Төртжылдықты түйіндер доданың басталуына бір ай қалды. Осы тұста Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызын әңгімеге тартып, ұлттық құраманың дайындығын сұрадық. Одан бөлек, министр спорт саласындағы негізгі мәселеге тоқталып, кем-кетікті ашып айтты.
– Тәуелсіздік жылдарында спорттағы жетістіктер ел еңсесін көтергені сөзсіз. Осы жылдар ішінде сіз үшін есте қаларлық эмоция сыйлаған доданы атасаңыз.
– Қазір Қазақстан ірі қоғамдық-саяси, мәдени, сонымен қатар халықаралық ауқымдағы спорттық іс-шараларды өткізу үшін беделді алаңға айналды. Жыл сайын еліміздің аумағында спорт түрлерінен отызға жуық аса маңызды халықаралық іс-шаралар өткізіледі. Мұның барлығы – қуантарлық жайт.
Ал тәуелсіздік жылдары өткен жарыстардың ең маңыздысы әрі есте қаларлық эмоция сыйлаған додалардың ішінде 2011 жылы Алматы мен Астана қалаларында өткен қысқы Азия ойындары мен 2017 жылы Алматы қаласында өткен қысқы Бүкіләлемдік универсиада деп ойлаймын.
Қысқы Азия ойындарына Азия құрлығының 27 елінен 1000-нан астам спортшы қатысып, спорттың 11 түрінен 69 медаль жиынтығы ойнатылды. Командалық есепте Қазақстанның құрама командасы 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальды ұтып алып, бірінші орынды иеленді. Жарыс барысында шорт-тректен, коньки спортынан Азияның 12 рекорды белгіленді. Атап айтар болсақ, 3 рекорд шорт тректен және 9 рекорд - коньки жарысынан.
Сонымен қатар Алматы қаласы 2017 жылғы қаңтар-ақпан аралығында өткен студенттер арасында 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы қабылдады. Универсиада-2017 жарыстарына Әлемнің 57 елінен 2 000-нан астам спортшы қатысты. Қазақстандық студенттік құрама команда құрамында 171 спортшы өнер көрсетті және 57 қатысушы ел арасында рекордтық 36 медаль жеңіп алып (11 алтын, 8 күміс, 17 қола), жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді.
Елімізде 7-ші қысқы Азия ойындары мен 28-ші Бүкәлемдік қысқы Универсиада сияқты ірі іс-шараларды өткізу қарсаңында әлемдік стандарттарға сай келетін ірі спорт ғимараттары («Сарыарқа» республикалық велотрек, «Алатау» шаңғы және биатлон кешені, «Алматы арена», «Халық арена» мұз айдындары, «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешені) салынды.
– Әңгіменің басын халықаралық жарыстардан бастадық. Осы тұста спортшыларымыздың допинг дауымен медалінен айырылып жатқаны бар. Көпшілік «елімізде халықаралық дәрежеде спортшы құқығын қорғай алатын заңгер жоқтың қасы» деген пікірде. Бұл қаншалықты рас?
– Иә, елімізде халықаралық деңгейдегі тәжірибесі бар спорт саласы заңгерлерінің қажеттілігі туындағаны рас. Айта кетерлігі, Мәдениет және спорт министрлігі қазақстандық допингке қарсы ұйыммен, Ұлттық олимпиадалық комитеті және барлық спорттық ұйыммен бірлесе спортта допингті қолдануды болдырмауға бағытталған жұмысты жүйелі түрде жүргізеді.
Осыған орай, министрлік допингке қарсы қағидаларды бұзғаны үшін тұлғалардың жауапкершілігін күшейту мақсатында заңнамаға тиісті толықтырулар енгізіп, Қазақстанның допингке қарсы қағидаларын қабылдады. Министрлік қазақстандық допингке қарсы ұйыммен бірлесе спортта допингті қолдануды болдырмауға бағытталған жұмысты жүйелі түрде жүргізеді.
Дегенмен, өкінішке қарай, отандық спортшылар арасында допингке қарсы қағидаларды бұзу фактілері анықталған жағдайда спортшылардың қол жеткізген жетістіктерінен айырылған жайттар тіркелген болатын. Осындай жағдайда спорт түрінен қазақстандық, республикалық федерация тарапынан спортшының құқығын қорғау мақсатында шетелдік халықаралық дәрежедегі заңгерлер жалдап, жан-жақты қолдау көрсетеді.
– Мәдениет және спорт министрі атанған шақта жоғарыдағыдай даулы мәселелер кездесті ме? Халықаралық додаларды былай қойғанда, ел ішіндегі мәселелерді қалай шешесіз?
– Елімізде Ұлттық допингке қарсы орталық жұмыс істейді. Ол – спортта допингті болғызбау және онымен күресу, допинг-бақылауды ұйымдастыру мақсатында құрылған мемлекеттік кәсіпорын. Допингке қарсы орталық жоспарлы жұмыс жүргізеді. Атап айтқанда, бүкіл республика бойынша дәрістер, әңгімелер, семинарлар өткізіледі. 2018 жылдан бастап онлайн платформа жұмыс істейді. Допингке қарсы онлайн курстар өткізіледі. Спорт түрлері бойынша республикалық федерацияларда допингке қарсы күрес жөніндегі үйлестірушілер жұмысын атқарады.
Сондай-ақ «Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңының 44-бабына және Дүниежүзілік допингке қарсы кодекске сәйкес спортшылар, жаттықтырушылар арасында допингке қарсы білім беру бағдарламалары өткізіледі.
Жоғарыдағы мәселе бойынша, 2019 жылы 24 маусымда Инсбрук қаласында (Швейцария) «Спорттық арбитраждық сотта» (CAS) федерацияның өкілдері мен жалдамалы швейцариялық адвокат 9 спортшының атынан мүдделерін қорғап, ақтап шықты. «Спорттық арбитраждық соттың» (CAS) шешіміне орай, «Халықаралық биатлонистер одағы» (IBU) 2019 жылы 11 қыркүйекте уақытша шеттетілген 9 спортшыдан барлық айыптарды алып тастады. Өзім министр болған уақыттан бері елімізде нақты допинг дауымен ұлттық құрама спортшыларының сынамаларына қатысты дау шыққан жоқ.
– Елдің атын шығарар спортшыны бала кезден тәрбиелеу керек. Сол үшін қандай жағдай жасалып жатыр? Ірілі-ұсақты қалаларды былай қойғанда, мегаполистерде тұрғын үй алдындағы алаңқайлардың жайы мәз емес.
– Иә, бұл – негізгі мәселелердің бірі. Дегенмен еліміздің спорт резервін тәрбиелеу үшін ерекше орын балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне беріледі. Бұл - жоғары дәрежелі спортшыларды дайындау жүйесінде алғашқы баспалдақ. Олардың мақсаты – бұқаралық спортты дамыту.
Республикада 2020 жылдың қорытындысы бойынша, 477 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 367 727 бала және жасөспірім шұғылданады. БЖСМ-де халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері – 330 спортшы, спорт шебері – 2 126 спортшы, спорт шеберіне кандидат 17 357 спортшы, 1-разрядты санатта 11 139 спортшы құрайды. Сонымен қатар 188 908 мың бала мен жасөспірімдерді қамтитын 602 - балалар-жасөспірімдер клубы, 119 - балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубы жұмыс істейді.
– Одан кейін аудан мен ауыл-аймақтағы спорт секциялары жайында не айтасыз? Әлі күнге ауыл балалары футбол, волейбол, шахматтан басқа үйірмені көрмеген.
– Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында балалардың спорттық, шығармашылық әлеуетінің дамуына ерекше назар аудару қажетін атап өтті. Осы тапсырманы орындау үшін кешенді стратегиялық шара қабылданды.
2020 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданып, оны іске асыру аясында алғаш рет балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыс тетігі енгізілді. 8 тиісті нормативтік-құқықтық актілер әзірленіп, қабылданды: жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі мен қағидалары, мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты орналастыру қағидалары және шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларының рейтингін айқындау қағидалары.
Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырысты іске асыру 2021 жылғы 1 мамырдан бастап іске қосылды. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етілді.
Мемлекеттік тапсырысты енгізу 4-17 жас аралығындағы 82 241 бала мен жасөспірімге тегін негізде спортпен және шығармашылықпен айналысуға қосымша қатысуды қамтамасыз етеді, оның ішінде үйірмелермен – 30 172 адам, секциялармен – 52 069 адам.
Жоғарыда көрсетілген шараны іске асыру шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларында шұғылданатындардың санын арттыру үшін қолайлы жағдай жасайды. Сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды және қосымша жұмыс орындарын дамыту бөлігінде бизнес қоғамдастық пен бейінді ұйымдарды жандандырады. Балалар үйірмелері мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыруды іске қосу процесін автоматтандыру мақсатында Artsport.edu.kz ақпараттық жүйесі әзірленді. Қазір өңірлерде мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс қызметтерін жеткізушілер анықталып, ата-аналарға балалардың секциялар мен үйірмелерге баруы үшін ваучерлер беріледі. Осылайша, бір бала үшін кезектегі баланың заңды өкілінен тек екі өтініш беруге мүмкіндік бар.
– Пандемия деп біраз жарыстың кейінге қалғанын білеміз. Алда жанкүйерлерді қуантарлық додалар күтіп тұр ма?
– 2021 жыл барысында ел аумағында отыздан аса халықаралық спорттық жарыстар өткізілетін болады. Оның ішінде Елбасы Н.Назарбаевтың жүлдесіне қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі (4 шілде, Нұр-Сұлтан қаласы), тректегі велосипед спортынан Азия чемпионаты (қыркүйек-қазан, Нұр-Сұлтан қаласы), трамплиннен шаңғымен секіруден «Гран-При» FIS әлем кубогінің жазғы кезеңі (қыркүйек, Щучье қаласы), пауэрлифтингтен Әлем чемпионаты (қазан, Алматы қаласы), мәнерлеп сырғанаудан Denis Ten Memorial ISU халықаралық турнирі (28-31 қазан, Алматы қаласы) бар.
– Жақын күндері Токио Олимпиадасының жалауы желбірейді. Ұлттық құрама сақадай-сай ма? Спорт министрі ретінде Олимпиадаға бару жоспарыңызда бар ма?
– Өткен 2020 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясы туралы жариялаған сәттен бастап Мәдениет және спорт министрлігі спортшылар мен жаттықтырушылардың денсаулығын сақтау үшін инфекцияның пайда болуы мен таралуын болдырмайтын шараларды анықтады. Аталған шаралар аясында спорттық іс-шаралардың өткізілуі және спортшылардың жаттығу процесі уақытша тоқтатылды.
Әрине, бұл биыл Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына ұлттық құраманың сапалы даярлануына кері әсерін тигізді. Дегенмен қазір ел құрамасының 84 мүшесі Олимпиада ойындарына 27 спорт түрінен 76 жолдамаға ие болды. Лицензиялық кезең биылғы 1 шілдеде аяқталып, жалпы отандық құрама саны белгілі болады.
Төртжылдықтың аса маңызды спорттық іс-шарасында өнер көрсететін ұлттық құрама командалары спортшыларына қолдау көрсету мақсатында Олимпиада ойындарына бару жоспарда бар. Аталмыш дода ұлттық құраманың әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік артады. Сондықтан Қазақстан халқының намысын қолдан бермей, туымызды тек биікте желбіретуге бар күш-жігерлеріңізді салып, нағыз спортшыға тән қайсарлық пен шеберлік танытуларыңызды тілеймін. Барлық қазақстандықты отандық спортшыларымызға қолдау көрсетіп, жанкүйер болуын сұраймын.
Сұхбаттасқан
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ.