Әлемдегі ірі ұн экспорттаушы елдердің бірі болып саналатын Қазақстанның кейінгі кездері үздіктер қатарынан шығып қалу қаупі үлкен. Олай деуімізге сыртқы нарыққа тасымалданатын ұн көлемінің жылдан-жылға азайып бара жатқаны себеп болып отыр.
Кейінгі жылдардың есебіне үңілсек, оған тек коронавирус індеті кері әсер етті десек, қатты қателесеміз. Мәселен, республика 2018 жылы қаңтар айында – 270,3 мың тонна, 2019 жылдың сәйкесінше мерзімінде – 164,3 мың тонна, 2020 жылы 90,9 мың тонна ұн экспорттаса, 2021 жылдың қаңтарында ол соңғы 10 жылдағы ең төменгі көрсеткіш 68,4 мың тоннаға дейін құлдыраған.
Отандық өнеркәсіп неге тоқырады?
Әдетте, қазақстандық ұн Қытайға, Өзбекстанға, Ауғанстанға, Тәжікстанға, Қырғыз Республикасына, Түрікменстанға және басқа да елдерге экспортталады. Бірақ кейінгі жылдары аталған елдер бізден дайын өнімді емес, бидай сатып алып, одан өздері ұн өндіруге көшкен. Мәселен, қазақстандық ұнды ірі тұтынушының бірі – Өзбекстан соңғы жылдары көптеген диірмен орнатып, өздері тартатын болған. Сол себепті ала шапанды ағайын біздің елден тасымалданатын бидайға қосымша құн салығын алып тастап, ұнға, керісінше баж салығын үстемелеп қосты. Сөйте тұра, өздерінің астықпен жабдықтаушыларына теміржол көлігінің тасымалдау мөлшерлемесін айтарлықтай жеңілдетті.
Ұн өнеркәсіптерінің бәсекеге қабілеттілігіне коммуналдық қызметтердің қымбаттығы да кедергі келтіріп отыр. Өзбекстандағы электр энергиясының құны – 8 теңге, ал бізде – 24 теңге. Сол себепті қазақстандық ұн өндірушілер үшін аз пайызбен несие беру, коммуналдық қызметтерді (энергия, су, газ) төмендету мәселесі өте көкейкесті проблемаға айналып отыр.
Қазақстанның астық өндірушілер одағының президенті Евгений Ганның айтуынша, ұн өнімдерін экспорттау кезінде ҚҚС-ын өтеудің әртараптандырылған тәсілін енгізуді ұсынған, бірақ бұл мәселе 2,5 жыл болды, әлі Үкімет қарауында жатқан көрінеді. Егер бұл құжат қабылданатын болса, онда сыртқы нарыққа шикізатты емес, дайын өнімді тасымалдаушылардың қатары арта түсер еді, әрі бұл отандық ұн өндірушілерге үлкен қолдау болмақ.
Сонымен қатар теміржол операторларының астық тасымалын үзіліссіз қамтамасыз ете алмауы, тарифтердің көпе-көрінеу қымбаттығы да отандық диірменнің жұмысына кері әсер еткен. Мысалы, қазақстандық ұнның 50% өндіріп отырған Шымкент қаласы мен Түркістан облысының диірменді кәсіпорындары жыл сайын келісімшарт бойынша келісілген астықты солтүстік өңірлерден жеткізе алмай қиналады.
Оның үстіне ірі трейдерлер бидайды отандық диірмендерге өткізгеннен гөрі, шикізат ретінде шетелге тікелей сатқанды ұтымды көреді.Сатып алып, шетелдерге сатып жатыр. Салдарынан отандық ұн тартатын диірмендер шикізатқа зәру. Бұл жағдай да өндірістің құлдырауына әкеледі. Мысалы, 2000 жылдары елде 2 300 ұн өндіруші компания болса, қазір олардың 300-ге жуығы қалған. Диірмендердің 50% банкротқа ұшырап, жұмыстарын тоқтатқан.
Экспорттық шектеу неге соқтырды?
Коронавирус індетіне байланысты Үкімет ел ішінде азық-түлік тапшылығының алдын алу мақсатында былтыр сәуір-мамыр айларында қазақстандық ұн экспортына тыйым салды. Шектеу тек 1 маусымда алынды. Бірақ бұл уақыт аралығында отандық ұн өндірушілердің сыртқы нарықтағы орнын басқа экспорттаушы елдер иеленіп үлгерген еді. Бұл біздің ұн өнеркәсібін дағдартып тастады. Енді қазақстандық ұнмен жабдықтаушылардың жоғалған нарығын қайта жаулап алуы оңай болмайтыны анық және бұл ұзаққа созылатын процесс.
Мәселен, біздің ұнның 70%-ын тұтынушы Ауғанстан осы уақытша шектеу кезінде бірден Украина астығына ауысып кетті. Олар Украин ұнын Иран порттары арқылы жеткізетін болды. Сондай-ақ Қытай нарығы да біздің өндірушілердің көзінен бұл-бұл ұшты.
– Біз ҚХР нарығын иелену үшін табандатқан бес жыл бойы еңбектенген едік, былтырғы астық тасымалына қойылған шектеудің кесірінен енді оны жоғалтып алдық. Қазір оны түрік экспортшылары жаулап алды. Сондай-ақ Аустралиядан, Канададан тасымалдайтын болды, – дейді қарағандылық «Мутлу» комбинатының директоры Дос-Мұқасан Тәукебаев.
Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасы да қазақ ұнынан ішінара Ресейдің өніміне ауысып кеткен. Бұл Ресей өндірушілерінің Орталық Азияға енуіне мүмкіндік берді, ал болашақта тіпті бұл нарықтан қазақстандық экспортшыларды ығыстырып шығару қаупі де үлкен. Міне, астық экспортына қойылған уақытша шектеудің отандық өндірушілер үшін (бидай, ұн) қаншалықты соққы болып тигенін осыдан-ақ көруге болады.
Жоғалтқан нарыққа қайта орала аламыз ба?
Әрине, шектеу алынғалы бері ұн экспорты бірте-бірте арта бастады. Өткен үш айда Қазақстан 330 мың тонна ұн экспорттаған. Алайда бұл жағдайдың өзінде өткен жылғы көрсеткішке қол жеткізу әзірше мүмкін болмай отыр. Бір жақсысы – ұнның бағасы артты. Ұнның бір тоннасы былтырғы 270 доллардан биыл 340 долларға дейін көтерілді.
Қазір отандық ұн кәсіпорындары толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Дос-Мұқасан Тәукебаевтың айтуынша, егер мемлекет тарапынан тиісінше қолдау болса, қазіргі қуатынан үш есе артық өнім өндіруге қауқарлы. Әлбетте, ол үшін ең алдымен өндірілген өнімді өткізу үшін сыртқы нарықтың қайта жаулап алуы тиіс. Өйткені тек бір жыл ішінде Қазақстанның ұн экспорты 31%, яғни 822 мың тоннаға дейін құлдырап кеткен. Салыстыру үшін: еліміз әлемде ұн экспорты бойынша бірінші орынға шыққан 2007 жылы сыртқы нарыққа 1 млн 454 мың тонна экспорттаған. Одан кейінгі үш жыл бойы да үздік орында тұрды (2008 – 1,8 млн тонна, 2009 – 2,247 млн тонна, 2010 – 2,296,7 млн тонна). Бірақ одан кейінгі жылдары бұл көрсеткіш төмендей берді. Яғни, ұн экспорты шарықтаған жылдардың көрсеткіші мен былтырғы жылдың көрсеткішін салыстырсақ, үш есе құлдыраған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, еліміз 2024 жылға қарай ауыл шаруашылығының тауарлары экспортының 50%-ын өңделген өнімдері құрайды деп мәлімдеген болатын. Оның ішінде ұн өндірісінің үлесі үлкен. Бұл мақсатқа қалай қол жеткізетіні – алдағы жылдардың еншісінде.
Бір айта кетерлігі, қазақстандық бидайдың қамырлығы өте жоғары – 28-32%-ға жетті. Бұл – әлемде ең үздік сапа. Сөйте тұра, сыртқы ұн экспорты нарығын жоғалтып алуымыз өкінішті. Салыстыру үшін: АҚШ бидайының ең үздік сұрыптарының қамырлығы – 20-24%, Ресейдің оңтүстігіндегі жоғары қамырлық – 20-23%, Ұлыбритания бидайы сұрыптарының жоғары қамырлығы –18-20%.
Дәулет АСАУ