«Ерлік ешқашан ұмытылмайды» – Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы
«Ерлік ешқашан ұмытылмайды» –  Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы
455
оқылды
Екінші дүниежүзілік соғыста елімізден 1 миллионнан астам қазақстандық фашизмге қарсы күресті. Олардың жартысына жуығы ұрыс алаңынан қайтқан жоқ. «Ұмытылған қаһармандар» кітабы – ерліктері ел есінде қалған, ұмытылған батырлар туралы сөз қозғайтын құнды дүниелердің бірі. – Берік мырза, Жеңістің 75 жылдығына орай «Ұмытылған қа­һармандар» кітабы жарыққа шықты. Бұл кітап несімен құнды? – Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең үлкен және қантөгісті болды. Өткен жылдар мен онжылдықтар соғыс зардабының қиыншылықтарын бәсеңдеткенмен, оны тарихтағы жаңа кезеңдермен ұмыттыр­ға­нымен, статистикалық мәлімет былай дейді: «Ұлы Отан соғы­сындағы» шығын өте зор болды. 1 миллионнан астам, дәлірек айтқанда, 1 366 164 қазақстандық фашизмге қарсы күрес жүргізді. Олардың жартысына жуығы (602 928) ұрыс алаңдарынан қайтып оралмай, мәңгі бақи жас күйінде қалды. Түрлі дереккөздер бойын­ша, 1941-1945 соғыс жылдары қа­зақтардан 130 мыңнан астам адам ғана қаза тапты делінген. Бірақ бізде күмән бар, бұл ақпа­ратты қайта есептеу қажет. Себебі бізде сол соғысқа қатысы бол­ма­ған отбасыны табу қиын. Бүгінгі күні Ұлытау ауданы бойынша арнайы комиссия құрып, қайта есептетіп жатырмын. Сонымен қатар із-түссіз жоғалып кетті деген жерлестерімізді де іздеу жұмыстарына қолдау көрсетіп жатырмыз. Байтақ жатқан далаға таң қылаң бере баса-көктеп кірген соғыс елдің бейбіт өмірін бұзып, тарихтың барысы мен елдің тағдырын түбегейлі өзгертті. Ата-бабаларымыз батылдық пен ерлік көрсетіп, жауға қаймықпай қарсы шығып, Ұлы Жеңіске қол жет­кізді. Шеті мен шегі көрінбейтін майданның әр түкпірінде коман­дирлер марапат қағаздарына жүгіне отырып, сарбаздардың ер­ліктері туралы жазды. Шай­қас­тардың арасында асығыс жа­зылған әрбір жолда шындықтың даусы естіледі. Өйткені алдыңғы шепте өлім үнемі серік болған кезде өтірікке ешқандай жол жоқ. Алайда, өкінішке қарай, бар­лық құнды құжаттар бүгінге дейін жеткен жоқ. Бірақ біз Ұлы Же­ңістің немерелері мен шөбе­релеріміз, бізді соғыс балалары тәрбиеледі. Олар жарақаттарымен қайтып келген, жарты ғасыр өтсе де соғыс кезінде алынған зақым­ның кесірінен түні бойы айқай­лап, түстерінде фашистермен шайқасты жалғастырған әкелерді көрді. Өздерінің ұлы, күйеуі, әкелері майданнан оралмаған әйелдердің жылаған дауысын естіді. Олар әкелерінің жеңіске деген ерлігі үшін мақтаныш се­зімін бізге жеткізді. Ондаған жыл­дар өтсе де, біз олардың ер­ліктеріне таңғалуды тоқтатпадық, ұрыс алаңдарынан қайтпаған­дардың қайтыс болуына өкіні­шіміз басылмады. Бұл кітап соған негіз болды. Ұмытылған қаһар­мандарды жоқтаған шығарма деп айтуымызға болады. – Қазақта іс-түссіз кеткен жауынгерлер өте көп. Әжелеріміз «кебенек киген келеді» деп, өмір­бақи күтті. Соғыста белгісіз кеткен жауынгерлердің нақты тізімін анықтай алдыңыздар ма? – Қазақстанда барлығы 12 атқыштар, 4 кавалериялық диви­зиялары және 7 атқыштар брига­дасы, 50 жеке полк, соның ішінде 2 артиллериялық дивизионы, 4 минометтік дивизионы, 3 авиа­циялық полкі, 14 жеке батальоны құрылды. Оның ішінде респуб­ликаның қаражаты есебінен екі атқыштар бригадасы (100-ші – Алматыда, 101-ші – Ақтөбеде) және үш кавалериялық дивизия (96-шы – Өскеменде, 105-ші – Таразда, 106-шы – Астанада) құ­рылған. Ресей, Беларусь, Украина және бүкіл Еуропа ел­дерінде миллиондаған белгісіз және аты сақталмаған жас ба­тырлар мәңгілікке қалды! Соғыс алаңдарында іздестіру жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда, олар бүгінге дейін «жоғалғандар» тізі­мінде тұр. Олардың ерліктері туралы біз әлі білмейтініміз қаншама?! Он мыңдаған сарбаз бауырластар зиратта жерлен­бе­гендіктен іздеушілерін күтуде, жақындарына өздері жайлы хабар жетуін күтуде, ал олардың дене­лері барлық құрметпен жерленуі тиіс. Өйткені олардың барлығы есте сақталуға лайық, ұмытылып кетпеуі керек, олардың әрқайсы­сы нағыз қаhaрмандар. «Ұмытылған қаһармандар» кі­табына енгізілген қаhарман­дардың есімдері, өкінішке қарай, негізінен жақын туыстарынан басқа адамдарға таныс емес. Мектеп, көше мен ауылдарға аттары берілмеген. Шайқаста жасаған ерліктері, соғыста бірге болған жолдастарының арасында мойындалғанымен, партия бю­рократтары мен штаб «бастық­тары» тарапынан ескерусіз қалды. Тарихи әділеттілік үшін ұмы­тыл­ған батырлар туралы айту – біздің міндет. – Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылған қазақстан­дықтар өте көп, Батыр атағын бермеуінің сыры неде? – Соғыс жылдарында біздің 497 отандасымыз Кеңес Одағы­ның Батыры атағына ие болды деп есептелді. Егер ұлты бойынша жіктесеңіз, олардың 280-і орыс­тар, 96-ы қазақтар, 86-ы украин­дар, 45-і басқа ұлт өкілдері. 113 қазақстандық 3-дәрежелі Даңқ орденінің толық иегері атанды. Бірақ соңғы зерттеулер көрсет­кендей, жаңартылған мәлімет­терге сәйкес, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жасаған ерліктері үшін 103 қазақ – Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы аты аңызға айналған атақты қолбасшымыз Бауыржан Мо­мышұлына қайтыс болғаннан кейін берілді. Айта кету керек, екі Кеңес Одағының Батыры: Сабыр Рахымов пен Расул Исетов ұлты бойынша қазақтар, бірақ кезінде өзбек болып жазылып кеткен. 2007 жылы Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық мұраға­тының құжаттарынан «Жоғарғы құпия» грифы алынып тастаған­нан кейін көптеген шындық ашы­лып, арнайы интернет-жо­балар сайттарында орналас­тырылды. Ұрпақтары марапаттау қағаздарын көріп, аталарының, әкелерінің ерлігі туралы біле алды. Бұдан басқа, Кеңес Ода­ғының Батыры атағына ерлігі үшін ұсынылып, бірақ белгісіз себептермен басқа марапаттау түрін алғандардың көбі анық­талды. Осы жоғары атаққа ерлі­гімен лайықты болып, бірақ Кеңес кезеңінде оны алмаған кей­бір батырлар тәуелсіз Қазақ­станда «Халық Қаһарманы» атағына ие болды. Атап айтқанда, Сағадат Нұрмағамбетов (1994 ж.), Қасым Қайсенов (1995 ж.), Ба­тыораз Бейсекбаев (1998 ж.), Рахымжан Қошқарбаев (1999 ж.), Хиуаз Доспанова (2004 ж.). Бақ­тыораз Бейсекбаевқа Ресейдің батыры атағы да берілді («Капи­тан Масловтың экипажы»). Өкі­нішке қарай, көпшілік жауын­герлерге Қаhарман атағы қайтыс болған соң берілді.    width= «Ұмытылған қаһармандар» жинағына енгізілген Батыр ата­ғына ұсынылған 133 майдангердің көпшілігі жаяу әскер, сондай-ақ 26 артиллерист, 14 пулеметші, 8 сапер, 5 танкист, 4 танкіге қар­сы өздігінен жүретін (СУ, ИСУ) ат­қыш, 5 снайпер, 4 санитар, 3 бай­ланысшы, 2 кавалерист, 3 де­сантшы, 1 әуе десанты, 1 ұш­қыш, 1 инженерлік әскер және ІІХК-нің (НКВД) 1 қызметкері болды. Ұлты бойынша – 118 қа­зақ, 6 орыс, 3 өзбек, 3 татар, 2 ұй­ғыр, 1 тәжік. Олардың әрқай­сысы ерлік жасады, Ұлы Жеңіске өз үлесін қосты. Олардың арасында атақты снайпер Төлеуғали Әбдібеков екі жылға жуық мерзімде, 1942 жыл­дың 14 мамырынан бастап 1944 жылдың 21 ақпанына дейін, ат­қыштар ротасының снайпері болып, ол өзінің снайперлік вин­товкасынан 397 фашисті жойды. 1944 жылдың 23 ақпанында қай­тыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсы­нылды, бірақ І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. Аты аңызға айналған мерген Ыбырайым Сүлейменовтің есімі көптеген адамға белгілі. Өзінің есебін 289 адамға жеткізіп, соңғы тынысы қалғанша күресіп қаза болды. Аты аңызға айналған ұшқыш капитаны Байтұрсын Есіркеповтің аты көпке мәлім емес. Суворов полкінің 127 гвар­диялық бомбалаушы авиациялық Борисов орденінің эскадрилья командирінің орынбасары, көрсеткен ерлігі үшін Батыр ата­ғына ұсынылған. Ал ұлытаулық Айтжан Батырбековтің ерлігін оқи отырып, адамның қанша­лықты ержүрек болу керегін түсінуге тырысасың. Ол санитар шайқас алаңынан жай ғана 20 жаралыны алып шығып қана қоймай, отқа оранған танктен барлық экипаж мүшелерін алып шықты, жанып жатқан танкті өз денесімен сөндірді. Сонымен қатар сегіз отанда­сымыз екі рет Батыр атағына ұсынылған болатын. Олардың екеуі капитан Сағадат Нұрма­ғамбетов пен Сейтхан Темірбаев болса, әрқайсысы бір рет Батыр атағын алды, ал қалғандарына екі ретінде де берілмеді. Олардың арасында саперлер – қатардағы жауынгер Құдайберген Жансерік және аға сержант Мінайқұл Сағындықов, атқыштар ротасы­ның командирі, лейтенант Қа­быш Көктаев және снайпер, есебінде 248 фашистің көзін жойған аға сержант Зейтін Бай­жанов, сонымен қатар майор В.Гутов пен лейтенант В.Гутов­ский бар. Шығыс Қазақстан облысы Зыряновск қаласының тұрғыны майор Александр Нес­миянов Кеңес Одағының Батыры атағына үш рет ұсынылды. Үш ретінде де берілмеді. – «Ұмытылған қаһармандар» кітабын жазуға қанша уақыт кетті? – Он жылдай болды. 2010 жы­лы Мемлекеттік тілді дамыту қорының қолдауымен біз алғаш­қы «Халық Батыры» патриоттық акциясын өткіздік. Мақсаты – 1941-1945 жылдары өткен соғыс­тағы қазақстандықтардың ерлі­гіне лайықты құрмет көрсету. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ әртүрлі себеп­термен осы лайықты марапатқа ие болмаған майдангерлердің есімдерін іздестіру мен халық жадында жаңғырту. Бұл – жеңіске жетуге тиіс тарихи әділеттілік. «Ұмытылған батырлар» жобасы сондай-ақ әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған. Біздің жұмысымыздың алғашқы жемісі де бар. Бірінші кезеңде біз осы жоғары дәрежеге ұсынылған 10-ға жуық қазақстандықтың материалдары мен құжаттарын жинадық. 2015 жылы «Забытые Герои. Герои Советского Союза» атты жинақталған материалдар жарияланды. Сонымен қатар Қазан қала­сының Ұлы Отан соғысының Ұлттық музей-мемориалынан ресейлік әріптесіміз М.Чере­па­нов бізге үлкен көмек көрсетті. Бұдан басқа, қазақстандық офи­церлер туралы 25 томдық еңбек пен 2018 жылы жарыққа шыққан Батыр атағы берілмеген қазақ­стандықтар тақырыбына арнал­ған кітаптың авторы Ж.Доспанов ағамыз елеулі жұмыс атқарды. – Бұл жобаны жалғастыру ойыңызда бар ма? – Біз осы жинақта батырлары­мыздың бір бөлігін ғана атап өттік. Кейбір жауынгерлерімізге КСРО Батыры атағын әділетсіз бермегені туралы және қазір олар «Халық Қаһарманы» атағына ие болу керек дегенді жиі естиміз. Бірақ дәлелдің барлығы да құжат­талмаған, біз көптеген отанда­сымыздың ерлігі туралы мәлім­демелерді Ресейдің Қорғаныс министрлігінің архивінен таба алмадық. Алайда бұл ерлік жоқ дегенді білдірмейді. Дәлел мен құжаттарды іздеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жинақта біз тек марапаттау парақшасы тізімінен табылған ардагерлерді кіргіздік. Бұл жинақтың мақсаты – әрқайсысымыз өзіміздің батыр аталарымыз бен бабаларымызға көзқарасымызды өзгертіп, Екін­ші дүниежүзілік соғыстағы жер­лестеріміздің ерлігін тағы да бір рет еске түсіру. Біздің қаһарман батырларымызға қатысты ұлттық немесе басқа да ерекшеліктерге негізделген кемсіту деген ойдан аулақпыз. Қалай болса да, бұл қатені түзетуге тура келеді. Күн­дердің күнінде әділеттілік ор­найды және біздің батырлары­мыздың есімі мәңгі есте сақта­лады. Олардың есімдерімен көшелер, мектептер аталады. Олар туралы фильмдер түсіріледі. Олар – біздің мақтанышымыз! Бұл оларға қажеті жоқ, бірақ бұл бізге және біздің ұрпағымызға қажет. Керемет ерлік жасаған қаһармандардың ұмытылып кеткен есімдерін халыққа қайтару үшін мұны істеу керек. Өздерінің тікелей қызметтестері, олардың командирлері ерліктеріне баста­рын иіп, оларға ең жоғары Батыр атағын ұсынды! Олардың ерлігі мәңгілік екенін және мақтаныш ету қажет екенін білген абзал. Ерлік ешқашан ұмытылмайды және ұмыт та қалмайды. Сонымен қатар біз батырлар­дың туған-туыстарын, қайтып оралғандар туралы ақпаратты, олардың алдағы тағдырын іздес­тіруді жалғастырамыз. Әрине, бұл соңғы тізім емес. Әлі де құжаттары жоғалған және ұмытылған батыр­ларымыз бар, бірақ күндердің күнінде архивтерден алынатын болады. Біздің батырларды іздес­тіру жұмыстарымыз жалғасады, өйткені әскери шындық бар, қаза тапқан соңғы жауынгер жер қойнына берілмейінше, соғыс аяқталмайды!  

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС