Биыл Биліктегі партия басымдықтары орындалып жатыр
Бұдан өзге, көшбасшы партияның сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға қарай жастардың барлығы колледжде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім ала алуына қол жеткізу міндеті қойылды. БҒМ осы тапсырмаларды орындауға кірісті. «Алдағы оқу жылына бакалавриат бағдарламасы бойынша 51 561 грант бөлініп отыр. Оның бір бөлігі «Серпін» бағдарламасына қатысты. Бұған қоса, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы аясында тағы 5 мың грантты қосымша бөлу қарастырылған. Нәтижесінде, бакалавриат бағдарламасы бойынша гранттың жалпы саны – 56 561, магистратура бойынша – 13 263, ал докторантура бойынша – 1 890. Гранттар сұранысқа ие бағыттарда кадрлар даярлауға бөлініп отыр», – деді министр Асхат Аймағамбетов. БҒМ басшысы отандық жоғарғы білімді қолжетімді ете түсу үшін 2025 жылға дейін грант саны 50%-ға артатынын уәде етті. Осы орайда «бұл гранттар қаншалықты сұранысқа ие?», «енді оқу орындары оқытатын білімді жас таппай, сонша грантты игере алмай қалмай ма?» деген сауал туындайды. Өйткені қазірдің өзінде интернетте, әлеуметтік желілерде кейбір оқу орны білім деңгейіне қарамастан, оқуға қабылдаймыз деп жарнама береді. Халық пікіріне жүгінсек, грантқа деген сұраныс зор, қайта жетпей жатыр. Олар ҰБТ-да ең жоғарғы балл жинағандарға ғана тиеді. Тіпті, орташадан жоғары нәтиже көрсеткендер де гранттан қағылып жатады. Қостанайлық жалғызбасты ана Айгүл апай отбасын өзі асырауға мәжбүр әрі үйсіз-күйсіз, жалдамалы баспананы жағалап жүр. Ұлы оқу бітіріпті. «Үкімет осы ұлыма білім грантын берсе деймін. Өзі ресейлік емес, отандық медициналық оқу орнына түсіп, дәрігер болғысы келеді. 2015 жылдан бері мүгедектігі бар. Соған қарамастан үстел теннисімен айналысады. 2019 жылы жыл сайынғы «Триумф» сыйлығы табыс етілді. Денсаулықтың қадірін біледі, өзі денсаулық қорғау саласының жоғары білікті маманына айналғысы келеді», – дейді ана. Әрине, «ала қойды бөле қырқудың қажеті жоқ, ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырсын да, өзге балалар қатарлы грант иеленсін» деуге болады. Дегенмен ҰБТ баланың бойында бұйығы жатқан дарынын, қасиет-қабілеттерін, ынта-ықыласын тап басып аша алмайтыны мәлім. Оның үстіне, қаншама білімді, талантты жас ақылы оқып жүр. Олар да грант берілсе, тегін оқуға ауысуды аңсайды.Гранттың кешіккені қынжылтады
Биылғы жылдың басында Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің бір топ студенті Білім және ғылым министріне бір емес, екі рет хат жазды. Өйткені олар ақылы оқудан бюджет есебінен тегін оқуға көшуі тиіс болған. «Біз, ҚазҰМУ студенттері, интерн-дәрігерлері грантқа көшу туралы бұйрықты 3 айдан бері күтіп отырмыз. Бізге биыл жыл басында ауысасыңдар деген. Межеленген мерзім келді. Енді оқу ақысын төлеу мәселесі алаңдатуда. Біраз сома қордаланып қалды, оны төлеу қиынға түседі. Біз грантқа қол жеткізу үшін күрделі тест тапсырдық, сол сынақтан өте алғандардың тізімі шыққанда өз аты-жөнімізді тауып, қатты қуандық. Бірақ ол арманымыз орындалуы үшін министрдің бұйрығы қажет екен. Оның қабылдануы созбалаңға салынды» деп назаланды жас дәрігерлер. Ақыры студенттер күткен бос гранттар тек мамырда ғана тиген. «2020-2021 оқу жылының қысқы емтихан сессиясының қорытындылары бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған білім беру гранттары иегерлерінің тізімі республикалық конкурстық комиссияның шешімі негізінде Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 20 сәуірдегі №172 бұйрығымен бекітілді» деп түсініктеме берді Білім және ғылым министрі. Тиісінше, жаңа грант иегерлерінің оқуын бюджеттен қаржыландыру да дәл осы бұйрық бекітілген мерзімнен бастап жүргізіледі. Құжаттың кешігуі ата-аналарды қапаландырды: тілдей қағазға бола оларға жүздеген мың теңге қосымша шығын шығаруға тура келген. «Менің балам Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 1-курс студенті. Ол ақылы негізде оқуға түскен. Былтыр сынақ тапсырып, қысқы емтихан сессиясының қорытындылары бойынша босаған білім беру грантына ілікті. Министрдің бұйрығы біраз кеш, тек биылғы сәуірдің соңында шығыпты. Сондықтан университет бізден 2021 жылдың қаңтар айынан сәуірдің 20-на дейінгі оқу ақысын төлеуімізді талап етуде. Ал балалар қысқы сессия нәтижесі бойынша 2-семестрден бастап грантқа өтуі керек еді. Сонымен бірге грантқа ауысқан балаларға қаншама айдағы стипендиясы төленбей қалды» деп реніш білдірді Руслан Қ. Ата-аналар жыл қорытындысында босап қалған грант бола тұра неге бұйрық ең болмағанда 1 ақпаннан бастап шықпағанына таң. Жалғыз ЕҰУ емес, барлық университеттердегі жағдай осы.Грант бөлуде сан емес, сапа маңызды
Елордалық Жоғары көлік және коммуникация колледжінің директоры, саяси ғылымдардың докторы, Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары директорлар кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыпов бұл жерде жоғары оқу орындарына және колледждерге арналған гранттардың аражігін ашып алған жөн екенін айтады. Қосымша гранттар университеттерге бөлінуде. –Жастарды оқытуға арналған грант санының көп болғаны дұрыс. Өйткені кез келген ата-ана баласының білімді маман болғанын қалайды. Ал мұны ақылы оқу арқылы жүзеге асыру қиын. Оқу ақысы көтеріліп кетті. Сондықтан ҰБТ болған сайын ата-ана тақымын қысып, уайымдап отырады. Грантқа ие болу – әрбір баланың өміріндегі биік белес әрі оның ата-анасының қуанышы. Демек, грант саны көбейген сайын шабыттанған жас ұрпақ өкілі мен бақытты ата-ана саны да өседі, – дейді Зулфухар Сұлтанұлы. Бірқатар сарапшы грант санының мыңдап артуы, оқудың жаппай тегін етілуі ақыр соңында білім сапасын түсіруі мүмкін деп қауіптенеді. Осы орайда З.Ғайыпов тағы бір мәселеге назар аудартты: «Грант санын көбейткенде оны беталды таратпай, нақты қандай мамандықтар бойынша кадр даярлауды ұлғайту керегіне мониторинг жасаған жөн. Бұл үшін Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері арасындағы ведомствоаралық комиссия нарықта қандай мамандарға сұраныс көп болатынына болжам жасайтын. Бұл жұмыс күшейтілсе игі. Грант саны 5-10 жылға арналған осындай болжамдар негізінде арттырылуы керек. Кейінгі кезде грант саны ұдайы өсіріліп келеді. Әйтсе де, елімізге ең қажетті мамандар жетіспеушілігі әлі өзекті болып отыр», – дейді сарапшы. Сонда жаңа гранттарды қай бағыттарда көбірек бөлген дұрыс? З.Ғайыповтың байламынша, құрылыс, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы салалары білікті мамандарға зәру. Қазақ елі ежелден аграрлық ел болған және солай болып қалады. Ендеше егін, мал шаруашылығы, ветеринария салалары бойынша маман даярлау өзектілігін ешқашан жоймайды. Бұған қоса, былтырдан бері жаһанды жайлаған пандемия медициналық білікті кадрларды көбірек даярлауды өзекті ете түсті. Экономика, басқару, менеджмент мамандарын даярлау да маңызды. Ескерер жайт, ауыл жастарын мемгрантпен оқытып, кейін ауыл-аймаққа қайтару мәселесі жете шешілмей келеді. Жезқазған қаласы білім бөлімінің және Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті Гуманитарлық-педагогтік институтының ресми мәліметінше, осы қалада мысалы, педагог мамандығын таңдайтын талапкер саны жыл сайын азайып барады. Салдарынан білім беру ұйымдарында педагог кадрлардың тапшылығы байқалуда. Осы мәселенің бір шешімі ретінде аталған институт педагогикалық мамандықтарға жергілікті бюджет есебінен білім грантын бөлуді сұрап келеді екен. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов бұл мәселе шешіледі деген сенімде. «Бұл өзекті мәселе. Жыл сайын жергілікті бюджет есебінен де білім беру гранты бөлінеді. Білім заңнамасына өзгерістер енгізіліп, педагогикалық мамандықтардың шекті балы биыл 75 балға дейін көтерілді. Талапкерлер ең алдымен мемлекеттік грантқа тапсырады. Егер мемлекеттік грантқа өтпей қалса, ондай үміткерлер жергілікті бюджеттен берілетін гранттар бойынша конкурсқа қатысады. Биыл жалпы саны 20 грант бөлінді», – дейді облыс әкімінің орынбасары. Қалай болғанда да, грантқа қатысты мәселе көп. Оларды мемлекет кешенді шешкені жөн. ЖОО-лар жалғыз БҒМ-ге ғана емес, сондай-ақ өз саласы бойынша Мәдениет және спорт, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Төтенше жағдай, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктеріне де қарайды. Олай болса, елді жан-жақты түрде білікті кадрмен қамту үшін Үкімет мүшелері бірлесе қимылдағаны жөн. Оны бір ведомствоаралық орган үйлестірсе, құба-құп.Елдос СЕНБАЙ