Ел Парламенті Үкімет пен Есеп комитетінің есептерін бекітті. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында 2020 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің есептері тыңдалды.
Бірлескен отырыста Премьер-Министр Асқар Мамин Үкіметтің 2020 жылғы жұмысы және экономиканы одан әрі дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді. Биылғы 5 ай қорытындысында Қазақстанның ЖІӨ-сі 1,6%-ға өсті. Яғни, рецессия еңсеріліп жатыр. Экономиканың барлық саласында өсім бар. Негізгі драйверлер өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, химия өнеркәсібі, фармацевтика және жеңіл өнеркәсіп болды. Құрылыс секторында және тұрғын үйді пайдалануға беруде жоғары өсу қарқыны сақталды.
Премьер Үкіметтің алдына 2021 жылы экономика өсімін 3,5-4% деңгейіне жеткізу, сондай-ақ жұмыспен қамту шараларымен 1,2 миллион адамды қамту міндеті қойылғанын атап өтті. Бұл халықтың нақты табысын 5%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы сомасы 8 трлн. теңге болатын 415 инвестициялық жобаны іске асыру мақсат етілген. Биыл 17 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, 200 мектеп салу және 30 медициналық мекеме ашу, 6 мың шақырым автожолды жөндеу және салу жоспарланды.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бюджет түсімдері былтыр 12 трлн. 49 млрд. теңгені құрады: жоспар 100,3 пайызға асыра орындалды. Шығыстар 98,3 пайызға игерілді және 14 трлн. 234 млрд. теңгеге жетті. Демек, Қазақстан тапқанынан артық жұмсап жатыр.
Есеп комитетінің төрайымы Н.Годунованың мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған шаралар арқасында Үкімет ел экономикасының елеулі құлдырауының алдын алды және сыртқы күйзелістердің салдарын азайтты. Алайда экономиканың сол бойы мұнай-газға тәуелді болуы төлем балансы ахуалының нашарлауы және ұлттық валютаның құнсыздануы қаупін туындатады екен.
– 2020 жылы бөлініп, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы 570 миллиард теңгені құрады! Бұл ақша пандемияның салдарын жеңілдетуге жұмыс істемеді. Сондықтан мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдаланғаны үшін лауазымды адамдардың жауаптылығын күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыру өте маңызды! – деді Есеп комитетінің басшысы.
Шенеуніктер олқылықты жою орнына өзін-өзі ақтауға бас қатырып жүр:
– Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсартуда резервтер бар. Салықтық тексерулердің нәтижелілігін арттыруға, кедендік статистикадағы алшақтықтарды кемітуге қатысты сапалы өзгеріс байқап отырған жоқпыз. Артық төлем мәселелері де шешілмеген. Бұл ретте Қаржы министрлігі аудитке де, Мәжіліс пен Сенат депутаттарына да мән-жайды түсіндіре алмады. Оның орнына өзін баспасөзде ақтап шығуға күш салуда. Шамасы, мәселенің күрделілігіне сеніп, оқырмандар кәсіби деңгейде толық түсінбейтінінен үміттенген шығар. Бірақ анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жасыра алмайсың. Заңға сәйкес, олардың барлығы аудиторлық дәлелдермен расталған, – деді Н.Годунова. Ол осы сын-ескертпелер келесі жолы ескеріледі деген үмітте.
Елдос СЕНБАЙ.