Курортты өңірдегі ауылдар да құрып барады

Курортты өңірдегі ауылдар да құрып барады

Солтүстік облыстарды қатты алаңдатып отырған өткір жай­дың бірі – ауылдардың жаппай тарап кетуі. Ақмола облысын да бұл жағдай айналып өтпеген. Карта бетінен мүлдем сы­зылып қалған ауылдарда тұрғындар тұрмыстың тауқы­метімен қалалы жерлерге көшіп кеткен. Өкінішке қарай, тек соңғы бес жылдың өзінде облыс әкімінің қаулысымен өңірде тағы 23 ауыл мүлдем жойылған.

Халқының жалпы саны небәрі 698 адамды құрайтын 20 ауылдың қалып қойған тұрғындары тұр­мысы түзу басқа ауылдардың қатарын көбейткен. Мұнымен қоса тағы 44 ауыл тарап кетудің аз-ақ алдында тұр. Бұл ауылда тұратын халық са­ны 50 адамдық межеге де жет­пейді. «Болашағы бұлыңғыр» деп ресми түрде та­нылған бұл ауыл­дарда қазір 1 329 адам тұрып жатыр...

Облыста жыл сайын жаңар­тылып тұратын тізімге әзірге еніп тұрған ауылдың саны – 590. Өкі­ніштісі, жыл санап, қаңырап бос қалып, қирандыларға айналып жатқан ауылдағы үйлердің қатары көбейіп келеді. Мемлекет тара­пынан қаншама миллиард бө­лінгенімен, ауылдарды сақтап қалу мүмкін болмаған. 

Жойылуға жақын 44 ауылдың 12-сі Зерендіде, 9-ы Бурабайда

Курортты аймақтардағы ауыл­дардың тоз-тоз болып тарап кет­кенін облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқар­­ма­сынан білдік. Халқының саны аз ауылдар тұрғын саны көп аудан орталығы немесе іргелі ауылдарға қоныс аударылыпты.

«Соңғы бес жылда ғана облыс аумағындағы 23 ауыл жойылып кетті. Сондай-ақ тағы 44 ауыл тұр­ғынының саны 50 адамға жет­пейді. Атап айтқанда, Зеренді ау­да­нын­да – 12, Бурабай ауда­нын­да – 9, Ақкөл ауданында – 3, Бір­жан сал, Ерейментау, Сан­дықтау, Егін­ді­­­­көл аудандарында – екеуден, Қорғал­жын, Целиноград, Есіл, Жақсы, Шортанды аудан­дарында бір-бір ауыл жойылудың аз алдында тұр», – дейді басқарма басшысының орын­басары Фариза Темірханқызы.

Облыс бойынша жойылып бара жатқан 44 ауылдың 9-ы тіркелген Бурабай ауданында кезінде дүр­кі­реп тұрған Веденов ауылдық ок­ругіндегі Федосеев­ка, Жаңатуған ауылдары тоз-тоз болып тарап кет­кен. Бұл ауыл­дардағы жағдай­дың неліктен осындай күйге жет­кенін ауыл әкі­мінен сұрап көрдік.

«Мен Веденов ауылдық ок­ругіне 2016 жылы әкім болып кел­дім. Әрине, басқа өңірлер сияқты ауылда бала санының азаюы, тұр­ғындардың қалалы ай­мақтарға қа­рай көшіп кетуі ауыл­дардың жойы­­­луына әкеп соқты. Былтыр Жаңату­ған, Фе­досеевка ауылда­рында екі-үш от­басы қалған соң оларды жабу туралы аудандық мә­слихатқа шы­ғып, олар жа­былған. Қазір бір отба­сы Федо­сеевка ауы­лында тұ­рып жа­тыр. Әрине, бір-екі отбасы не­месе екі-үш үй тұратын ауылға жол салу, су тарта алмаймыз. Сондықтан ар­найы комиссиямен ауылдарды таратуға тура келді. Қазір Федо­сеев­када тұрған бірнеше ингуш от­басы Ингушетияға, бір­қатары Веде­новкаға, кейбірі Көк­шетау қа­ласына көшіп кеткен», – дейді Веденов ауылдық округінің әкімі Мақсат Иман. 

Бурабайда бір ғана адам тұратын ауыл бар

Ауылдағы ағайынның жайын білмек болып, облыстық Эко­но­мика басқармасымен тілдестік. Сөйт­сек, бір кездері шаруашы­лы­ғында мың­­даған гектар егін егіп, мыңғыған мал бағатын ауылдарда бірді-екілі отбасы қалған екен. Тіп­ті, жалғыз адам да тұрып жатқан ауыл­­дардың бар екенін естігенде таңданбасқа ама­­­лымыз қалмады. Халық саны 50-ге жетпейтін ауыл жұрты малмен ғана тіршілік етуге мәжбүр болған. Бірақ қарапайым жұрттың жайын жер­гілікті билік­тегілер тіпті елең қыл­майтын сияқты.

Бурабай ауданының Федо­сеевка ауылында Мерген Шаях­метов есімді азамат жалғыз тұрады. Кезінде 100-ден астам отбасы түтін түтетіп 9 жылдық мектебі болған үлкен ауыл бо­лыпты. Қазір қаңы­рап бос қалған үйлердің ортасында жал­ғыз үйден ғана тіршілік бай­қалады. Мерген жай жатқан жоқ. Атадан қалған кәсібі – жылқы ба­ғуды қолға алған. 2017 жылы «Құ­лан» мем­лекеттік бағдарла­ма­сымен 2,5 мил­лион теңге несие алып, он шақты жылқы алған. Же­ке кәсібін ашып қора-қопсысын сайлаған жігіт қиын болса да іске білек сы­бана кірісіп кетіпті. 

Атқа мінетін адам қалмайтын шығар...

«Өзім ауылдың баласы болған соң, бұл іс мен үшін аса қиындық тудырған жоқ. Отбасым Щучинск қаласында тұрады. Демалыс күн­дері Веденов ауылында тұ­ра­тын ағам келіп көмектесіп тұ­рады. Қазір адамдар жұмыс істегісі кел­мейді. Жалақысын төлеймін десең де, мал бағысатын адам таба алар емеспін. Жылқы бағуға атқа міне алмаймын деп сылтауратады. Қазір 40-қа жуық жылқым бар. Қысы-жазы жылқы бағып тір­шілік етемін. Қыста жол бол­май қалады. Жем­шөп өте қымбат. Ондайда ешқайда шық­пай жа­тамын. Бол­­маса атпен шығып кетемін. Әри­­не, «жалғыз болғасын қор­қы­­­нышты емес пе?» деп сұрап жат­­қан­дар та­былады. Мен тек Алла­­дан қорқа­мын. Өкі­нішке қарай, жергілікті әкім­дік­тен қол­­дау тап­­­­­­­­­пай тұрға­ны­ма қапала­­намын. Екі жыл қатары­нан 87 гектар жайы­лым жер үшін ау­к­ционға қа­­тысқанмын. Бірінші жы­лы жалғыз өзің қатыстың деп бер­­­меді. Былтыр ауыл шаруа­шы­лығы тех­никаларың жоқ екен деп тағы қайтарды. Ал, салық­ты жыл­­­­­­­қының тезегіне дейін төле­теді. Сондай-ақ жылқыға субси­дия бе­ріл­мейді екен. Есе­сіне шош­қаға бе­рілетін субсидияның ақша­­сы қалың», – дейді Мерген Шаях­метов.

Жұмыс істейтін адам таппай жүрміз...

Тұмса табиғаты таңдай қақ­тырса да Бурабайдың іргесіндегі Мезгілсор елді мекені тоз-тоз бо­лып тарап кеткен ауылдар қа­­тарында. Кезінде 30-40 отбасы түтін түтеткен ауылда қазір екі-ақ отбасы тұрады. Шаруа қожалығын ашқан бұл адамдар да егін егіп, мал бағумен айналысады.

«Ауылдан бәрі кетсе де, мал ба­ғып, егін еккен соң тұрақтап қал­дым. Басты мәселе - ауылда жұ­мыс істейтін адам таппай отыр­мыз. 30-дан аса ірі қа­рамыз, біршама жылқымыз және 200 гектар егін алқабымыз бар. Жал­ғыз адамға оңайға соқпайды. Бі­рақ ауылға адамның келгісі жоқ. Жұмыс істе­гілері келмейді. Қа­сым­дағы отбасы да мал бағып, егін егеді. Ептеп-сеп­теп, екі-ақ отбасы тірлік кешіп жатыр­мыз. Кезінде 30-40 үй бол­ған. Тұрмыс­тың тауқыме­тімен бәрі көшіп кетті», – дейді Мез­гілсор ауы­лының тұрғыны Мұ­ратбек Ко­шегулов.

Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма­сы­нан ауылды қалпына келтіруге қан­шалықты назар аударылғанын білмек болдық. Бірақ «болашағы бұлыңғыр» болған ауылдарға енді мемлекеттік бағдарламалардың ша­рапаты тимейтінін бірден аңғар­дық. Ал әзірге түтіні түзу шығып жат­қан ауылдар үшін жүргізіліп жатқан жұмыстарды басқарма бас­шы­­сының орынба­сары баяндап берді. 

«Ауылдарды дамыту үшін бү­гінде «Ауыл – ел бесігі» өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарла­­масы» бойынша жұмыс атқа­рылып жатыр. 2019-2021 жыл­дары ғана облыстың 41 ауылды елді мекеніне 154 іс-шараға 18,9 миллиард теңге қаражат бөлінген. Өткен 2019-2020 жылы 7 орта мектеп жөнделіп, 2 ба­лабақша, 2 балалар шығар­машы­лық ор­талығы, 3 мәдениет үйі, аг­ро­техникалық колледж, спорт мектебі, стадион, 120 шақы­рым жол сияқты жөндеу жұмысы жүр­гізілді. Екі ауылдың 2 мыңнан ас­там тұрғыны таза ауызсумен қам­тылды. Ауылда тұруға келетін ма­мандар үшін 100 еселенген ай­лық есептік көрсеткішпен көтер­ме жәр­­­демақы мен үй сатып немесе салып алу үшін бюджеттік несие беріледі. Соңғы 5 жылда 1 911 ма­ман 6 753,4 млн теңгеге бюджеттік кредит алды, 2 586 ма­ман 556 млн теңгеге көтерме жәр­демақы ал­ды», – дейді Ақмо­ла облысының Экономика және бюджеттік жос­парлау басқармасы басшысы­ның орынбасары Фа­риза Темірхан­қызы.
Солтүстіктің шұ­рай­лы жер­ле­рі мал бағып, егін егуге қо­лайлы бол­ғанымен, ауылдар то­зып, жұр­ты тарап кеткен. Ал қал­ғаны мал­дың сүмесіне қарап, күн кө­руге амалсыз көнген. «Ауыл – ел бе­сігі», «Еңбек» сияқты мем­ле­кет­тік бағдар­­ламалар бұл ол­қы­лықтың орнын толтыра ала ма? Бұл сұрақ көпті маза­лайтыны сөзсіз... Де­генмен ауыл­дардың азып, жұрт­тың үдере көшіп жат­қаны жанға ба­тады...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 
Ақмола облысы