тұспа-тұс келді. Бұл жағдай жылдан-жылға қайталануда. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі де, жергілікті атқарушы органдар да осы проблеманы жою бойынша сайма-сай шаралар қабылдамайды. Былтыр, мысалы тек картоп экс­портына тыйым салу арқылы баға­ны тұрақтандыра алған», – деді Бақыт Сұлтанов. Оның мәліметінше, биылғы жылы картоптың мол экспортталуы жалғасты: биыл төрт айдың өзінде 69 мың тонна өнім төмен бағаға шетел асқан. Салдарынан отандық өнім қоры қазір 3 есеге – 903 мың тоннадан 330 мың тоннаға дейін азайып кетті. Министрдің дерегінше, нарықта өнім жетіспеушілігінің орнын тол­тыру үшін 28 мың тонна картоп Иран мен Пәкістаннан 3 есе қым­батқа сатып әкелінген. Жалпы ал­ғанда, 2021 жылғы қаңтар-сәуір айларында картоп импорты – 67 есеге, ал оның бағасы 47 пайызға өсті. «Әкімдіктердің қолында қа­жетті тетіктер бар, соған қарамастан ха­лықты қамту үшін ішкі нарыққа картоп жеткізе алмады. Өңірлерде был­тыр тұрақтандыру қорына картоп жеткілікті көлемде сатып алынбаған. Бұған қоса, форвардтық сатып алу, айналымдық схема се­кілді нарықтық тетіктер де толық­қанды пайдаланылмады. Әкімдік­тердің тұрақтандыру қорларында бүгінде картоп қоры жоққа тән! Сонымен қатар субсидиялау ке­зінде өндірушілерге талап пен міндеттеме қойылмаған: сал­да­рынан бюджет есебінен суб­си­диялау арқасында бағасы ар­зандаған өнімді өнді­рушілер кө­терме бағамен экспортқа жі­бер­ген», – дейді Б.Сұлтанов.

Мәселенің шешімі қандай?

Министрдің пайымдауынша, сәбізге қатысты жағдай тіптен күр­делі. «Ол бойынша отандық өнім қо­ры жыл басынан бері 5,3 есеге – 211 мыңнан 40 мың тоннаға дейін құлдырады. Сонымен бірге Қазақ­стан онсыз да жыл сайын сәбізді ішкі қажеттіліктен 5-6 пайызға аз өндіреді. Жылда сәуір-шілде ара­лығында тапшылық туындайды. Содан оны біз жылда Өзбекстаннан келетін қымбат импорт арқылы өтеуге мәжбүрміз. Сәбіз бойынша өңірлеріміз жеткілікті қор қалып­тастырмаған. Тұрақтандыру қорын­да небәрі 258 тонна сақталған. Бола­шақ өнімнен алуға негізделген фор­вардтық сатып алу да еліміз бойынша бар-жоғы 5,8 мың тонна­ны құрайды. Оның 73 пайызы – Алматының еншісінде», – дейді Бақыт Сұлтанов. Экономист Марат Ерғозин Үкі­мет пен әкімдіктердің өткеннен сабақ алмайтынына қайран қалады. «Картоп пен сәбіз бағасы жылда осы кезеңде қымбаттайды. Содан сәбізді жылда өзбек ағайындардан тасып, тапшылықты жабуға тыры­самыз. Шынында, биыл Өзбек­станның өзінде оның бағасы 55 пайызға өсіп кеткен. Өзбек ағам асырайды деп енді қол жая беру – әбестік. Олардың өзі сәбізді өте көп тұтынады, басты тағамы – палау жасауда көп қолданады. Тиісінше, сәбіз олардың өздеріне жетпеуде. Де­мек, өз елімізде сәбіз өсіру кө­лемін арттырған жөн. Бірақ бұл істе қарқын жоқ. Сондай-ақ баға­ның өсуіне алыпсатарлар ықпал етеді. Досым СҚО-да картоп өсірумен айналысады. Облыста осы өнімнің егістік көлемі азайып кеткенін ай­тады. Себебі тыңайтқыш қым­бат­тауда. Мұның сыртында былтыр пандемия кесірінен егіншілер қа­жетті көлемде егіс салып үлгермеді. Өзге өңірлерде былтырдан бері қуаң­­шылық болып, су жетпеуде», – дейді экономист. Оның мәліметінше, аграршылар өнім бағасын көп көтере қоймаған: картоптың келісін 150-220 теңгеден өткізгендер бар. Қалғаны – алып­сатарлардың қосқан үстемесі. Ақ­молалық диқандар төл өнімімен елордалық нарыққа шықпақ бо­лыпты: ірі сауда орындары тұрақты жеткізілім болуы үшін өнім өн­дірушілермен емес, өнім жеткізуші көтерме саудагерлермен және опе­раторлармен жұмыс істеуге бейілді екенін білдіріп, меселін қайтарған. Ал көтерме алыпсатарлар ауқымы ірі импортпен жұмыс істеуге құштар. Сарапшылардың айтуынша, экспортқа шектеу қойып, бағаны ұстап тұру ақыр соңында эконо­микаға кесірін тигізеді. Пробле­маның өзге шешімі бар: біріншіден, бюджеттен мол субсидия алатын ауыл шаруашылығы өндірушілерін жинаған өнімінің бекітілген бір бөлігін ішкі нарыққа қолжетімді бағамен сатуға міндеттеген жөн. Екіншіден, ауыл шаруашылығы техникасын, тыңайтқыштарды суб­сидиялаудағы проблемалар ше­шімін табуы керек, ауыл кәсіпкерін осы мазалайды. Үшіншіден, Үкі­меттің басымдықты міндеті – на­рық­тық бағаны «қатыру», құрықтау емес, қазақстандықтардың әл-ау­қа­тын арттыру. Халық қалтасы қалың болса, картопты 500 теңгеден қи­налмай алады. Ал әзірге биылғы орақ науқанын күтуге тура келетінге ұқсайды: жаңа өнім сөрелерге түсе бастағанда, баға да тұрақтануы ықтимал.

Айхан ШӘРІП