Мәдениеттегі жемқорлық
Мәдениеттегі жемқорлық
245
оқылды

Осыдан бір жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы Құндылықтардың құлдырауы ертеңгі күнге қазылған ормен тең

Академик Төрегелді Шарманов «Құндылықтар құлдырауы» туралы: «Бүгінгі заманымыздың белгісіне ай­налған қынжылысты көріністердің шығу себебі құндылықтардың құл­дырауы болса керек. «Еңбек түбі – зейнет», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халқы­мыз­дың дана сөздерін өскелең ұр­пақтың құлағы қазір шала бермейді, жас ұрпаққа осындай тағылым бе­ретін үлкендер саны да азайып бара жат­қандай. Бір сөзбен айтқанда, «жеңіл­дің астымен, ауырдың үсті­мен» ғана жүретін, маман­ды­ғының қыр-сыры­на үңіліп, үйренуге ты­рыспайтын, саяз ойлы, тоғышар ұр­­пақ тәрбиелеп жатқандаймыз. Құндылықтардың бүгінгі құлдырауы ертеңгі күнге қазылған ормен тең» деген еді. Жемқорлық – жегі құрт. Жем­қорлықтың мәдениет саласынан да айналып өтпеуі – құндылықтардың құлдырауын көрсетпей ме? Өнер адам­дарының көбі көпшілікке гу­манизмді насихаттайды. Әрине, көп­ке күйе жағуға болмас. Алайда «бір құмалақ бір қарын майды ші­рітетіні» анық қой. жемқорлық Жазушы Смағұл Елубай: «Мә­дениет қана емес, кез-келген адам­ның ала жіпті аттауы, алдымен өзін-өзі құлдырататын, содан кейін бала-шағасына әсер ететін, содан кейін қоғамға әсер ететін ауыр індет. Бұл індеттен сақтанудың жалғыз жолы – иманға бет бұру. Иманды адам има­нын алтыннан жоғары қояды. Қазақтың ескі ауылында үйге құлып салынбайтын. Өйткені олар мұсыл­ман адамның ала жіпті атта­май­тынын жақсы білетін» дейді. Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмінің кейіпкері: «100 теңге деген аз ақша емес, денсаулық та керек» дейтіні бар емес пе? Сол секілді көпшіліктің алдында гума­низмді насихаттап жүрген өнер ада­мының бір сәтте өзін миллион­дарға айырбастап кетуінің астарында не бар? Дүниеқоңыздық па, көр­се­қызарлық па? Мәдениеттанушы Зира Нау­рызбаева: «Жемқорлықпен ұс­та­лудың өзі қоғамдағы құнды­лық­тардың құлдырауының көрінісі емес пе? Қазіргі заманда бай адамдар керемет болып саналмай ма? Сол секілді өнер адамдары да байлыққа ұмтылып, шенеунік болғысы келіп тұрады. Кеңес заманын алайық. Мықты жазушылар шенеуніктерден де бай тұрды. Ал қазіргі заманда құр жазумен байлыққа қол жеткізе ал­майды. Сосын амалсыз қызметке ұмтылады. Өнер мен мәдениетке қатысты мәдени мекемелерде дирек­тор және көркемдік жетекші болады. Директор шаруашылық жағын, қар­жы-қаражатты бас­қа­рады. Өнер адамының директор болудағы мақ­саты да сол – яғни әкім­­герлік қыз­метті өзі пайда­ланғысы келеді. Шы­нымен өнер адамы болса, қар­жыға көз тігіп, қызметке ұмтыл­мағаны дұрыс» дейді.

Өнерге керегі – тазалық

Бүгінгі қоғамның дерті неде? Ешқайсысы озық білім, жоғары мәдениет, үлгілі еңбек тұрғысынан өзара бәсекелестікке түскісі кел­мейді. Керісінше, жылдам баюды ойлайды, той-томалақ жасап жа­рысады. «За­маның түлкі болса, тазы болып шал» дейтін нақыл сөз кезінде ащы мысқылмен айтылса да, қазір нарық заманы адамының ой-өресіне тура келетіндей. Бәрі де «тазы болып шалғысы» келіп тұрады. Жалпы, кез келген саладағы жемқорлық – қауіп­ті дерт. Ал мәдениет саласында жем­қорлыққа бару – тіптен қауіпті. Шар­мановша айтқанда, біз құн­дылықтарды құлдырату арқылы ер­теңгі күнге ор қазып жатқан­даймыз... «Өнерліге – өріс кең» деген сөз бар еді. Өнер саласында ең алдымен керегі – тазалық. Ар тазалығы мен жан тазалығына үндейтін, әлемдік әдебиеттің жауһарлары арқылы ада­ми құндылықтарды сақтауға ша­қыратын өнер ордасы қай жағынан да үлгі болуы тиіс. Өкінішке қарай, өнер шаңырағы басшы­ларының жемқорлыққа шатылғаны, Чехов тілімен айтсақ, «сахнада ілулі тұрған мылтықтың атылғаны» іспеттес.

Айым БЕКТҰР