Шымкент инфрақұрылымы жаңарып келеді
Шымкент инфрақұрылымы жаңарып келеді
492
оқылды

Жасыратыны жоқ, Шымкент рес­пуб­ликалық маңызы бар дербес қала болғалы барлық сала бойынша едәуір даму үстінде. Әсіресе, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасы шеңберінде жұмыс қарқыны байқалады. Жуырда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов баспасөз мәслихатын өткізіп, өзі жетекшілік ететін саладағы жетістіктерге тоқталды.

Жол құрылысы қызып тұр

Мақсұт Пернебайұлы үнемі атқарылып жат­қан жұмыстар бойынша өзінің әлеумет­тік желідегі парақшасында айтып, жаңалық­тары­мен бөлісіп отырды. Әсіресе,  соңғы кездері жұмысы қызып тұрған жол құры­лысы­ның жөні бөлек. Биыл үшінші мега­полистегі жалпы ұзындығы  3 247,6 шақырым жолдың  295,3 шақырымына (168 нысан) құрылыс-жөндеу жұмысы жүріп жатыр.

Жыл соңына дейін 155 нысанды құрай­тын  248,8 шақырым жол пайдалануға беріл­мек. «Ішкі орам және шалғайдағы елді ме­кен­дегі көшелерді  зерделеп, ондағы көше­лердің 172 шақырым жолының топырақ жабындысы бар екенін анықтадық.  Биыл  153 шақырымды құрайтын топырақ көше­лер­ге тас төселетін болады. Қазір жұмыстың 40 пайызы орындалып қойды. Шымкент қаласындағы биыл ең үлкен құрылыс – Рыс­құлов-Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрық жолын салу.  Қонаев даңғылының жалғасы, А-2 автомагистралінің 1,2,4-этап­тарын ерекше атап өтуге болады», – дейді қала әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ күрделі жөндеу жұмысы биыл 49,0 шақырымды құрайтын 65 көшеде  жүргізіліп жатқанын атап өтті.  Жолдардың 50 пайызға жуығы шалғай елді мекенде орналасқан. Айта кету керек, қала аумағына соңғы жылдары қо­сыл­ған шалғайдағы ауылдардың инфра­құрылымы сын көтер­мейді. Сондықтан қала билігі басым­дықты қала шетіндегі ауылдарға берген.

Қоғамдық көлік жүйесі дами береді

Шаһарда соңғы болған жаңалықтың бірі – «Төлем» электронды билеттендіру жүйесі. Осынау элек­трон­ды билеттендіру шарасы өткен жылдың 15 қазанынан бастап іске қосылды. Алға­шын­да біршама түсініксіз жағдай орын алып, бұл жүйеге қала тұрғындары бейімделгенше біраз уақыттың өткені де рас. Дегенмен бүгінде  жүйенің тиімді екені мойындалды.  Іске қосылғаннан бері 26,8 млн транзакция жасалып, жолаушылардың 80 пайызы 22,7 млн теңгеге картаны пайда­ланған. Жалпы, мегаполисте жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыратын 1 050 қоғамдық көлік бар. 18 тасымалдаушы  79 бағытта қызмет көрсетеді. 79 маршруттың 57-і кешенді схемаға сәйкес келеді.

Осы тұста жуырда қаладағы қоғамдық көлік 100 жаңа автобуспен толыққанын атап өту керек.  Қала басшылығы  халыққа қолайлы жағдай жасау үшін қоғамдық көлік жүйесін одан әрі де дамытатынын атап өтті. Былтыр 590 жаңа автобус сатып алынып, оның 200-і іске қосылған болатын. Осылайша, жаңа автобустар  рет-ретімен іске қосыла бермек. Жергілікті билік осы бағытта жұмыс істеп, қоғамдық көлікті 80 пайызға жаңартпақ.  Сонымен қатар қала аумағы кеңейіп жатуына орай қосымша бағыттар да іске қосылған.

 Күнгейде қаланы сапалы интернетпен қамту шаралары да кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар былтыр  үш кезеңге бөліп қарастырылған. «Алғашқы кезең бойынша қазір қаладағы шағынаудандар мен тұрғын алаптар аума­ғына 11 базалық станса орнатылды. Алтын­төбе, Көкбұлақ, Солтүстік-батыс және Достық (Солтүстік саяжай), тұрғын алап­тарында базалық стансалар толық іске қо­сыл­ды. Асар, Асар-2,  Шымсити, Шымсити-2, Тұран және Ақтас-2, Айкөл шағынаудандары да бар. Ал биыл 2-кезең бойынша 14 жер қарастырылып, оның ко­ор­­­динаттары мобильді байланыс опе­ратор­ына жолданып, 8 жерге жеке инвестор қара­жаты есебінен антенна-матчталық құрыл­ғыларға мобильді байланыс оператор­ларының базалық стансаларын орнату жоспарланып отыр. Олар: А2 трассасы, Аэ­ро­порт маңы, Солтүстік-батыс, Қайнар бұ­лақ саяжай алабы, Тассай, Құрсай, Р32 трас­сасы, Ынтымақ (Тұрлан) шағынау­дандары. Қалған 6 елді мекенге (Абдулабад, Забадам, 226 Орам, Асар, Самал-3, Достық шағынаудандары) мобильді байланыс операторлары тарапынан коммерциялық нысан иелерімен келісу арқылы базалық стансаларды орнату жоспарлануда», – деп атап өтті Мақсұт Пернебайұлы.
Бүгінде Шымкент қаласы аумағы бо­йын­ша интернет сапасы төмен     30 тұрғын алап анықталып, оларға оптика тарту жұмы­сы жүргізіліп жатыр.

5 кәсіпорынның 15 млн теңге жалақы қарызы болған

Баспасөз мәслихатында Мақсұт Исахов жетекшілік жасайтын  спорт, туризм және еңбек инспекциясына қатысты жұмыстар да аталып өтті. Қала әкімінің орынбасары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, кәсіби спортқа бөлінген қаражаттың бір бөлігіне үйірмелерді қаржыландыру көзделіп отырғанын жеткізді. Пилоттық жоба аясын­да спорттың 71 түрінен үйірмелер субсидия­ланады. Бір балаға шаққанда орташа қаражат 13 мың теңге шамасында болатыны айтылды. Ол жоба арнайы портал арқылы жүзеге асырылмақ. Шымкент қаласының спортшылары жыл басынан бері Қазақстан чемпионаты, кубогы мен біріншілігіне қатысып, 315 алтын, 239 күміс, 284 қола медаль жеңіп алған. Азия чемпионаты мен кубогында қала спортшылары  3 алтын, 3 күміс, 3 қола медальге қол жеткізсе, Әлем чемпионаты мен кубогында 1 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль иеленген.
 5 айда 3 – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 64 – Қазақстанның спорт шебері, 102  спорт шеберіне үміткер спортшы­лар дайындалғанын ерекше атап өткен жөн.

 Сондай-ақ айтулы шаралардың бірі – ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындары биыл  23 шілде-8 тамыз аралығында Токио қала­сында өтеді. Әлем көз тігіп отырған үлкен додаға Қазақстанның Ұлттық құрамасы сапына енген шымкенттік спортшылар қызу дайындық үстінде. Шымкент қаласының спортшылары Жазғы Олимпиада ойын­дарына 9 жолдаманы жеңіп алған. Олардың қатарында оқ ату спорт түрінен Юрий Юрков, стенд атудан  Сарсенкүл Рысбекова, Зоя Кравченко, каратэден Дархан Асадилов, күні кеше жеңіске жеткен  Данияр Юлдашев, бокстан  Закир Сафиуллин, байдарка және каноэ есуден (К-2) Тимофей Емельянов және Сергей Емельянов, көркем гимнас­тикадан Алина Адилханова бар. Алдағы уақытта дзюдодан  Галбадрах Отгонцэцэг, Севара Нышанбаева, каратэден Софья Бе­руль­цева, батуттық гимнастикадан  Пирмаммад Алиевке үлкен үміт артып отыр.

Еңбек инспекциясы саласында да айтулы жұмыстар бар. Жыл басынан бері жұмыскерлер тарапынан түскен 488 арыз-шағым қаралып, тиісті жауап берілген. Мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізген 76 тексеруде 89 заңбұзушылық анықталып, 46 нұсқама берілген. Тексеру нәтижелерімен 4,1 млн теңге көлемінде 23 әкімшілік айыппұл салынып, оның 2,7 млн  теңгесі өндірілген.

Жалақы қарызы бойынша 5 кәсіпорында 90 жұмыскерге 15 млн теңге көлемінде жалақы қарызы бар екені анықталған. Олардың қатарында SAUDAINVEST ЖШС 5 жұмыскерге – 0,5 млн теңге, Euromed Center ЖШС  14  жұмыскерге – 1,5 млн теңге, Heart Clinic   ЖШС 4 жұмыскерге – 0,3 млн теңге, «Дархан Group»  ЖШС  1 жұмыскерге – 0,24 млн теңге,  Yerkan Construction  ЖШС  66 жұмыскерге 12,5 млн теңге қарыз екен. Еңбек инспекторлары жыл басынан бері 33 кәсіпорындағы  1 959 жұмыскердің  151,2 млн  теңге көлемінде жалақы қарызын төлеткізіп, жұмыскерлердің әлеуметтік құқығын қорғаған. Орын алған 12 жазатайым оқиғаның 5-еуі топтық жазатайым жағдайға жатады.  Жалпы, 19 адам зардап шегіп, 1-еуі қайтыс болып, 11-і ауыр жарақат алған.

Республикалық көрсеткішке сәйкес,  Шымкент қаласына келген туристер саны бойынша Шымкент қаласы 5-орында. 5 айда қаламызға келуші туристер саны – 71 156 адамды құрап, 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 149 пайызға ұлғайған. Сондай-ақ биыл туристер үшін  Shymkent Tourism Center  туристік-ақпараттық орталығы» КММ-і құрылып, visit-shymkent.kz порталы жұмыс істеп жатқаны да сөз болды. Ал көліктік қолжетім­ділікті қамтамасыз ету мақсатында былтыр Шымкент бағытында  FlyArystan  әуе­компания­сы тарапынан 7 рейс ашылса (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар), биыл қосымша 3 рейс іске қосылған (Ақтөбе, Орал және Семей).
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ашық форматта өткен жиында бұдан өзге де қалада атқарыл­ған жұмыс төңірегінде әңгіме өрбіп, жур­налистер қойған сауалға жауап берді.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы