Тұтынушы құқы: сапа мен баға
Тұтынушы құқы: сапа мен баға

Елімізде тұтынушылар құқығын қорғау шарасы жанданып келеді. Бұл заңнама енгізілген өзгерістермен байланысты. Мәселен, 2020 жылы қазақстандықтардың 20 мыңнан астам шағымы қаралып, 250 млн. теңгеге жуық ақшасы кейін қай­тарыл­ған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артық. Былтырғы істердің арасында Bek Air әуекомпаниясына қатысты деректер бар. Онда 1,7 мың тұтынушының құқығы қор­ғалып, 110 млн. теңге өндіріп алынды. Әйтсе де, елімізде құқығы бұзылған жағ­дайда қорғауға тырыспайтындар немесе білмейтіндер әлі бар.

Жарты жылда – 70 млн.

Ал жыл басынан бері Тұтынушылардың құ­қығын қорғау комитетінде 6 мыңнан астам ша­ғым қаралып, уақтылы қабылданған ша­ралардың арқасында, соның ішінде сот ар­қылы 70 млн. теңге қайтарылған. Қа­зақ­стан­дықтар көп ретте туризм, көлік, бөлшек сауда жә­не тұрмыстық қызмет көрсету саласында көп шағымданады екен. Сондай шағымдардың бірқатары сауда орталықтарындағы таразыдан жеу, сақтау мерзімінің өтіп кетуі, сөре мен кас­садағы баға айырмашылықтарына қа­тыс­ты. Комитеттің аумақтық департаменттері тұтынушылардың құқығын бұзған кәсіпкерлік субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері 5 айда олар 42 тексеру өткізіп, кәсіпкерлерге 28 ескерту беріп, жалпы со­масы 500 мың теңгеден асатын 7 айыппұл салған.

Мұндай өзгерістің бәрі 2020 жылы «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заң­ға өзгерістердің алғашқы пакеті енгізіл­геннің арқасында мүмкін болып отыр. Соның нә­тижесінде дауды реттеудің 3 сатылы меха­низмі пайда болды. Біріншісі – дауды сотқа дейін шешу. Екіншісі – шағымды уәкілетті орган аясында реттеу. Осы ретте әкімдіктерге әкім­шілік шараларды қолдану құзыреті берілген болатын және үшінші сатыда шағым сотқа жіберілмек. Алайда даудың басым көпшілігін алғашқы екі сатыда шешуге басымдық беріл­ген. Заңдағы жаңашылдықтың бірі – тұтыну­шы­лардың шағымдарын қабылдаудың е-Тutynushy бірыңғай ақпараттық жүйесінің іске қосылғаны және Үкімет жанындағы ве­домствоаралық кеңестің құрылуы. Заңда, сон­дай-ақ, тұтынушы шағымын 10 күн ішінде қарау көзделген.

Министр Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұл жұмыстарға биыл іске қосылған ш­а­ғым­дарды «бір терезе принципі» бойынша қабыл­дау жөніндегі е-Тutynushy ақпараттық жүйесі де өз әсерін тигізген. Бүгінде бұл платформа ар­қылы тұтынушылардың шағымдарын са­лалар бойынша, даудың мәні бойынша және қарастыру субъектілері бойынша бақылап отыру­ға болады. Ол өз кезегінде адамдардың өмірі­нің барлық саласында түрлі талдамалы мә­лі­меттерді құрастыруға, жүйелі проб­лема­лар­ды анықтауға және шешуге мүмкіндік бере­ді. Сонымен қатар тұтынушылардың мә­се­лелерін қарау статусы Үкімет жанындағы ве­домствоаралық кеңес деңгейіне дейін жо­ғары­латылды.

«Биыл біз тұтынушылардың құқығын қор­ғау туралы заңға екінші пакет өзгерістерді дайын­дауға кірісіп кеттік. Онда түрліше тал­данатын құқықтық кемшіліктер, нақты емес нормалар жөнделмек. Өйткені қазір тұтыну­шыларға құқығын, бизнеске міндетін түсінуде қиындық тудыратын тұстар бар. Жоба кон­цепциясында Қазақстанның ұлттық тұтыну­шылар қауымдастығын құру, тұтынушылар құқық қорғау омбудсмені институтын енгізу және тағы да басқа маңызды мәселелер қарас­тырылған», – деді ол.

Онлайн шағым – жедел әрі қолайлы

Тұтынушылар енді арыздарын ұялы те­лефондарына түсіріп, онлайн жібере алады. Ол үшін әрбір сауда ұйымында QR-код түрінде жеке айқындауыштар ілініп тұрады. Ол дүкен­нің кіретін есігіне де жабыстырылған болуы мүмкін. Егер сатып алушы құқығым бұзылды деп санаса, кодты сканерлейді және телефонға арнайы қосымшамен жүйеге шағым жібереді. Оны веб-сайт немесе әлеуметтік желілер арқылы да жіберуге болады. Ақылды жүйе бұл шағымды қай мемлекеттік органға жіберу кере­гін автоматты түрде анықтайды. Сіздің ш­ағымыңыз полицияға, Техникалық реттеу жә­не метрология комитетіне немесе Тұтыну­шылардың құқығын қорғау комитетіне жол­дануы мүмкін. Шағым нәтижесі 10 күннің ішін­де шығады.

«Біз сауда орындарында «Тауар қайтаруға немесе ауыстыруға жатпайды» деген хабар­ла­малар көреміз. Бұл – дұрыс емес, «Тұтыну­шы­лардың құқығын қорғау» заңын бұзу. Қолдану мер­зімі өтіп кеткен азық-түлік, бүлінген са­пасыз бұйым сатып алған жағдайда да тұ­тыну­шы өз құқығын қорғай отырып, тауарды қай­тарып немесе ауыстырып ала алады. Сон­дықтан да әркім өз құқығын талап ете білуі тиіс. Әрине, қайтаруға немесе айырбастауға болмайтын тауарлар бар. Олар – азық-түлік емес тауарлар, дәрі-дәрмектер, медициналық мақ­саттағы бұйымдар, іш киім, шұлық сынды бұйымдар, жануарлар мен өсімдіктер, сондай-ақ, метрлеп сатылатын заттар. Бұлардан өзгесін қайтаруға немесе ауыстыруға болады», – дейді заңгер Салтанат Рахымбекова.

Заңгердің айтуынша, әдетте супермар­кеттерде сатып алушыға баға белгісі (ценник) нақты қай өнімге тиесілі екенін түсіну қиынға со­ғатындай етіп қойылатын кездер де көп кез­деседі. Кассаға ақысын төлеу кезінде тауар­дың құны көрсетілген бағамен сәйкес кел­мейтін жағдайларда сатушы тауар­ларды сөре­де көрсетілетін сомада сатуға міндетті. Су­пер­маркеттерде бағаларды ша­тастырып қою тұтынушыларды алдаудың жиі кездесетін бір түрі екен. Енді шағымдану онлайн түрде жүре­тіндіктен мұндай жайттар түбегейлі тыйылады деген сенім бар. Әзірге онлайн шағым беру пилоттық қарқынмен жүзеге асып жатыр. Бірақ уақыт өте келе ол барлық сауда және қыз­мет көрсету ны­сандарына жаппай тараты­ла­тын болады. Ал кәсіпкерлер үшін бұл рей­тинг­тік әсер бермек. Шағым көп түсетін кә­сіп­керлік нысандары жүйеде көрініп тұрады.

Өз құқығын білмейтіндер әлі бар

Әйтсе де, қазақстандықтар тұтынушы құқы­ғын әлі толық білмейді. Мәселен, 2019 жылы тұтынушылардың 60%-ға жуығы сапа­сыз тауар сатып алған және қызмет көрсетілген жағдайда өзінің тұтыну құқығын қорғауға тырыспаған. Ал қалған 40%-ында шағымын сотқа дейін шешкендер небәрі - 12%, 4%-ы ғана сотқа жүгінген, 24%-ы түрлі мемлекеттік құры­лымнан көмек сұраған. Заңгерлер, ең бірінші кезекте чек талап етілу қажеттігін айтады. Онсыз сапасыз тауарды қайтару немесе айырбастау өте қиын болады. Бірақ қалайда сатып алу фактісін дәлелдеу қажет болса және оны растайтын куә немесе чек болмаған жағдайда фотосуреттер мен бей­не­жазбалар арқылы сатып алу фактісін дәлел­деуге болады. Супермаркетте фото және бей­­не түсіруге тыйым салынбаған. Сіз «Тұ­тыну­­­шылар құқығын қорғау туралы» Қазақ­стан заңына сәйкес, ұялы телефоныңыз не­месе басқа құрылғыға тауарларды және олар­дың қасында тұрған бағаларды еркін тү­сіре аласыз. Ұялы телефон сатып алған бол­саңыз, мүмкіндігінше тауардың жарам­дылы­ғын тексеріңіз. Төлем жасалғанын растайтын чек, сатып алынған заттың паспорты мен кепілдік талонының болуына назар аударыңыз. Шағым мәтінінде тауардың меншік ие­сінің нақты атауы, сауда орнының дұрыс ме­кен­жайын көрсету қажет.

«Тұтынушылар құ­қықтарын қорғау туралы» Қазақстан заңының тиісті нормаларына сілтеме де болуы тиіс. Егер тауардың жарамсыздығы тұтынушының кінәсінен болмағаны дәлелденсе, дүкен клиент­тің талаптарын орындап, дереу ақша­сын қайтаруға міндетті. Егер дүкен талапты орындауда заңда белгіленген мерзімнен асыр­са, әрбір мерзімін өткізіп алған күн үшін тауар құнының 1%-ы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын өндіріп алуға болады.