Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы оныншы жекпе-жегін өткізіп, жеңісті жолын жалғай түсті. Ол Лас-Вегастағы бокс кешінде орта салмақтағы әлемнің бұрынғы WBA чемпионы америкалық Роб Брантпен (26-2, 18 КО) жұдырықтасты. Он раундқа есептелген айқас Әлімханұлының жеңісімен аяқталды. Алтыншы раундта бір рет нокдаун алған Брант сегізінші раунд аяқталысымен кездесуді жалғастырудан бас тартты.
Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы кәсіби мансабындағы оныншы жеңісіне қол жеткізді, ал Роб Брант болса кәсіпқой бокста үшінші рет жеңілді.Америкалық менеджер Эгис Климас команда мүшесі, боксшы Жәнібек Әлімханұлының жеңісінен соң Instagram-дағы парақшасында жазба жариялады. – Жәнібек Әлімханұлының керемет қойылымын тамашаладық. Бұрынғы әлем чемпионының үстемдігін еш байқай алмадық. Шаршы алаңда Qazaq style салтанат құрды, – деп жазды Климас. Кездесуден кейін ресейлік «неКАРАтэ» YouТube арнасының жүргізушісі де қазақстандық боксшының өнеріне жоғары баға берді.Бұл жеңісінен соң отандасымыз әлемдік рейтингте жоғарылады. Нақтырақ айтқанда, Жәнібек BoxRec рейтингінде бірден 13-орынға жоғарылап, орта салмақта үздік ондыққа енді. Ал оның қарсыласы 15 саты төмендеп, 25-орынға сырғыды. Әзірге орта салмақтың көшін Джермалл Чарло бастап тұр. Екінші орынға Геннадий Головкин жайғасқан. Үздік үштікте Деметриус Андраде бар.
Қазақстандық боксшының PR-менеджері Берік Сұлтан Жәнібектің негізгі басымдығы оның стилінде екенін алға тартты. – Жәнібектің қарсыласты жеңудегі негізгі басымдығы оның стилінде, яғни «қазақ стилінде». Америкаға келгендегі негізгі мақсатымыз – кәсіпқой бокста әлем чемпионы болу. Қазір қазақ стилін кәсіпқой бокстың тарихына жазып кету үшін біз бар күшімізді салып жатырмыз. Осы жекпе-жекке дайындық барысында 90 раундық спаринг өткіздік. Бір жарым ай жаттығу базасында болдық. Қажырлы еңбектің жемісін Жәнібек шаршы алаңда көрсетті. Әртүрлі техника мен тактикаларға дайындалдық. Себебі Роб Бранд – бұрынғы қарсыластары сияқты емес, кәсіпқой бокста әлем чемпионы болған боксшы. Америкада атақты былғары қолғап шеберлерінің бірі. Сол үшін Жәнібек осы кездесуге тыңғылықты дайындалды. Өздеріңіз де куә болдыңыздар, бұрынғы әлем чемпионы Qazaq style-ға қарсы ешқандай үстемдік таныта алған жоқ. Бірінші раундтан бастап Жәнібектің үстемдігі рингте, Лас-Вегас төрінде салтанат құрып, 8 раундқа дейін қарсыласын қуып жүріп сабады. Бұл еңбектің жеңісі, бұл Qazaq style-дың мықтылығының бір дәлелі, – деді Берік Сұлтан. Ол сонымен қатар жекпе-жектен соң Жәнібектің рейтингі біраз жоғарылағанын, рейтингтен бөлек оның атағы, даңқы арта түскенін айтты.– Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жек алдындағы жоспарын сәтті орындап шықты. Осы кездесуден оның деңгейі біршама өскенін аңғаруға болады. Осыдан үш жыл бұрынғы Жәнібек пен қазіргі Жәнібекті мүлдем салыстыруға келмейді. Бір сөзбен айтқанда, бұл айқаста Әлімханұлының шеберлігіне тәнті болдық, – деді арна авторы.
Ал Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко Жәнібек Әлімханұлының оныншы жекпе-жегіне тыңғылықты дайындалғаны шаршы алаңдағы қимылынан, әрекетінен анық білінгенін айтады. – Бірінші нөмірмен жұдырықтасты. Қарсыласы ашық айқасқа шықпай, тек қарсы шабуылға иек артты. Менің ойымша, Жәнібек осы айқаста өзінің әлеуетін толық көрсеткен жоқ. Өйткені қарсыласы лайықты қарсылық танытпады. Бірақ Әлімханұлы барлығын сауатты түрде жасады. Брантқа ауыр соққыларын дарытты және бұл оның артықшылығын дәлелдеу үшін жеткілікті болды, – дейді Виктор Демьяненко. Оныншы жекпе-жек отандасымыз үшін де, оның командасы үшін де ойдағыдай өтті. Жанкүйерлер де Жәнібектің жеңісіне дән риза. Енді алда Әлімханұлы мен Мунгия арасындағы кездесу өтетін болса, келіссөздер сәтті жүзеге асса, бұл отандасымыздың кәсіпқой бокста жасаған маңызды әрі жауапты қадамдарының бірі болғалы тұр.– Америкалық бокс мамандары, сарапшылар, жан-жақтағы менеджерлердің бәрі бұл айқасты жіті бақылап, қарап отырды. Лас-Вегасқа барған кезде мамандардың біразы әртүрлі сұрақтар қойды. Робтың тәжірибелі қарсылас екенін, оған қарсы қалай дайындық жүргізгенімізді, бұрынғы әлем чемпионына қарсылас атану оңайға түспейтінін де айтты. Біз бұрынғы әлем чемпионы болмақ түгілі, қазіргі әлем чемпионына қарсы жекпе-жек өткізуге дайын екенімізді жеткіздік. Рейтингтен бөлек Жәнібектің атағының шыққаны да маңызды. Өйткені әр журналистің қаламында, сарапшы мамандардың аузында жүретін боксшылар үлкен сұранысқа ие болады. Сондықтан біз екі жағынан да ұттық. Енді он күндей демалып алып, келесі айқасқа дайындықты бастаймыз. Промоутеріміз Боб Арум мексикалық мықты боксшы Хайме Мунгияға қарсы жекпе-жекті ұйымдастыратынын айтты. Жақында келіссөздерді жүргізуді бастайды. Сол айқас әлем чемпионымен жұдырықтасуға міндетті қарсылас атанатын жекпе-жек болады деп отыр. Бірақ енді бұл кездесудің қаншалықты жүзеге асатыны белгісіз. Себебі бұл жерде екіжақты келісім керек. Егер Мунгияның командасы бас тартатын болса, онда басқа қарсылас іздеуге тура келеді, – деді боксшының PR-менеджері.
Абылайхан ЖҰМАШ