2020 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде «Шаш ал десе, бас алатындар» азаймаған
Тыйым 2023 жылдың басына дейін күшінде тұр. Сондықтан биыл Бас прокуратураның басшылық құрамымен кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын мүлтіксіз қорғауды бірінші міндет ретінде атады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің бизнеске заңсыз араласып, оның жұмысына кедергі келтіруі ауыр қылмыс ретінде қарастырылуы керегі ескертілді. Әйтпесе, елімізде 2020 жылғы 1 наурыздан 2021 жылғы 1 наурызға дейін 174 853 жеке кәсіпкерлік субъекті және 28 373 заңды тұлға жабылып тынған. Одан кейін, яғни 21 сәуірде бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов Президентке кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау мәселесі бойынша бірқатар мағлұмат берді. Оның айтуынша, биылғы жыл басынан бері 22 мың кәсіпкердің құқығы қорғалып, 357 заңсыз тексеру мен мемлекеттік органдардың 56 актісі жойылған. Сондай-ақ қазір Бас прокуратура заңсыз тексеруге тап болғандарды өздеріне шағымдануға шақырып отыр. Кәсіпкерлерді заңсыз қысымнан қорғауға бағытталған заң жобасын депутаттар Мәжілістің жалпы отырысында бірауыздан мақұлдады. Атап айтқанда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 62-бабына толықтыру көзделген. Соған сәйкес, лауазымды тұлғаларды бизнеске заңсыз тексерулер жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі 2 айдан 1 жылға дейін ұлғайтылатын болды. «Бұл норма «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуын қамтамасыз етеді. Онда мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуын тоқтатуға бағытталған заңдар қабылданатыны нақты белгіленген», – дейді Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті де мораторийдің 2020 жылы бизнеске қатысты тексерулердің 5 есе төмендеуіне ықпал еткенін мәлімдеді. Мысалы, 2019 жылы кәсіпкерлер 128 мың рет тексерістен өтсе, 2020 жылы тексерулер 27 мыңнан асқан. Ал биылғы 5 айда 5 мың тексеру болған. Сонымен қатар комитет қызметкерлері биыл шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий аясында 30-ға жуық заңсыз тексерудің жолын кескен. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің айтуынша, кәсіпкерлерді заңсыз тексеруден құтқарудан бөлек, шамамен 700 мың салық төлеуші 1 триллион теңге көлеміндегі салық жеңілдіктерін пайдаланған. Сондай-ақ 18 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілеріне 222,4 миллиард теңгеге несиелер бойынша кейінге қалдыру ұсынылыпты.Аймақтардағы ахуал қалай?
Кәсіпкерлерді заңсыз тексеру оқиғалары бірнеше өңірде ушығып тұр. Сондай үздіксіз тексерулерден запы болған кәсіпкерлер мобильді топтарға жиі жүгінеді. Өйткені бірқатар мемлекеттік қызметкер тексеру жүргізуге уәкілеттілігі болмаса да лауазымын асыра пайдаланған. Сондықтан прокуратура тарапынан бизнес нысандарға жүргізілген тексеру жұмыстарының заңдылығы зерделеніп, онда мораторий талаптары бұзылып, әкімшілік айыппұл салудың заңсыз деректері көптеп анықталды. Мысалы, биыл Қызылорда облысы прокуратурасы аймақтағы бизнес-ахуалды жақсарту мен әкімшілік кедергілерді жою мақсатында біршама жұмыс атқарған. Ондағы мобильді топтарға кәсіпкерлерден 2020 жылы 13 арыз-хабарлама түссе, 2021 жылдың 5 айында 30 арыз-хабарлама тіркелген. Ал бизнесті қорғау бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 17 прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, 117 кәсіпкердің құқығы қорғалыпты. Сол сәтте 16 шенеунік тәртіптік, 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылса, 2 заңсыз тексерудің және кәсіпкерлерге қатысты 9 әкімшілік өндірістің күші жойылған. «Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс бойынша білім беру қызметін көрсеткен 75 жеке балабақшаның 192,9 миллион теңге бюджет берешегінің төленуі қамтамасыз етіліп отыр. Енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің қаралу нәтижесімен өткізілген мемлекеттік сатып алу бойынша 35 кәсіпкердің жалпы сомасы 33 миллион теңге банктік кепілдемелері кері қайтарылды» деп мәлімдеді Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай. Биылғы жыл басынан бері Атырау облыстық прокуратурасының мобильді тобы да сондай келеңсіздікке кезіккен 300-ден астам кәсіпкердің құқығын қорғапты. Одан кейін де жергілікті прокурорлардың араласуымен ШОБ-қа қатысты 445 заңсыз тексерудің күші жойылып, 27 шенеунік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ өткен жылы Маңғыстау облысында да 192 кәсіпкерлік нысанға заңсыз тексеру жүргізілген. Түркістан облысында өңірлік прокуратура мен Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Түркістан облысы бойынша басқармасы бірлесіп, заңсыз тексерулерді тіркеу кезінде олардың алдын алу бойынша жұмыс жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 13 шағын және микрокәсіпкерлікті негізсіз тексерудің жолы кесілген. Ал мораторий жарияланған сәттен бастап Алматы облысының прокуратурасы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметінде заңсыз тексерулер мен профилактикалық бақылаудың өзге де нысандарын жүргізудің 244 фактісін, оның ішінде мораторий талаптарын бұзған 128 фактіні анықтады. Жарлық талаптарының сақталуын ШҚО прокуратурасы да ерекше бақылауға алған. Атап айтқанда, өткен жылы өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының 91 тексеруі заңсыз деп танылған екен. Ақмола облыстық прокуратурасының мәліметінше, өңірде 2020 жылы бизнес субъектілерін тексеру саны 2 есеге (8 074-тен 4 299-ға дейін) азайыпты. Қабылданған шаралардың арқасында ведомство биыл да 12 шағын кәсіпкерлік субъектісін негізсіз тексерудің алдын алған. Жұрттың жеке кәсібін бас-көз жоқ тексере беруден бұл аталғандардан басқа өңірлер ада сияқты. Өйткені әзірге заңсыз тексерулер жайлы дерек қолымызға түспеді. Бәлкім, заңсыздық жасайтындар бар шығар, бірақ «ұсталмаған ұры емес» болып тұр.Еркеғали БЕЙСЕН