Аршалының жұрты неге наразы?
Аршалының жұрты неге наразы?
177
оқылды

Елордадан таяқтастам қашықтағы Аршалы кентінде халықтың қанын қарайтып, жанын жаралайтын күрделі мәселелер азаймай тұр. Әсіресе,  елді аудан орталығы маңындағы қиыршық тас өндіретін зауыттардың тым көбейіп кеткені алаңдатады. Тұрғындардың айтуынша,  олардың  саны онға жеткен. Ал қиыршық тас шығаратын карьер  саны 40-қа жетіпті. «Зауыттар ауаны ластап, шаңды бораннан көз ашпаймыз! Онкология­лық аурулар дендеп кетті» деген жұрт желді күндері қою шаңнан көз ашпайтындарын айтады. Топыраққа тұншы­ғып, аурулары меңдеген ауылдағы ағайын аудан және облыс әкімдігіне бірнеше рет  шағымданған. Ал Ар­шалы­ның іргесіндегі табиғаты сұлу «Басанкино балка» деп атап кеткен «Қоңыр адырда» зауыт салынбақ болғанын жұрттың көпшілігі жақында  естіпті. 

Онкологиялық аурулар еселеп артқан...

Тұрғындардың айтуынша, ондаған зауыттан шығып қалған ұсақ құммен ауылдың ішіндегі жолдар тегістелген. Бірақ желді күні шаңды боранмен қоса көліктер­ден қара шаң аспанға көтеріліп, елдегі ауру-сырқаудың санын еселеп көбейткен. Аршалы ауданы қоғамдық кеңесінің мәлі­ме­тін­ше, 2012 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта онкологиялық аурулар саны 100 мың адамға шаққанда 147,8 адамнан 236,3 адамға дейін өскен. Ал компания зауыт са­лып, карьер салу үшін облыстық басқар­мадан лицензия  мен тиісті рұқсат алып алған.

Басқа жер құрып қалды ма?

«Біздің жан-жағымызды  түгел қиыр­шық тас өндіретін зауыт  қоршап тұр. Эко­логиялық ахуал  нашар. Шаңды топырақтан тыныс алу мүмкін емес. Жаңбыр жауса ғана аздап демалып қалатын күйге жеттік. Ал  зауыттар­дың экологиялық ахуалға түкіргені бар. Заңға сәйкес жолдарды жуып, суарып отыруға тиісті болса да мұндай жұмыстар мүлде жүргізілмейді. Демікпе, аллергия және онкологиялық аурулар дендеп кетті. Енді маңайымыздағы жалғыз оазисіміз –  «Басанкино балкаға» да көздері түсіпті.  Жұрттың бәрі осы жерге  барып демалады. Жанында палеолит дәуіріне жататын «Жыланбас» дейтін тас та бар. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Зауыт саламыз деген «ДорСтройТрест» компаниясын, облыстық қос бірдей басқарманы сотқа бердік», –  дейді Аршалы аудандық қоғамдық кеңес төрағасы­ның орынбасары Елена Вино­градова.
Қоғамдық кеңес өкілінің сөзін аудан­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы да құп­тады.

«Бұл мәселе бізде сонау  15 жылдан бері бар. Қою шаңнан ауылдың арғы беті мүлде көрінбей қалады. Басқа жер құрып қалды ма? Меніңше,  бұл жерде нағыз сыбайлас жем­­қорлық болып тұрған сияқты. Халық көтеріліп, елдегі белсенділер осы мәселенің соңында жүр. Облыстық  басқармалар әдейі істеген секілді. 2019 жылы қоғамдық тыңдаудың өтетінін Көкшетаудағы қалалық «Бұқпа» газетіне беріпті. Оны ешкім көрмеген. Тіпті, қатысқан адамдардың қол­дарын да жалған қойып жіберіпті. Олардың арасында кезінде осы ауданда лауазымды қызмет атқарған Сәуле Жайыл­ған­ова да бар. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, прокуратураға арыз жаз­ған. Ауылда ауруға шалдыққандар көп. Менің өзім де бронхит­пен ауырып жатыр­мын», – дейді Аршалы ау­дан­дық ардагерлер кеңесінің төрағасы Владимир Беджиев. 

Ал аудан әкімдігі қоғамдық тыңдау өт­кізіліп, облыстық басқармалардан рұқсат пен контракт берілгенімен, жерді беруге  бас тартылғанын атап өтті. 

«Қазір сот процесі өтіп жатыр. Өткен жылдары хаттаманы қолдан жасаған.  Біздің әкімдік  те жерді беруден бас тарттық. Қоғамдық тыңдау өткізілмеген. «Басанкино балканың» дәл қасындағы жердің  берілуіне біз де қарсылық білдірдік. Мұнда табиғаттан бөлек, мәдени және тарихи құнды орындар бар. Оны Мәдениет басқармасына тізімге енгізуіне өтінім бер­дік. Олар Мәдениет министрлігіне жолдай­ды», – дейді Аршалы ауданы әкімінің орынбасары Әсет Балташев.

Тұрғындар облыстың қос бірдей басқармасын сотқа берген

Бұдан кейін компанияға осы  жерден зауыт салуға рұқсат  берген облыстық бас­қармалардан мән-жайды білмек болдық. Бірақ тиісті басқармалардың бірінің бас­шысы «оған біздің қатысымыз жоқ» деп ат-тонын ала қашты.

«Біз орман, жан-жануарлар және табиғат мәселесіне жауап береміз. Ал, өндіріс орны салынатын жерге біз жауап бермейміз. Бұл мәселе бойынша облыстық  Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына хабар­ласы­ңыз»,–  деді Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайда­лануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров. 

Ал облыстық  Кәсіпкерлік және өнер­кәсіп­тік басқармасы,  керісінше, «ДорСтройТрест» компаниясына «Вячес­лав­ское» кен орнында құрылыс тастарын алуға  құқық берілгенін,  барлығы заң жүзінде өткізілгенін атап өтті.

«2019 жылғы 22 ақпанда Аршалы кенті тұрғындарының қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізілді. Өтілетіні туралы «Бұқпа» газетінде және жергілікті әкімдіктің сай­тын­да хабарландыру берілген. 2019 жылғы 10 сәуірде Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Вячеславское» кен орнының мемлекеттік экологиялық сарап­тама­сының оң қорытындысы алынған. Ал Ақмола облысының Мәдениет басқарма­сының тарихи-мәдени мұраны қолдану және қорғау орталығының актісіне сәйкес, бұл кен орнында тарихи-мәдени ескерткіш­тер  жоқ екен. Өткен жылғы  қараша айын­да  Аршалы кентінің «Басанкино балка» карьеріне қатысты шағымына Азаматтық ко­декске сәйкес сот тәртібінде қаралуы тиіс деп санаймын. Қазір  мүдделі органдардың әрекетін заңсыз деп тану туралы сот оты­рысы өтіп жатыр», – дейді Ақмола облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма­сының басшысы Ербол Оспанов. 

P.S. Сонымен, әзірге аршалылық тұрғын­дарды алаңдатқан мәселенің түйіні тарқа­тыл­май тұр. Ауылдың белсенді өкілдері табиғаты көркем жерде зауыт пен карьердің салынуына түбегейлі қарсы. Олар соңына дейін күресуге бел буған. Сот процесінде «шын­дық бұрмаланып, беті бүркемеленіп қала ма?»  деген күдік  басым. Мәселе қалай шешіледі? Бұл алдағы күннің еншісіне тимек...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы