Алматыда «Атамекен» ҰКП-ның «Бастау» бизнес-жобасына қатысып, арнайы курстан өткен Бигүлсін Келіскен алған гранты мен жеңілдетілген несиеге балабақша ашты. 47 жастағы Бигүлсін осыдан төрт жыл бұрын Қытай елінен Қазақстанға көшіп келген. Көршілес мемлекетте 21 жыл бойы медбике болып істеген ол елге келген соң біраз уақыт өз мамандығы бойынша жұмыс іздеп көреді. Дәрілердің, аурулардың атауын орыс тілінде біліп, осы тілде сөйлеу қиындық тудырады. Сол себепті алып-сату, тырнақ жасау сияқты ұсақ-түйек жұмыстармен айналысты. Қытайдағы үйін сатып келген олар Алматыдан жер алып, үй салады. Әр жұмыстың басын бір шалып жүргенде елден «Атамекен» ҰКП, оның бизнес бастауға көмектесетіні туралы естиді. Кәсіпкерлер палатасына барып тіркеліп, бір айлық курстан өтеді.
– «Бастау» бизнес-жобасына қатысып, 505 мың теңге көлеміндегі грантты жеңіп алдық. Сондай-ақ бизнес-тренеріміз Ербол Сүйінбаевтың сүйемелдеуімен 6 пайыз жеңілдікпен несие иелендік. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бүгін өз балабақшамызды ашып отырмыз. Алғашында бұл үйді өзіміз тұрамыз деп соққанбыз. Грантты алып, бизнес-жоспарымызды әзірлегеннен кейін осы жерден балабақша ашуды жөн көрдік. Балабақшаның нақты жұмыс бастағанына бір апта ғана уақыт болды. Қазіргі таңда бұл жерде 10 бала тәрбиеленуде. Әзірге мұнда бір тәрбиеші, бір бала күтуші, бір аспаз жұмыс істеп жатыр. Келешекте балабақшаға бүлдіршіндерді тарта бастаймыз. Жұмысымыз сәтті жүріп кетсе, мұнда 80 балаға дейін қабылдауға дайынбыз. Ол кезде төрт топ болады. Тағы тәрбиеші, бала күтуші, аспаз көмекшісі, медбике, күзетші жұмысқа алынады. Алдағы уақытта бұл жер тек бала тәрбиелейтін ғана емес, сонымен қатар қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерін үйрететін дамыту орталығына айналады. Күйеуім Ершат Зікірхан Қытайда тұрғанымызда 23 жыл бойы қазақ және ұйғыр балаларына қытай тілінен сабақ берген болатын, – дейді жоба тыңдаушысы Бигүлсін Келіскен. Сондай-ақ ол бизнес-тренер құжат дайындауда үнемі жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырғанын айтады.Алатау ауданының бизнес-тренері Ербол Сүйінбаевтың айтуынша, «Бастау» жобасының түлегі оқуды бастағаннан үйренуден еш жалықпаған және барлық тақырыпты толық меңгеруге тырысқан. – Бигүлсін жобаның алғашқы легінде білім алды. Ол өз жобасын өткен жылдың қараша айында қорғап, 505 мың теңге көлемінде грантқа ие болды. Жалпы, балабақша – 80-ге жуық баланы тәрбиелеуге арналған орталық. Айналасында жаңадан соғылған үйлердің барлығына адамдар қоныстанғаннан кейін балабақшаның жұмысы 100 пайызға дейін орындалатын болады, – дейді ол. «Бұл жоба алдағы уақытта жалғасын табады. 2019 жылы елімізде 75 000 адам оқып шықты. Биыл Алматы қаласы бойынша 2 180 грант бөлінген. Сол грантқа ие болғандардың бәрі де өз кәсібін ашып, жұмыстарын жалғастыруда. Ынта білдіріп, ден қойып оқығандардың бәрі грантқа ие болып жатыр. Сабақ барысында өз бизнес-жоспарын жасап үлгермесе, ол грант қорғауға бара алмайды. Олардың арасында бұрыннан кішігірім бизнес жасап жүргендер де бар». Бүгінде Neet санатындағы 2 650 жас «Жас кәсіпкер» компоненті бойынша, ал 4 250 адам «Бастау» жобасы бойынша білім алды. Оның 153-і мүгедектер, 685-і аз қамтылған отбасылардың мүшелері, 1 339-ы жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар, 830 көпбалалы отбасылардың мүшелері және 1 393 жұмыссыздар. Кәсіпкерлік негіздері бойынша курс аяқталғаннан кейін «Жас кәсіпкер» жобасының 1 771 және «Бастау» жобасының 1 046 тыңдаушысы грант иеленді. Осы жылы комиссия мүшелері «Бастау» жобасының қатысушыларына қосымша 700-ден астам грантты мақұлдады.