Соңғы жылдары көрші қырғыз елінен бастау алатын Талас өзенінің суы төменгі сағаға, яғни Сарысу ауданының аумағына ілдәлап келетін болды. Ал Аса өзенінің мұнда жететін табынының арнасы кепкелі қашан? Енді Талас өзені бойынан су қоймасы салынатын болса, онсыз да сылдырап келіп жатқан судың жолын бөгеп, тоспа жасайтын болса, шалғайдағы шаруалардың тұрмысы тұралайды дейді сарысулық шаруалар. Ал Талас өзенінің бойынан су қоймасы салынады деген әңгіменің шыққанына біраз болды.
Бұл жоба құжат жүзінде қатталып, бағдарламаға енгізіліп те қойыпты. Ол туралы былтыр облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев: «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының 2 фазасы» республикалық бағдарламасы аясында 2021 жылға дейін көлемі 40,9 миллион текше метрді құрайтын 3 су қоймасын салу көзделуде. Атап айтсақ, Қордай ауданындағы Ырғайты өзенінде «Ырғайты» және Қалғұтты өзенінде «Қалғұтты» су қоймасы, Байзақ ауданындағы Талас өзенінде «Ақмола» су қоймасын салу жоспарлануда. Бұл су қоймаларының құрылысы аяқталғанда пайдаланудағы 34,5 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету деңгейі артады» деп мәлімдеген болатын. Ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен, кейіннен «Тоғызкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып қызмет атқарған іскер азамат Қыдырбек Абдумаликов: «Көршілес жатқан бұрынғы «Үшарал», «Түгіскен» кеңшарлары Кеңес одағы кезінде қаракөл қойын өсіріп, даңқы алысқа кеткен шаруашылықтар еді. Төңірек тегіс тынымсыз еңбектің ордасы болатын. Тұрғындар мал шаруашылығымен қатар қауын, картоп егіп, мол өнім алатын. Осыдан үш жыл бұрын қуаңшылық болды. Былтырдан ағын судың келуі мәз емес. Аса өзенінің табанында тамшы су жоқ. Халықтың бағып отырған жылқысысу таппай, көбісі іш тастап жатыр. Тұрғындар осы судың бетіне қарап отыр. Су келсетірлік жанданып сала беретіні айтпаса да түсінікті. Тіпті, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған пилоттық жобаға қатысқысы келетіндер де бар. Бірақ ағын судың аз келуі көп шаруаға қолбайлау болып отыр» – дейді. Ал Әбілда ауылының тұрғыны Қамбар Жайлаубаев былай дейді:
– Бір жылдары осы Тоғызкенттің аумағында қауын молынан егіліп, өнімі талайдың таңдайын қақтырған. Торлама қауындардың дәмі шынында да тіл үйіреді. Қауынқақ, қауынішек, қауынқұрт жасап сатқандар да көп болды. Тіпті, алыс қалалардан арнайы тапсырыс беріп жатты. Кейіннен бұл кәсіп те саябырсып қалды. Өйткені су тапшылығы сезілуде. Су тіршіліктің нәрі емес пе? Сондықтан бұл мәселе оңтайлы шешілсе екен.
Тоғызкент өңірінде ұзақ жылдардан бері тұрып, жауапты қызметтер атқарған еңбек ардагері Жансерік Майыровтың да айтары аз емес.
– 1973 жылы оқу орнын бітіріп, осы ауылда еңбек жолымды бастадым. Сондықтан бұл аймақтың мәселесі маған жақсы таныс. Кеңес Одағы кезінде 150 үй қауын егіп, бақшамен айналысатын. Айнала тегіс айдынға құстар ұшып-қонып жатушы еді. Балық аулап отыратындар да көп болатын. Жетпісінші жылдардан су тапшылығы сезіле бастады. Сол тұста ауылда тұратын көптеген өзге ұлт өкілдері сыртқа көшіп кетті. Жасыратыны жоқ, Сарысу ауданы халқының 50 пайызы, малының 80 пайызы осы Талас өзенінің бойында отыр. Сондықтан өзен суын төменгі сағасына дейін жеткізудің маңызы зор. Бірақ өкінішке қарай, жағдай басқаша болып тұр. Мотор арқылы құдықтың суымен 300 мың бас қойды қалай суарасыз? Бір қойдың өзі күніне 5 литр су ішеді. Ағын су келмесе өзен суы тартылып кетеді. Қазақта «Өзеннің басындағы су ішеді, аяғындағы у ішеді» деген сөз бар. Бұл нақыл дәл осы аймаққа қатысты айтылып тұрғандай, – дейді ол.
– Бүгінде аудан бойынша 640 шаруа қожалығы тіркелген. Солардың жартысынан астамы Талас, Аса өзендерінің бойында отыр. Тоғызкент, Досбол, Байқадам, Жаңаталап, Жайылма ауылдық округтеріндегі фермерлердің кәсібі өзен суымен тығыз байланысты. Егін егіп қарық болмаса да мал суарады, жемшөп дайындайды. Қырда 18 мың гектарға ақ егіс егіледі. Сол жерде 35 агроқұрылым бар. Соның барлығы төрт түлігін осында ұстайды. Сондықтан да өзен суының аудан экономикасы үшін берері мол, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сейтбек Дариябеков. Досбол ауылдық округінің әкімі Нұрлан Молдабеков те өзен суының ауадай қажет екенін айтып отыр. Қазіргі таңда осы маңдағы көпірден секундына 6 текше метр су өтіп жатыр. Ал Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшысының уақытша міндетін атқарушы Д.Амировтың берген мәліметке сүйенсек, биылғы 10 қаңтарда Сарысу ауданының Тоғызкент ауылдық округіне секундына 10 текше метр су жеткен. Мамандар алдағы ақпан айында да Талас өзені бойынша қажетті көлемде су тасталатынына сендірді. Байзақ ауданында «Ақмола» су қоймасының салынатыны туралы мәселеге қатысты инспекцияның су пайдалануды реттеу және басқару бөлімінің басшысы Марал Егенбердиева жауап берді. «Байзақ және Талас аудандарының шекарасы маңында су қоймасын салу туралы мәселе бірнеше жылдардан бері айтылып келеді. Бірақ бұл сөз жүзіндегі дүние. Жоба жасалмаған. Оның үстіне осы нысанға байланысты қоғамдық тыңдау өткенде Сарысу ауданының тұрғындары қарсылық білдірген. Себебі Сарысу ауданына су бармай қалады. Сонымен бұл шаруа тоқтап тұр», – деді бөлім басшысы.
Арсен БАЙЗАҚ, Жамбыл облысы