Солтүстік облыстарды қатты алаңдатып отырған өткір жайдың бірі – ауылдардың жаппай тарап кетуі. Ақмола облысын да бұл жағдай айналып өтпеген. Карта бетінен мүлдем сызылып қалған ауылдарда тұрғындар тұрмыстың тауқыметімен қалалы жерлерге көшіп кеткен. Өкінішке қарай, тек соңғы бес жылдың өзінде облыс әкімінің қаулысымен өңірде тағы 23 ауыл мүлдем жойылған.
Халқының жалпы саны небәрі 698 адамды құрайтын 20 ауылдың қалып қойған тұрғындары тұрмысы түзу басқа ауылдардың қатарын көбейткен. Мұнымен қоса тағы 44 ауыл тарап кетудің аз-ақ алдында тұр. Бұл ауылда тұратын халық саны 50 адамдық межеге де жетпейді. «Болашағы бұлыңғыр» деп ресми түрде танылған бұл ауылдарда қазір 1 329 адам тұрып жатыр...
Облыста жыл сайын жаңартылып тұратын тізімге әзірге еніп тұрған ауылдың саны – 590. Өкініштісі, жыл санап, қаңырап бос қалып, қирандыларға айналып жатқан ауылдағы үйлердің қатары көбейіп келеді. Мемлекет тарапынан қаншама миллиард бөлінгенімен, ауылдарды сақтап қалу мүмкін болмаған.
Жойылуға жақын 44 ауылдың 12-сі Зерендіде, 9-ы Бурабайда
Курортты аймақтардағы ауылдардың тоз-тоз болып тарап кеткенін облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан білдік. Халқының саны аз ауылдар тұрғын саны көп аудан орталығы немесе іргелі ауылдарға қоныс аударылыпты.
«Соңғы бес жылда ғана облыс аумағындағы 23 ауыл жойылып кетті. Сондай-ақ тағы 44 ауыл тұрғынының саны 50 адамға жетпейді. Атап айтқанда, Зеренді ауданында – 12, Бурабай ауданында – 9, Ақкөл ауданында – 3, Біржан сал, Ерейментау, Сандықтау, Егіндікөл аудандарында – екеуден, Қорғалжын, Целиноград, Есіл, Жақсы, Шортанды аудандарында бір-бір ауыл жойылудың аз алдында тұр», – дейді басқарма басшысының орынбасары Фариза Темірханқызы.
Облыс бойынша жойылып бара жатқан 44 ауылдың 9-ы тіркелген Бурабай ауданында кезінде дүркіреп тұрған Веденов ауылдық округіндегі Федосеевка, Жаңатуған ауылдары тоз-тоз болып тарап кеткен. Бұл ауылдардағы жағдайдың неліктен осындай күйге жеткенін ауыл әкімінен сұрап көрдік.
«Мен Веденов ауылдық округіне 2016 жылы әкім болып келдім. Әрине, басқа өңірлер сияқты ауылда бала санының азаюы, тұрғындардың қалалы аймақтарға қарай көшіп кетуі ауылдардың жойылуына әкеп соқты. Былтыр Жаңатуған, Федосеевка ауылдарында екі-үш отбасы қалған соң оларды жабу туралы аудандық мәслихатқа шығып, олар жабылған. Қазір бір отбасы Федосеевка ауылында тұрып жатыр. Әрине, бір-екі отбасы немесе екі-үш үй тұратын ауылға жол салу, су тарта алмаймыз. Сондықтан арнайы комиссиямен ауылдарды таратуға тура келді. Қазір Федосеевкада тұрған бірнеше ингуш отбасы Ингушетияға, бірқатары Веденовкаға, кейбірі Көкшетау қаласына көшіп кеткен», – дейді Веденов ауылдық округінің әкімі Мақсат Иман.
Бурабайда бір ғана адам тұратын ауыл бар
Ауылдағы ағайынның жайын білмек болып, облыстық Экономика басқармасымен тілдестік. Сөйтсек, бір кездері шаруашылығында мыңдаған гектар егін егіп, мыңғыған мал бағатын ауылдарда бірді-екілі отбасы қалған екен. Тіпті, жалғыз адам да тұрып жатқан ауылдардың бар екенін естігенде таңданбасқа амалымыз қалмады. Халық саны 50-ге жетпейтін ауыл жұрты малмен ғана тіршілік етуге мәжбүр болған. Бірақ қарапайым жұрттың жайын жергілікті биліктегілер тіпті елең қылмайтын сияқты.
Бурабай ауданының Федосеевка ауылында Мерген Шаяхметов есімді азамат жалғыз тұрады. Кезінде 100-ден астам отбасы түтін түтетіп 9 жылдық мектебі болған үлкен ауыл болыпты. Қазір қаңырап бос қалған үйлердің ортасында жалғыз үйден ғана тіршілік байқалады. Мерген жай жатқан жоқ. Атадан қалған кәсібі – жылқы бағуды қолға алған. 2017 жылы «Құлан» мемлекеттік бағдарламасымен 2,5 миллион теңге несие алып, он шақты жылқы алған. Жеке кәсібін ашып қора-қопсысын сайлаған жігіт қиын болса да іске білек сыбана кірісіп кетіпті.
Атқа мінетін адам қалмайтын шығар...
«Өзім ауылдың баласы болған соң, бұл іс мен үшін аса қиындық тудырған жоқ. Отбасым Щучинск қаласында тұрады. Демалыс күндері Веденов ауылында тұратын ағам келіп көмектесіп тұрады. Қазір адамдар жұмыс істегісі келмейді. Жалақысын төлеймін десең де, мал бағысатын адам таба алар емеспін. Жылқы бағуға атқа міне алмаймын деп сылтауратады. Қазір 40-қа жуық жылқым бар. Қысы-жазы жылқы бағып тіршілік етемін. Қыста жол болмай қалады. Жемшөп өте қымбат. Ондайда ешқайда шықпай жатамын. Болмаса атпен шығып кетемін. Әрине, «жалғыз болғасын қорқынышты емес пе?» деп сұрап жатқандар табылады. Мен тек Алладан қорқамын. Өкінішке қарай, жергілікті әкімдіктен қолдау таппай тұрғаныма қапаланамын. Екі жыл қатарынан 87 гектар жайылым жер үшін аукционға қатысқанмын. Бірінші жылы жалғыз өзің қатыстың деп бермеді. Былтыр ауыл шаруашылығы техникаларың жоқ екен деп тағы қайтарды. Ал, салықты жылқының тезегіне дейін төлетеді. Сондай-ақ жылқыға субсидия берілмейді екен. Есесіне шошқаға берілетін субсидияның ақшасы қалың», – дейді Мерген Шаяхметов.
Жұмыс істейтін адам таппай жүрміз...
Тұмса табиғаты таңдай қақтырса да Бурабайдың іргесіндегі Мезгілсор елді мекені тоз-тоз болып тарап кеткен ауылдар қатарында. Кезінде 30-40 отбасы түтін түтеткен ауылда қазір екі-ақ отбасы тұрады. Шаруа қожалығын ашқан бұл адамдар да егін егіп, мал бағумен айналысады.
«Ауылдан бәрі кетсе де, мал бағып, егін еккен соң тұрақтап қалдым. Басты мәселе - ауылда жұмыс істейтін адам таппай отырмыз. 30-дан аса ірі қарамыз, біршама жылқымыз және 200 гектар егін алқабымыз бар. Жалғыз адамға оңайға соқпайды. Бірақ ауылға адамның келгісі жоқ. Жұмыс істегілері келмейді. Қасымдағы отбасы да мал бағып, егін егеді. Ептеп-септеп, екі-ақ отбасы тірлік кешіп жатырмыз. Кезінде 30-40 үй болған. Тұрмыстың тауқыметімен бәрі көшіп кетті», – дейді Мезгілсор ауылының тұрғыны Мұратбек Кошегулов.
Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан ауылды қалпына келтіруге қаншалықты назар аударылғанын білмек болдық. Бірақ «болашағы бұлыңғыр» болған ауылдарға енді мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты тимейтінін бірден аңғардық. Ал әзірге түтіні түзу шығып жатқан ауылдар үшін жүргізіліп жатқан жұмыстарды басқарма басшысының орынбасары баяндап берді.
«Ауылдарды дамыту үшін бүгінде «Ауыл – ел бесігі» өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша жұмыс атқарылып жатыр. 2019-2021 жылдары ғана облыстың 41 ауылды елді мекеніне 154 іс-шараға 18,9 миллиард теңге қаражат бөлінген. Өткен 2019-2020 жылы 7 орта мектеп жөнделіп, 2 балабақша, 2 балалар шығармашылық орталығы, 3 мәдениет үйі, агротехникалық колледж, спорт мектебі, стадион, 120 шақырым жол сияқты жөндеу жұмысы жүргізілді. Екі ауылдың 2 мыңнан астам тұрғыны таза ауызсумен қамтылды. Ауылда тұруға келетін мамандар үшін 100 еселенген айлық есептік көрсеткішпен көтерме жәрдемақы мен үй сатып немесе салып алу үшін бюджеттік несие беріледі. Соңғы 5 жылда 1 911 маман 6 753,4 млн теңгеге бюджеттік кредит алды, 2 586 маман 556 млн теңгеге көтерме жәрдемақы алды», – дейді Ақмола облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Фариза Темірханқызы.
Солтүстіктің шұрайлы жерлері мал бағып, егін егуге қолайлы болғанымен, ауылдар тозып, жұрты тарап кеткен. Ал қалғаны малдың сүмесіне қарап, күн көруге амалсыз көнген. «Ауыл – ел бесігі», «Еңбек» сияқты мемлекеттік бағдарламалар бұл олқылықтың орнын толтыра ала ма? Бұл сұрақ көпті мазалайтыны сөзсіз... Дегенмен ауылдардың азып, жұрттың үдере көшіп жатқаны жанға батады...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы