Үздік дәрігерлерге 1 миллион теңгеден берілді

Алматы облысында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтауға арналған салтанатты жиынға облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, жыл сайын 10 аталым бойынша өтетін конкурста үздік шығып, мықты медицина қызметкерлерін марапаттады.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерді айта келе медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді.

– Кез келген мемлекет ел азамат­тары­ның денсаулығын сақтауды, әл-ауқатын арттыруды бірінші кезекке қояды. Біздің облыста  аурудың алдын алуға, медицина­лық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бар жағдай жасалып келеді. Ғимараттар жаңартылып, материалдық-техникалық база нығай­тыл­ды. Медицина қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті барлық мүмкін­діктер қарастырылды, – деп атап өткен өңір басшысы биыл медицина саласына бөлінген қаржы 168 млрд теңгеден асқанын айтты. Сол сияқты қазір жергілікті бюджет есебінен медициналық жоғары оқу орындарында және резиден­турада 239 адам оқуда. Сонымен бірге  биыл тағы 30 студент оқуға жіберілген,  өткен жылы медицина қызметкерлеріне 127 пә­тер сатып алуға 756 млн теңге жұмсал­ған, 30 жалгерлік үй жаңа коттеджі қалашықтан берілген.  Антына адалдық танытып, күн сайын ерлікке тең іс атқарып жүрген медицина қызметкер­лерінің барлық құрметке лайық екенін айтып, инфекциялық аурухананың қарсы бетіне арнайы сквер орнатып, оған медицина қызметкерлеріне арналған ескерткіш қойылатынын, оның жобасы дайын тұрғанын тілге тиек етті.

Мұнан соң індетпен күрес кезінде қаза болған денсаулық сақтау саласы маман­дарының бейнелері мен есімдері экраннан көрсетіліп, жиналған қауым оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Салтанат марапаттаумен жалғасты. Облыс әкімі 10 аталым бойынша өткен конкурстың жеңімпаздарына марапат­тарын тапсырды. Алматы аймақтық кли­ни­калық балалар ауруханасының гематолог дәрігері Меруерт Жұмабаева «Үздік дәрі­гер» атанса, Іле ауданы Қосөзен дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Алма Сембаева «Үздік ауыл дәрігері» номина­циясын жеңіп алды. «Денсаулық саласы­ның үздік менеджері» аталымының жүлдесі Талдықорған қаласындағы облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Нұрсан Сұрашевке берілді. Оларға 1 млн теңгенің сертификаты тапсырылды.

«Үздік фельдшер» жүлдесін Талғар ауданы Арқабай ауылы медициналық пунктінің фельдшері Марияхан Ибышева және «Үздік орта медицина қызметкері» жүлдесін Сарқан аудандық орталық ауру­ханасының мейірбикесі Айнұр Макенова алып, әрқайсысы 750 мың теңгеден ақшалай сыйлыққа ие болды. Сонымен бірге Талдықорған қаласындағы «Нұр Авиценум» медициналық орталығының әлеуметтік қызметкері Марина Терпи­лов­ская  «Үздік әлеуметтік қызметкер» атанып, 500 мың теңгенің ақшалай сертификатын иеленді. Талдықорған қаласы 6-шағын­аудандағы алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек көрсету орталығы – «Үздік дәрігерлік амбулатория», Қапшағай қаласы Қосқұдық ауылдық фельдшерлік-аку­шерлік пункті – «Үздік фельдшерлік-аку­шерлік пункт», Ескелді ауданы Теңлік ауылының медпункті – «Үздік медицина­лық пункт», Жамбыл ауданы жедел және шұғыл медициналық көмек бөлімшесі «Жедел жәрдем қызметінің үздік под­станциясы» атанып, мекемелерге 500 мың теңгеден жүлде берілді.

Өңірдегі 40-қа жуық медицина мама­нына кәсіби біліктілігі және мамандығына адалдығы үшін «Еңбек ардагері» медалі, Денсаулық сақтау министрлігінің «Ден­саулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақ­тау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбел­гі­лерімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен алғысхатымен марапат­талды. Облыс әкіміне де  Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалі берілді.

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.