Жоғарғы сот төрағасы мемлекеттік органдардың басшыларына әкімшілік әділеттің қағидаттарын түсіндірді
Жоғарғы сот төрағасы мемлекеттік органдардың басшыларына әкімшілік әділеттің қағидаттарын түсіндірді
Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов орталық және жергілікті атқарушы органдар үшін республикалық семинар өткізіп, оның барысында жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) ережелерін түсіндірді. Онлайн дәрісті мемлекеттік органдар мен өңірлердің барлық буындарының басшылары – министрлерден, әкімдерден және аппарат басшыларынан бастап, аудан, қала және ауылдық округ әкімдеріне дейін тыңдады. Екі күнде үш жарым мың адам байланыс желісіне қосылды. Төраға өз сөзінде ӘРПК-нің елдің дамуы үшін маңыздылығына тоқталды. Ол адамдар мен бизнеске әкімшілік органдармен дауларды қалай шешуге болатынын көрсетіп беретін ереже болып табылады.
«Кодекс соттардың ғана емес, сонымен бірге, барлық мемлекеттік органдардың қызметінде де көп нәрсені өзгертеді. Ең үлкен қателік – оны дұрыс бағаламау. Сіз тиімді менеджер бола аласыз, ірі-ірі жоспарларыңыз, жобаларыңыз, идеяларыңыз бар делік. Бірақ, егер ӘРПК-ні елемейтін болсақ, егер оған тиісті мән бермесек және бұл қарапайым орындаушылардың міндеті деп есептесек, онда қиындықтарға кез боларымыз анық», - деп ескертті Төраға.
 width= Азаматтар, кәсіпкерлер және мемлекеттік органдар арасындағы даулар туралы айта келе, Жоғарғы Сот Төрағасы бұған дейін осы мәселенің теңдік пен жарыспалылық (АПК бойынша) қағидаттарының негізінде шешілгенін, өзіне неғұрлым сенімді болған адамды жеңуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Яғни, өз заңгері бар адам штатында заңгерлері мен сарапшылары бар тұтастай бір мемлекеттік органмен немесе әкімдікпен дауласуға мәжбүр болды. Нәтижесінде 85% жағдайда сотта мемлекеттік орган ұтып отырды. Бұдан 10 жыл бұрын басқа елдерде енгізілген әкімшілік әділет мұндай даулардың 84%-ын азаматтар мен бизнестің пайдасына шешкен болатын. Сондықтан Президент өзінің 2019 жылғы алғашқы Жолдауында
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі құралы ретінде әкімшілік әділетті енгізуді тапсырды. Осы мәселені іске асыруды Ж. Асанов тек басшыларға ғана емес, сонымен бірге әрбір мемлекеттік қызметшіге жүктеді. «Мен турасын айтып отырмын. Енді бұрынғыдай болмайды. Алдағы 1-шілдеден бастап жағдай түбегейлі өзгереді. ӘРПК-нің талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар енді сіздердің жеке бюджеттеріңізге салмақ түсіретін болады», - деді ол.
Жоғарғы Сот Төрағасы өз сөзінде мемлекеттік органның міндеттері мен қағидаттарын, құқықтары мен жауапкершілігін нақты айқындап берді. Осы орайда, әкімшілік актіге және әкімшілік рәсімдерге анықтамалар берілді. Кодекстің 12 қағидасы туралы да айтылды. Жаңа қағидаттардың қатарында сенім құқығын қорғау, мөлшерлестік, құқықтардың басымдығы, ресми талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу қағидаттары бар. Әкімшілік іс жүргізу туралы айта келіп, ол өз сөзінде мемлекеттік органның кінәлілік презумпциясы қағидаты туралы толығырақ әңгімелеп берді. Енді өз шешімінің заңдылығы мен негізділігін дәлелдей алмаса, мемлекеттік орган ұтылатын болады, яғни, ӘРПК оларды тәртіпке салады. Сотта ескерту, сот залынан шығарып жіберу және ақшалай өндіріп алу сияқты процестік мәжбүрлеудің жаңа құралдары пайда болды. Мемлекеттік органдармен даулардағы бір жаңашылдық – татуласудың мүмкіндігі. Осы орайда, әкімшілік сот ісін жүргізу мен орындаудың ақылға қонымды мерзімі аталып өтілді. Шешімнің орындалмағаны үшін сот мемлекеттік органға және кез келген шенеунікке айыппұл сала алады. Жоғары Сот Төрағасы әкімшілік әділетті енгізгеннен кейін, басқа елдердің тәжірибесі бойынша, мемлекеттік органдарға қарсы қойылатын талаптардың күрт өсетінін айтты. Сонымен бірге, ол әкімшілік әділетті тәуелсіздігіміздің бүкіл тарихындағы ең түбегейлі реформалардың бірі екенін атап көрсетті.
«Қаласақ та, қаламасақ та, әкімшілік әділет қатардағы орындаушыдан бастап, министр мен әкімге дейін жаңаша ойлауды міндеттейді. ӘРПК біздің қоғам мен Мемлекет басшысы күткен үмітке  қаншалықты сәйкес келетінімізді білдіретін емтихан іспетті», - деп түйіндеді министрліктер мен ведомстволар өкілдеріне арналған семинардағы сөзін Ж. Асанов.