Мал азығы молынан дайындалуда
Мал азығы  молынан дайындалуда
265
оқылды

Еліміздің бірнеше өңірін қуаңшылық жайлап, тұрғындар төрт түлігіне жаз айының өзінде жем­шөп тауып бере алмай қи­на­лып жүр. Қыстың қыты­мырлығы мен қардың аз түсуі, өзендердің тоспа­ларға толып кетуі ағын судың азаюына әсер еткені негізгі себеп ретінде айтылғанымен, өткен жылы мал азығын қамдау­да қапы кеткен тұстардың барлығы да анық. Осы орай­да Алматы облысы биыл қысқа мал азығын әзірлеуге тыңғылықты дайын­дықпен келіп, ал­ғашқы орақтан соң алдағы мүмкіндіктерді де бір саралап алғанын айта кеткен жөн.

Биыл  мал азығына арналған дақылдар өсірілетін  алқаптардың көлемі өткен жылмен салыстыр­ғанда 7,1 мың гектарға артып, 257,9 мың гектарға жетіпті. Алдағы қыста төрт түлік тілін тістеп қалмауы үшін 3,5 млн тонна шөп, 1,3 млн тонна пішендеме, 684 мың тонна жемдік астық  дайындау жоспарланыпты. Қазір  көп­жыл­дық дақылдардың алғашқы шабуы, яғни бірінші орақ  аяқталып, 418,1 мың тонна шөп, соның ішінде 285,2 мың тонна жоңышқа дайын­далыпты. Соңғы күндері жауын-шашын да жиілеп, келесі шабыстың да табысты боларына сенім арта түскен. Сонымен бірге күздіктің шы­ғы­мы да жаман емес. Астықты төкпей-шашпай жинап алуға әзірлік те ойдағыдай көрінеді.

Алматы облыстық Ауыл шаруа­шылығы басқармасының мәлі­метінше, қазір 771 мың тонна сыйым­дылықтағы 265 қамба астық қабыл­дауға дайын тұр, соның ішіндегі екеуі арнайы лицен­зия­сы бар,  58,6 мың тонна астық қабыл­дайтын мамандандырылған кәсіпорын.  

Күздік дақылдардың көлемі өткен жылға қарағанда 2,5 мың гектарға ұлғайтылып, 105,9 мың гектарға жет­кен. Ерте пісетін дақылды  ору  науқаны 10 шілдеде басталады деп болжанып отыр. Күздікті қоса алғанда, өңірдегі  дәнді дақыл­дарды жинауға 1 468 комбайн, 180 механикалық қырман, 263 астық тиегіш, 203 дәнатқы, 164 астық тазалағыш машина, 256 авто­таразы дайын. Орақ жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы атқару мақсатында  Ауыл шаруашылығы министр­лігіне 13,8 мың тонна дизель отынын бөлу туралы өтінім жасалыпты.
Болат Абаған, 
Алматы облысы