Әрбір азамат өзінің тарихы, тілі, мәдениеті үшін күресуі керек – Мәжіліс депутаты Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ
Әрбір азамат өзінің тарихы, тілі, мәдениеті үшін күресуі керек – Мәжіліс депутаты Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ
251
оқылды

Қазір ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында мелекет тарапынан көптеген патриоттық іс-шара қолға алынып жатыр. Соның ішінде ұлт руханиятын жаңғыртып, үлкен-кішінің санасына өткенінен өмірлік сабақ алар тың тақырыптарды сіңіру ұстанымы бар. Осы орайда біз қазір биік мінберде тарих, тіл, руханият, мәдениет мәселесін көтеріп жүрген Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Nur Otan» фракциясының депутаты Берік Әбдіғалиұлынан сұхбат алдық.

– Берік Әбдіғалиұлы, кейінгі жыл­дары мемлекет тарапынан «Ел бір­лігі» доктринасы, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы дала­ның 7 қыры» сияқты бастамалар аясындағы түрлі жоба, реформалар көптеп қолға алынды ғой. Соның бәрі ұлт санасын жаңғырта алды ма? Халықтың елдігіне, ерлігіне, кең­дігіне қаншалықты әсер-ықпалы болды деп ойлайсыз?
 – Нақты іс-шарамен есептесек, оның біразы атқарылды. Енді ол халық санасына қаншалықты сілкініс жасады, діттеген мақсатына жетті ме деу – маңызды мәселе. Мы­салы, «Рухани жаңғыру» аясын­да бірқатар жақсы жұмыс атқарыл­ғанын мойындау керек. Атап айтқанда, қаншама жаңа оқулық шығарылып, шетелдің ең мықты деген классикалық туындылары тікелей қазақ тіліне аударылды. Соның бәрі ана тіліміз бен ұлттық ғылымның дамуына бірден-бір септігін тигізетін дүниелер. Бірақ оны қазақы орта түгел оқып, бала­лар мен жасөспірімдер білімін шың­дауға кеңінен қолданып жатыр ма? Қазір латын әліпбиі қолға алынды. Ал ол ғылыми тұрғыдан қаншалықты зерттеліп, пысық­талып, қолданысқа енгізудің қандай жолдары қарас­тырылып жатыр? Сондай-ақ «Туған жер» бағдарламасы бойынша көпте­ген киелі мекеннің маңызын айтуға болады. Бірақ оларға қатысты ұдайы атқарылып тұруы тиіс жұмыс 2-3 жыл­мен өлшенбеуі керек. Қазір кө­теріліп жатқан мәселелермен айна­лысып, соның маманы ретінде қалыптасқан азаматтар ол еңбегінің жемісін алдағы 5-10 жылдан кейін көреді деп үміттенемін. Өйткені олардың ішінде тәрбиелік мәні зор жұмыстар баршылық.

Жалпы, жаһандану заманында әлеуметтік желілердің ықпалы күшейген сайын осындай ұлттық жобаларды дамыту – өзіміздің қа­уіп­сіздігімізді қамтамасыз етудің бір жолы. Қазақтың тарихы, әдебиеті, салт-дәстүрі бар дейміз, бірақ соның бәрін қазіргі жастар­дың көбі оқи ма? Оны халық санасына қалай жеткізу керек? «Рухани жаңғыру» дегеніміздің өзі жалпы ұлтты жаңғырту жобасы ғой. Мысалы, «Туған жер» бағдар­ламасы аясында көптеген азамат ауылына спорт алаңдарын қойып, балабақша, ескерткіш пен мешітін салып беріп жатыр. Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» мақала­сын­да қызғалдақтың әлемге Қазақстан­нан тарағаны сияқты қызықты мағлұматтар келтірілген. Сондай-ақ мұхиттың арғы жағындағы елдер үшін сақ дәуірі мәдениетінің де ықпалы зор болды. Жылқыға, алмаға қатысты да шетелдіктерді таңғал­дырған қызықты тарихымыз бар. Соны түсіне білу керек. Қазір өзімізді әлемге толық таныта алмай жатырмыз. Сондықтан біз алдыңғы жылдары Алтын Орданың 750 жылдығын өткіздік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол­дауы­мен Жошы хан кешені салы­нып жатыр. Соның бәрі тарихи сана-сезімді қалыптастырып, ұлт­тың бірегейлігін қамтамасыз ететін жобалар.

Мемлекеттік бағдарламалар әлі бастамасы ғана деп ойлаймын. Әйтпесе, ондай игілікті істер әр­түрлі тақырыпта болса да әрқашан қоғам дамуымен қатар жүруі керек. Былтырғы әл-Фараби, Абай мерей­тойлары да ұлттық саясаттың бір көрінісі. Ең бастысы, ата-баба рухына тағзым – өсіп келе жатқан ұрпаққа көрсетілген құрмет. Себебі тұлғалардың еңбегін насихаттау – нағыз идеологиялық жұмыс! Оған тек Үкімет емес, тұтас ел болып атсалысуымыз керек. Бұлай дей­тінім, біз шығарып жатқан ұлт ру­хын жанып, руханиятын жаңғыр­татын қаншама кітапты оқитын азаматтар болса, еңбектің нәтижесі сонда білінеді.
– Ол үшін оқытудың мемлекеттік бағдарламасы болуы керек шығар? Мысалы, неге Мәдениет және спорт министрлігі мен Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігіне кітап­ханалар жүйесін ретке келтіріп, қа­зақ қоғамын кітап оқуға қызықтыра білудің жобаларын жасамасқа?
– Иә, біз қазір миллиондаған, мил­лиардтаған теңгеге мәдениет үйле­рін, ауыл клубтарын жөндеп, кітаптарын таратып беріп жатыр­мыз. Шын мәнінде, соны оқыту мәселесін шешу жолдарын қарас­тыруға болады. Бірақ халықтың кітап оқып, білім көкжиегін кеңей­туге отбасылық тәрбиесі негіз болмаса, жас ұрпақтың өз тарихын білмей, тұлғаларын танымауына жалғыз Үкімет кінәлі емес қой. Өкінішке қарай, үлкендер теле­дидарға, жастар әлеуметтік желіге телміріп қалған. Ал бюджет қаржы­сына жөнделген ауыл клубтарында қарапайым домбыра мен қобыз да жоқ. Сондықтан ғимараттарды жөндеу ғана емес, оның ішкі сапасына да көбірек көңіл бөлсек дұрыс болар еді. Мәдени іс-шара­лар мен домбыра, қобыз үйрету үйірмелерін көптеп ашуға не кедергі?! Мысалы, біз «ұлт ұясы» аталған Ұлытауда мектептерге, ауыл клубтарына міндетті түрде домбыра алғызып, оны үйрететін үйірмелер аштық. Міне, нәтиже сондайда ғана болады! Ұлттық аспаптарды тартуға қолдары үйре­ніп алған балалар кейін ансамбль құрады. Сондықтан домбыра мен қобыздың өзі үлкен мәдениет.
Сондай-ақ біз  Ұлытау балала­рына өз тарихын тереңірек таныту үшін барлық мектептен тарихи-өлкетану музейлерін ашқызып, сонда байқау ұйымдастырып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан­дарға қомақты сыйақысын беріп, музейлерге көмектестік. Өйткені музей тек мектептің емес, ең алдымен сол ауылдың рухани ордасы. Мысалы, мен Торғайдағы Қызбел ауылында болғанда шағын ғана бір мектептен қаншама академик, жазушылар шыққанын көрдім. Ал өзі білім алып жатқан мектептен сондай ел мақ­таныштары шыққанын біліп өскен бала жаман болмайды. Бола­шақта еліне қызмет етеді.
– Ұлт зиялыларын ақтап, ашар­шылық ақиқатын аша бастағаны­мызға көп жыл өте қойған жоқ. Бірақ біздің мұрағатпен жұмыс істейтін құзыр­лы орган өкілдері әлі күнге дейін сол баяғы кеңестік заңға сүйе­ніп шешім қабылдайды. Ал ол кезде қызыл жағалылар нысанаға іліккен­дердің кім екеніне қарамай, жазық­сыз ата берген еді. Дұрыс, заңнан ат­та­мау керек. Алайда неге біз боль­шевиктер заманындағы көрі­неу жала жапқан, ұлт жанашырларын «бан­да», «кісі өлтіруші қылмыскер» деген заңға сүйенуден танбаймыз?
– Рас, 20-30-жылдары елімізде «бандит» атанған тұлғалар көп болды. Әйгілі «қолмерген» Кейкіні де Амангелді Имановтың жанында жүрген бір батыр ретінде ұмытып кетер едік. Бірақ оның әділдік үшін күресіп, қызылдардың қолынан қапыда қаза тапқанын тарихи құ­жат­тармен растадық. Кейін басын тауып әкеліп, тұтас ел болып жер­леген соң ғана жұрттың бәрі Кей­кінің кім екенін білетін болды. Қазір депутат болып қызмет етуден бөлек, мемлекеттік комиссияның жұмыс тобында жүріп, сол Кейкі сияқты батырларды түгендеп жа­тыр­мын. Құжат бойынша қазақ даласында 372 көтеріліс болғаны ай­тыла­ды. Енді соның тізімін жаса­мақпын. Біз Батбаққара көтерілісі­нен бастап Созақ, Маңғыстау, Абыралы, Ақсу, Ырғыз, Қызылқұм, Қарақұм сияқты 10-15 көтерілісті айта аламыз. Ал қалғаны қайда? Со­ның бәрін бастаған жеке-жеке батыр­лар еді. Мысалы, бүкіл батыс өңірінде ұсталмай кеткен Құныс­керейдің өзін айтсақ та жеткілікті. Сондай-ақ Маңғыстауда Құрмаш бар дегендей... Қазір сол кездегі қазаққа қатысты қағазды көтерсең, бәрі «бандит». Сондық­тан мен ел арасындағы аңыз, әңгімелерді жинап-теріп, мұрағат құжаттары­нан батырларды шығар­ғым келіп отыр. Өзіңіз айтқандай, әлі күнге дейін «бандит» атанып жүргендер­дің ұлт батыры ретіндегі есімін қай­тару үшін әрқайсысының Кей­кінің ұрпақтары сияқты іздеуші­лері, зерттеушілері болса, сосын олардың жатқан жерлеріне белгі қойып, көше аттарын берсек, ол да ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды.

Оларды жойғаннан кейін ашар­шылық келді. Сол кездегі билік ха­лық­қа үлкен қиянат, қылмыс жасады. Қорғайтын беткеұстарлары қал­маған елдің малын соңғы тұяғы­на дейін жинап алып, жазықсыз жұртты аяусыз қырғынға ұшырат­ты. Кейбір сұхбаттан байқап қал­дым, ұлт батырларын әлі де «басма­шы», «бандит» деп атайтындар өз арамызда да бар екен. Енді оларды саяси тұрғыдан ақтағанмен іс біт­пей­ді. Көтерілістердің мән-мағы­насын жан-жақты зерттеп, елге ерек тұлғалардың ерліктерін наси­хаттау шарт. Халықтың арасында дұрыс түсіндіру жұмыстары жүрсе, оларды ешкім «бандит» деген қара таңбамен атамайды. Әрине, арасында шын мәніндегі қылмыс­кер­лер болуы да мүмкін. Бәрін нақ­ты­лап, тексереміз. Бірақ елдің аузындағы естелікке қарағанда көбі ешкімге жөнсіз ұрынбаған, халық қамына өз тағ­дыр­ларын арнаған азаматтар.

Қазір Тәуелсіздіктің 30 жылды­ғына орай мемлекет тарапынан қолға алынған іс-шараларда сондай ел қамын жеген тұлғалардың бол­мы­сын барынша ашу көзделіп отыр. Өкінішке қарай, біз күрескер­лік рухымызды жоғалтып алдық. Әрбір азамат өзінің тарихы, тілі, мәдениеті үшін күресуі керек. Өмір­дің өзі  күрес. Халық «елдің әл-ауқаты төмендеп, баға көтеріліп кетті» деп шулап жатыр. Оның жолдарын қарастыратын білікті мамандар, Үкімет, бағаны ұстайтын кәсіпкерлер елді ойлайтын болса, бұл уақытша қиындықтан да шы­ғамыз.
– Ал өзіңіз Мәжіліс депутаты ретінде қай мәселені басты назарда ұстап отырсыз?
 – Мен бұрыннан мемлекеттік тіл мәселесін көтеріп жүрмін. Де­путаттық мандат берген соң бірінші кезекте соны қолға алдым. Бұрын­ғы әріптестерім бастап кеткен ар­найы заң жобасы қолыма түсті. Басшылар оны маған сеніп тапсыр­ды. Содан кейін қазақ тілінің қол­да­ну аясын кеңейту жағын қолға алдым. Мемлекеттік тілді дамыту­дың әртүрлі жолы бар, әрине. Ал мен Үкіметке қазақша елді мекен­дер мен көше атауын аудармасыз, тек  мемлекеттік тілде жазуды ұсынып отырмын. Сонымен қатар Президенттен бастап ауыл әкіміне дейін мемлекеттік органдарда қолданылатын бланктарға орыс тілінің қажеті жоқ. Құдайға шүкір, қазір отандастарымыздың бәрі қазақ тіліндегі «Аудан әкімдігі» деген сияқты 1-2 ауыз сөзді оқи алады.
Үкімет дерегінше, қазақстан­дық­тардың 90 пайызы мемлекеттік тілді біледі екен. Оның бәрі сайрап кетпесе де, тым құрыса, мектептік деңгейде оқи алатын мүмкіндіктері бар деп ойлаймын. Мектеп, бала­бақ­ша, аурухана сияқты мемлекет­тік мекемелерді айтпағанда, елор­да­дан бастап әрбір ауылдағы әкім­дік­терге дейін мемлекеттік орган­дар­дың маңдайшаларындағы атаулар да қазақ тілінде жазылуы керек. Мысалы, Үкімет үйі мен Бас прокуратура ғана солай жазылған. Ал қазақ ұлтының өкілдері ғана шоғыр­ланған шалғайдағы ауылдар­ға не үшін «Сельский акимат» деп жазып қояды? Өйткені қазіргі заң талабы сондай. Енді қазақ тілінің аясын жұрттың көз алдындағы атауларды дұрыстау сияқты шағын қадамдармен кеңейтетін заң жобасын Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің қолдауымен күзге қарай қабылдаймыз деген жоспар бар. Бірінші оқылымнан өткіздік.

Қазір  мемлекеттік комиссия­ның тарихи құжаттарды құпиясыз­дандыру жөніндегі кіші комиссия­сына жетекшілік етемін. 30-50-жыл­­­дар аралығындағы «құ­пия» деген белгісі бар құжаттарды құпиясыздандырумен айналысып жатырмыз. Мемлекеттік мұрағат, Президент мұрағаты, ҰҚК, ІІМ, облыстарда жұмыс біртіндеп жүре бастады. Оның өзі ғалымдардың тарихымызды толық зерттеуіне әжептәуір жол ашады.

Сонымен қатар күзде жергілікті жерлерді басқару үшін аудан, ауыл әкімдерін сайлау заңына міндетті түрде қазақ тіліндегі емтиханды қосу мәселесін көтермекпін. Бізде әзір Президент қана мемлекеттік тілден сынақ тапсырады ғой. Сол талапты депутаттарға да, әкімдерге де қою керек.
 – Байқауымша, сіз мәселенің бәріне ұлттық патриотизм тұрғы­сынан қарайтын сияқтысыз. Солай ма?
– Солай деуге де болады. Мысалы, жоғарыда айтып өткен тілге жанашырлық, кәсіпкерлердің азық-түлік, дүние-мүлік бағасын төмен мөлшерде ұстап тұруы болсын, оған қоса дәрігердердің халық денсаулығы үшін өзін пандемияның құрбаны етуі бол­сын, соның бәрі патриотизм. Енді патриот болу деген тек  Отан үшін отқа түсу емес, әркімнің өз сала­сында жүріп-ақ елге күнделікті қызмет етуі ғой. Мысалы, қара басының қамын ойлап, айлық үшін  жұмыс істеген мұғалім ешқандай нәтиже бермейді. Ол бірінші кезекте ұрпақтың жақсы білім мен тәрбие алуын ойлауы қажет. Ал айлықты ондай игіліктен кейінгі орынға қоя білу де патриотизм. Сол үшін Білім және ғылым министрлігі мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту жөнінде бірқатар жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір «Nur Otan» партиясының бағдарламасы бойынша сол мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығы жыл сайын 25 пайызға көтерілуде. Құдайға шүкір, жұмыс тәжірибесі бойынша 300, 400, 500 мың теңгеге дейін айлық алатындары бар. Ахмет Байтұрсынұлының «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын?» дегенін ескерсек, мемле­кет халыққа барынша қамқорлық жасап, көмектесуге тырысып бағуда. Халық та үйде отырып алып сырттан сынай бермей, мемлекетке соншалықты жақындау болып, қолдау көрсетіп отырса, ол да патриотизм. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған мемле­кеттік комиссия да патриоттық жоба. Өйткені «қызыл террор» кезінде «халық жауы» атанған аталарын ұмытып кеткен ұрпақтар бар. Біз сол комиссия аясында тұлғаларды тауып, енді қазіргі ұрпақтарын іздестіріп жатырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет! Жұмыс­тарыңыз берекелі болсын!
Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕН