Елордадан таяқтастам қашықтағы Аршалы кентінде халықтың қанын қарайтып, жанын жаралайтын күрделі мәселелер азаймай тұр. Әсіресе, елді аудан орталығы маңындағы қиыршық тас өндіретін зауыттардың тым көбейіп кеткені алаңдатады. Тұрғындардың айтуынша, олардың саны онға жеткен. Ал қиыршық тас шығаратын карьер саны 40-қа жетіпті. «Зауыттар ауаны ластап, шаңды бораннан көз ашпаймыз! Онкологиялық аурулар дендеп кетті» деген жұрт желді күндері қою шаңнан көз ашпайтындарын айтады. Топыраққа тұншығып, аурулары меңдеген ауылдағы ағайын аудан және облыс әкімдігіне бірнеше рет шағымданған. Ал Аршалының іргесіндегі табиғаты сұлу «Басанкино балка» деп атап кеткен «Қоңыр адырда» зауыт салынбақ болғанын жұрттың көпшілігі жақында естіпті.
Онкологиялық аурулар еселеп артқан...
Тұрғындардың айтуынша, ондаған зауыттан шығып қалған ұсақ құммен ауылдың ішіндегі жолдар тегістелген. Бірақ желді күні шаңды боранмен қоса көліктерден қара шаң аспанға көтеріліп, елдегі ауру-сырқаудың санын еселеп көбейткен. Аршалы ауданы қоғамдық кеңесінің мәліметінше, 2012 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта онкологиялық аурулар саны 100 мың адамға шаққанда 147,8 адамнан 236,3 адамға дейін өскен. Ал компания зауыт салып, карьер салу үшін облыстық басқармадан лицензия мен тиісті рұқсат алып алған.
Басқа жер құрып қалды ма?
«Біздің жан-жағымызды түгел қиыршық тас өндіретін зауыт қоршап тұр. Экологиялық ахуал нашар. Шаңды топырақтан тыныс алу мүмкін емес. Жаңбыр жауса ғана аздап демалып қалатын күйге жеттік. Ал зауыттардың экологиялық ахуалға түкіргені бар. Заңға сәйкес жолдарды жуып, суарып отыруға тиісті болса да мұндай жұмыстар мүлде жүргізілмейді. Демікпе, аллергия және онкологиялық аурулар дендеп кетті. Енді маңайымыздағы жалғыз оазисіміз – «Басанкино балкаға» да көздері түсіпті. Жұрттың бәрі осы жерге барып демалады. Жанында палеолит дәуіріне жататын «Жыланбас» дейтін тас та бар. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Зауыт саламыз деген «ДорСтройТрест» компаниясын, облыстық қос бірдей басқарманы сотқа бердік», – дейді Аршалы аудандық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Елена Виноградова.
Қоғамдық кеңес өкілінің сөзін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы да құптады.
«Бұл мәселе бізде сонау 15 жылдан бері бар. Қою шаңнан ауылдың арғы беті мүлде көрінбей қалады. Басқа жер құрып қалды ма? Меніңше, бұл жерде нағыз сыбайлас жемқорлық болып тұрған сияқты. Халық көтеріліп, елдегі белсенділер осы мәселенің соңында жүр. Облыстық басқармалар әдейі істеген секілді. 2019 жылы қоғамдық тыңдаудың өтетінін Көкшетаудағы қалалық «Бұқпа» газетіне беріпті. Оны ешкім көрмеген. Тіпті, қатысқан адамдардың қолдарын да жалған қойып жіберіпті. Олардың арасында кезінде осы ауданда лауазымды қызмет атқарған Сәуле Жайылғанова да бар. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, прокуратураға арыз жазған. Ауылда ауруға шалдыққандар көп. Менің өзім де бронхитпен ауырып жатырмын», – дейді Аршалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Владимир Беджиев.
Ал аудан әкімдігі қоғамдық тыңдау өткізіліп, облыстық басқармалардан рұқсат пен контракт берілгенімен, жерді беруге бас тартылғанын атап өтті.
«Қазір сот процесі өтіп жатыр. Өткен жылдары хаттаманы қолдан жасаған. Біздің әкімдік те жерді беруден бас тарттық. Қоғамдық тыңдау өткізілмеген. «Басанкино балканың» дәл қасындағы жердің берілуіне біз де қарсылық білдірдік. Мұнда табиғаттан бөлек, мәдени және тарихи құнды орындар бар. Оны Мәдениет басқармасына тізімге енгізуіне өтінім бердік. Олар Мәдениет министрлігіне жолдайды», – дейді Аршалы ауданы әкімінің орынбасары Әсет Балташев.
Тұрғындар облыстың қос бірдей басқармасын сотқа берген
Бұдан кейін компанияға осы жерден зауыт салуға рұқсат берген облыстық басқармалардан мән-жайды білмек болдық. Бірақ тиісті басқармалардың бірінің басшысы «оған біздің қатысымыз жоқ» деп ат-тонын ала қашты.
«Біз орман, жан-жануарлар және табиғат мәселесіне жауап береміз. Ал, өндіріс орны салынатын жерге біз жауап бермейміз. Бұл мәселе бойынша облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына хабарласыңыз»,– деді Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров.
Ал облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіптік басқармасы, керісінше, «ДорСтройТрест» компаниясына «Вячеславское» кен орнында құрылыс тастарын алуға құқық берілгенін, барлығы заң жүзінде өткізілгенін атап өтті.
«2019 жылғы 22 ақпанда Аршалы кенті тұрғындарының қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізілді. Өтілетіні туралы «Бұқпа» газетінде және жергілікті әкімдіктің сайтында хабарландыру берілген. 2019 жылғы 10 сәуірде Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының «Вячеславское» кен орнының мемлекеттік экологиялық сараптамасының оң қорытындысы алынған. Ал Ақмола облысының Мәдениет басқармасының тарихи-мәдени мұраны қолдану және қорғау орталығының актісіне сәйкес, бұл кен орнында тарихи-мәдени ескерткіштер жоқ екен. Өткен жылғы қараша айында Аршалы кентінің «Басанкино балка» карьеріне қатысты шағымына Азаматтық кодекске сәйкес сот тәртібінде қаралуы тиіс деп санаймын. Қазір мүдделі органдардың әрекетін заңсыз деп тану туралы сот отырысы өтіп жатыр», – дейді Ақмола облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов.
P.S. Сонымен, әзірге аршалылық тұрғындарды алаңдатқан мәселенің түйіні тарқатылмай тұр. Ауылдың белсенді өкілдері табиғаты көркем жерде зауыт пен карьердің салынуына түбегейлі қарсы. Олар соңына дейін күресуге бел буған. Сот процесінде «шындық бұрмаланып, беті бүркемеленіп қала ма?» деген күдік басым. Мәселе қалай шешіледі? Бұл алдағы күннің еншісіне тимек...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы