Қоқыс өртеу тазалықтың жалғыз жолы ма?
Қоқыс өртеу тазалықтың жалғыз жолы ма?

Елімізде қоқыс өңдеу, сұрыптау ісі – біршама кенжелеп қалған сала. Соның әсерінен экологиялық проблемаларды одан әрі көбейтіп алдық. Былтыр күзде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 6 өңірде қоқыс өртеуге арналған зауыт салынатынын жария етті. Дегенмен бұл әрекетке қарсы­лық танытқандардың қарасы көп болды. Арасында экологтер бар. Зауыт құрылысына қарсылардың пікірі де орынсыз дей алмаймыз. Себебі қоқыс өртейтін орыннан шыққан түтін ауаны ластауы мүмкін екен. Яғни, қоқыс өртеудің нәтижесі тиімді болмайтын сыңайлы. Ал оны өңдеуге неге құлықсыз болдық.

Жауыр еткен мәселе жөнін таппай тұр 

Жалпы, кеңестік кезеңнен бастап ел аумағындағы қоқыс алаңдарында тұрмыстық қалдықтар көптеп жинала бастаған. Мұндай зиянды қалдықтарды жерге көму әдісі жүргізілгенімен, ол да тиімсіз болып шыққандай. Ақыры 2019 жылы Қазақстанда пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз жерге көмуге тыйым салынды. Сол жылы ресми дерек бойынша, елімізде қоқыс өңдеу ісі 3 пайызға артқан екен. Алайда республика аумағындағы 20-дан астам қоқыс полигоны 125 млн тонна коммуналдық қалдыққа толып қалған. Оған көбі бейхабар заңсыз қоқыс алаңдарын қосыңыз. «Қалдық жетерлік, дегенмен қоқысты қайта өңдеу кәсіпорындарының ісі неге тұралап тұр?» дерсіз. 2020 жылғы мәліметке сенсек, ел аумағында қоқысты сұрыптап, қайта өңдейтін 210 кәсіпорын бар. Санына қарап, «мұнша кәсіпорын неге қауқарсыз?» деуіңіз мүмкін. Бірақ зауыттардың өндірісі тіптен тұралап қалған. Қоқыс мөлшері де, соған сай кәсіпорын саны да арта береді. Алайда нәтиже жоқ. Себебі қоқысты шикізат ретінде шетелге өткізу тиімді болып тұр.

Үкімет 2030 жылға дейін тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізуді көздеген екен. Бұл көрсеткіш әзірге 13 пайыз шамасында. Егер осы қарқынды күшейтпесе, меженің орындалмасы сөзсіз. Дамыған Швецияда қоқыс өңдеу көрсеткіші 99 пайызға жеткен. Электр қуатын алу бір төбе, аталған ел қоқысты табыс көзіне айналдырып, өзге мемлекеттерден шикізат тасымалдайды. Шикізат көзі жетіп артылатын Қазақстандағы кәсіпорындарға не кедергі? Негізі, билік бұл тұста шарасыздық танытты дей алмаймыз. Тек жоспардың орындалмай отырғаны қынжылтады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы мәлімдеген «жасыл» экономикаға көшу концепциясындағы басты тармақтардың бірі «қатты тұрмыстық қалдықтарды игеру» болғаны бекер емес.

2016 жылы Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Сергей Громов Қазақстанда егер өңдеген жағдайда 60 миллиард теңге көлемінде пайда табуға болатын қалдықтардың полигонға көмілетінін айтқан болатын. Яғни, қаржы көзін жерге көміппіз. Энергетика министрлігінің 2018 жылғы дерегінде 3,5 мыңнан астам полигонның елордадағыдан басқасы санитарлық-экологиялық норма­ларға сай келмеген. Қоқыс орындарының көбі құжатпен заңдастырылмаған. Енді не көмусіз, не сұрыптаусыз қалған қоқысты Экология министрлігі өртеп жоймақшы. Жаңағы айтқан 6 зауыт Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз, Атырау және Ақтөбе қаласында салынады деп жоспарланып отыр. Алдағы уақытта саны көбеюі де мүмкін. Ал одан пайда не зиян бар ма?

Өртеу ме, өңдеу ме? 

Экология министрі Мағзұм Мырза­ғалиев қоқыс өртеу зауыттарын салуды қалдықтарды өңдеу деңгейін арттыру үшін заңнама тұрғысынан енгізілген Waste to energy технологиясына балап отыр. Бұл технология бойынша қоқысты өртеу арқылы электр энергиясы өндірілуі тиіс. Содан кейін энергия жалпы электр желісіне сатылады. Осындай технология­ның арқасында Қазақстан 2025 жылға қарай қоқысты қайта өңдеу деңгейін 30 пайызға жеткізіп, еуропалық деңгейге ілесеміз деп отыр. Әлемде осындай WTE нысанының 2 мыңнан астамы бар екен. ТМД елдері бойынша мұндай зауыт тек Әзербайжанда ғана салынған. Ведомство мәліметіне сенсек, Қазақстанда жылына 5 миллион тонна қатты қалдық шығып, соның бар болғаны 15 пайызы ғана өңделеді екен. Дегенмен экологтер бұл әдіспен электр энергиясын өндіру мүлде тиімсіз амал екенін айтады. Жақында осы үшін елдегі экологтер мен экобелсенділер жиналып, қоқыс өртейтін зауыттардың салынуына қарсы петицияға қол қоя бастады. Петиция мәтініне көз жүгіртсек, мамандар зауыттардың бірнеше зиянды тұстарын атаған.

Олардың сөзіне сенсек, қоқысты өртейтін зауыттың кәдімгі Жылу электр стансасынан айтарлықтай айырмасы жоқ. Мұнда тек көмір мен газдың орнына қарапайым тұрмыс қалдығын қолданады. Белсенділер мұндай зауытта сатылы тазалау жүйесі қарастырылғанын және айналаға тек таза түтін шығаратынына сенбейтін тәрізді. Экологтер «Теория тұрғысынан қауіпсіз» жоба іс жүзінде ауаны диоксин, фуран және тағы басқа ауыр металдармен ластайды» дейді. Мәселен, эколог Сергей Цойдың айтуынша, зауыт салу тек министрліктің қаржыны игеру амалы екенін айтады. 

– Жоба қоғам тарапынан үлкен қарсылыққа ұшырап отыр. 30 жылда қоқыстарға қатысты жағдай ретке келмеді. Қоқыс көлемі әбден артқанда, бәрін жинап өртей салмақ. Оны жаңғырмалы және «жасыл технология» деп әспеттейді. Жоба қолға алынса, шетелдік инвестор­лардың бюджет қаржысын алуына жол ашылады. Сондықтан жоба қоғам пікірін ескермей іске аспақ, – дейді маман.
Бұл тұста белсенділер нақты дәлел-дәйектерін де алға тартып отыр. Мысалы, өркениетті адамзат барлық материал қайта өңделіп, пайдаланылатын тұйық циклды экономикаға бет бұрып отыр. Қағида бойынша ресурстарды өндіру минимумға дейін қысқарып, барлық материал тұйық циклде қайта өңделеді. Ал қоқысты өртеу осы қағиданы бұзумен тең екен. Одан бөлек, жел, күн, өзендер мен толқын секілді жаңаратын энергия көзі туралы жиі айтылады. Бірақ қоқыс – жаңармайтын энергия көзі. Себебі оның жанғыш бөлігі, яғни қоқыстың негізгі фракциясы мұнай, газ және ағаштан жасалған. Сол қоқысты өртеу арқылы энергия қуатын алу пешті мұнаймен жаққанмен бірдей болмақ. Бұдан бөлек, энергияны көп қажет ететін фракциялар – қағаз бен пластик. Бұлар жақсы жанады әрі электр қуатын өндіру үшін қоқысты өртеуді тиімді етеді. Бірақ бұл екеуін алдын ала іріктеп алып, қайта өңдеуге жіберуге болады екен.
Айтпақшы, қоқыс өртеу зауыттарын салу өте қымбат. Құрылысқа 180 миллиард теңге қажет. Ал мұндай қаражатқа сұрыптау жүйесі бар, қоқыс өңдейтін ультразаманауи зауыттар салуға да болады. Ол аз десеңіз, қоқысты өртеу полигондардан құтқар­майтын секілді. Экологтер қоқысты өрте­ген­де улы шлак бөлініп, қаупі бойынша үшінші кластық күл пайда болатынын айтады. Ал сол күлді жинау үшін жаңа полигон немесе қауіпті қалдыққа арналған қоймалар керек болады. Ол болмаса адам ағзасына зиян келтіретіні күмәнсіз.
Қорыта айтқанда, біз екі тараптың біріне жақ емеспіз. Дегенмен министрлік экобелсенділер пікірін ескергені жөн болар еді.

Зауыт инвестициясы мен оның қызмет етуіне кететін қаржыны кейін өтеу керек болады. Сосын зауытты шамамен 10 жыл уақыт бұрын алдын ала қоқыспен қамтамасыз ету қажет. Соның салдарынан электр қуатын жеткізушілер тарифтерді көтеруге мәжбүр болады. Айналып келгенде, халықтың қалтасына, елдің экономикасына айтарлықтай кері әсер етпек. Ал Еуропа елдері мұндай санаттағы зауыттарды әлдеқашан жойып бастаған екен. Яғни, дамыған елдер қоқысты өртеп емес, өңдеп пайдаға жаратады. 

Мадияр ТӨЛЕУ