Қоғамдық тасымалдау қызметі қолдауға зәру
Қоғамдық тасымалдау  қызметі қолдауға зәру
201
оқылды

Жақында Семейде автопарктің жүргізушілері мен кондукторлары кезекті рет ереуілге шықты. Одан бір апта бұрын Ақтөбеде автобус жүргізушілері жаппай жұмыстан кетті. Бұдан басқа, кейінгі екі-үш айдың мезетінде Шымкент, Талдықорған, Ақтау, Қостанай қалаларында қоғамдық көлік жүргізушілерінің наразылық шаралары өтті. Кейбір өңірлерде мұндай акциялар әлденеше рет қайталанды.

Жолаушылар тасымалы сала­сының проблемасы шаш етектен әрі ол көп жылдан бері қор­да­ланып қалған: кәсіпорын­дардың дағ­дарыс­қа ұшырауы, жалақы айлап кешігіп берілуі және әлеуметтік төлемдерден құр қалуы, тағы сол сияқты. Осы­дан келіп республика бойынша көлік саласының мың­даған ма­ма­нының басына бұлт үйірілді. Соның салдарынан он мыңдаған адам күнделікті жұмы­сынан қа­лып, баратын жеріне дер кезінде жете алмай пұшайман күйге түседі.

Бұл саланың басынан бір арыл­май келе жатқан проблемалар мен жұмыстың мазасыздығынан кә­сіби, білікті жүргізушілер авто­бус жүргізуге құмарта қой­майды. Олардың орнын тәжіри­бесіз ма­мандар алмастырады, сөйтіп сапар барысында түрлі апат, тө­тен­ше оқи­ғалар болаты­нының бір себебі осыдан. Оның үстіне, қоғамдық көлік автопарктерінің жағдайы да көңіл көншітпейді. Ақаулы көлік­тер­дің жол үстінде сынып жатуы, тіпті отқа оранған кездері жиі ұшы­расады.

Тағы бір күрмеуі қиын мәсе­­ле – субсидия. Жыл сайын тұр­мыс­тық қажеттіліктер қымбаттап ба­рады, тасымалдау ісіне әсер етуші факторлардың құны өскен: тең­генің құнсыздануы, жанар-жағар­май мен көлік бөлшектері баға­сының өсуі, карантин кезінде қо­ғам­дық тасымалдың толықтай тоқ­­татылуы немесе қызметінің шек­телуі, тағы басқа. Бірақ мем­ле­кет тара­пынан қоғамдық тасы­малдау қыз­метіне берілетін де­меуқаржы кө­лемі бұрынғысынша деңгейде қалып қойған. Бұл та­сы­малдаушы кәсіп­орындардың қар­жылық жағ­дайын қиындатып, көп шығынға ба­тырды. Әлеуметтік маңызды бағыт­тарды субсидиялау тек 2019 жыл­дан басталды. Бірақ кейбір об­лыстарда 2021-2023 жылдың бюд­жетін бекіткенде оған бөлінуі тиіс шы­ғындар ескерілмеген. Тіпті, бір­шама аудан мен қалаларда тасы­малдау қызметтеріне ешқа­шан де­­меуқаржы берілмеген, тіпті көп­­теген ауылдық және қала маңы тасымалы әлі күнге әлеумет­тік маңызды маршруттар деп мойын­далмаған да.

Үкімет халықтың бірқатар осал топтарының қоғамдық кө­ліктерде жүріп-тұруына жеңіл­діктер бер­ген, бірақ тасымал­­­дау­шы­лардың оған жоғалтқан қар­­жысына өтем­ақы төлеуді қа­рас­тырмаған. Ки­кіл­­жіңнің бәрі осы тұстан туады: та­сымалдаушы жеңіл­дігі бар жо­лау­шыларды көліктеріне мін­гізгісі келмейді, ал олар Үкімет берген жеңіл­дігім бар деп өзеу­рейді. Әлеу­меттік шиелі­ністің туындау се­бебі­нің бірі де осы. Сөйте тұра, қалып­тасқан жағ­дайды шешу үшін атқа­рушы органның орталық бас­қар­­масы да, өңірлік бөлімшелер де бұл мә­се­лені шешуге құлықсыз.

Күні кеше Үкімет отырысында жоғарыда көрсетілген пробле­ма­лар шешілмей жатып, авто­парктердің бәрін жеке­меншікке беру туралы ұсыныс айтылды. Бұл проблеманы одан әрі шиеле­­ністіріп жібермей ме, соның жайын кім ойлады?

Семейде автобус паркінің жабылу қаупі бар

16 маусым күні Семейде Semey Bus ЖШС мен «Семей» авто­пар­кінің автобустары жұмысқа шық­пай қалды. Қоғамдық та­сымал­­даушылар осы арқылы өз­дерінің пробле­­ма­­ларына жұрт­шылықтың, мемле­­­кеттік орган­дардың назарын ау­дартқысы келді. Бұл бірінші ки­кілжің емес, былтыр жаңа жыл қарсаңында Семейде автобус жүр­гі­­­зушілері жалақының әлденеше ай кешік­тірілуіне бай­­ланысты тағы да жолға шықпай қал­ған болатын. Бұл жолы олар осы әрекеттерімен сот­­тың автобус пар­кіне қатысты шы­ғарылған ше­шіміне наразы­лығын білдірді.
Semey Bus ЖШС мен «Өнер­кәсіпті дамыту қоры» АҚ арасында сот болып, енді осы үкім бойынша автокәсіпорынның несиеге сатып алған 170 автобусы тәркіленуі тиіс. Бұл автопарктің толықтай жабы­луына әкеліп соқтырады.

«Автобус паркінің қызмет­кер­леріне екі жыл бойы зейнет­ақы­лық жарна төленген жоқ. Өйткені әкім­дік субсидия бөлеміз деп уәде етке­ніне екі жыл өтті, күнде «ер­теңмен» тойдырып ке­леді, зей­­нет­ақы жар­­­насы осы қаржы арқылы төленетін болады. Адамдар уәде­­ден жалықты. «Жы­ғылған үстіне жұдырық» бо­лып, сот шешімі бойын­ша «БРК-Лиз­инг» біздің автобус­тарды тәркілеп алуы тиіс. Ондай жағ­дайда автобус паркі жабылады да, жұмыс­­шы­ларымыз­ға ешкім жа­лақысын да, екі жыл­дық зейнет­ақы жарна­­­сын да төле­мейді. Адам­­дардың ызасын келті­ріп отырған осы», – дейді Semey Bus ЖШС қаржылық ди­ректоры Жанна Теміржанова.

Өскеменде жанармай бағасын арзандатуды сұрайды

Өскеменнің қоғамдық кө­лік­пен тасымалдаушылары жер­гілікті атқарушы органның су­бсидия бөлмеуі автокә­сіпорынды қиын материалдық жағдайға жеткізді деп санайды. Осыған бай­ланысты олар биліктен авто­бустардан валида­торларды алып тастауды талап етті. Өйткені соны салдарынан жүргізу­шілердің қо­лына «тірі» ақша түс­пейді де, олардың жанармай са­тып алуға және көліктерін жөндеуге жағ­дайлары жоқ.
«Біз таңғы үште төсектен тұ­рамыз, түн ортасына дейін жұмыс істейміз. Жол дегеніңіз ойқы-шойқы, қыста көктайғақ, көлік жиі бұзылады. Жанармайдың ба­ғасы қымбат. Күні бойы тапқан табысы жанармай мен өндеуге кетеді, артық ақша таппаймыз десе де болады», – дейді автобус жүр­гізушілері.
Наразылық акциясына шық­қан жүргізушілермен кездескен Өс­­кемен қаласының әкімі Жак­сылык Омар қоғамдық көлік­терге жаппай электрондық билеттеу жүйесі енгі­зілгеннен кейін ғана субсидия бө­­лінетінін ашып айтты. Бұл жо­­­лау­шылар тасымалы қыз­метінің нақты қаржылық мұқ­­таждығын көрсетеді, субсидия соған сай бері­леді деген уәжін ес­­тіртті. Жап­пай элек­­трондық билет жүйесі жоспар бойынша шілде айының соңына дейін енгізілуі тиіс.

Алматы әкімдігі тасымалдаушыларға 4 млрд теңге қарыз

Алматы әкімдігі жолау­шы­ларды қоғамдық көлікпен тасы­малдаушы кәсіпорындарға жыл басынан бері субсидия төлемеген. Соның салда­­ры­нан әкімдіктің же­ке компанияға қарызы 4 млрд теңгеге жеткен. Қа­ла­­лық мобиль­дік басқарма басшы­­сының орын­басары Сымбат Мыр­­зағұлов әкім­діктің кәсіпорын­дар алдын­дағы қарызы бар екенін мойын­дай келіп, берешекті бірте-бірте өтеп жатқандарын жеткізді.
«Біз автопарктердің тоқтап қа­луына жол бермейміз, бұған дейінгі берешек ақшаның 50%-ын төледік, әлі 4 млрд теңге қалды. Былтыр індет ушығып тұрған кезде авто­парктер қызметін тоқ­татқан жоқ. Қала билігі та­сы­малдау­шыларға көмек ретінде жанармай бағасын төмендетті»,– деді ол.
Шенеуніктің айтуынша, жо­лаушыларды тасымал­даушыларға субсидия кешеуілдетпей беріліп тұрады. Ендігі күні қоғамдық көліктердің әлеуметтік маңызды бағыттардағы қызмет тарифтерін қайта қарауға тіреліп тұр. Қазір осы­ған байланысты тексеру жұ­мыстары жүргізіліп жатыр екен. Соның нәтижесіне қарай субсидия беріледі.

«Мәдина» автопаркінің ди­ректоры Бекежан Тыныш­тық­байұлының айтуынша, кәсіпорын несие рәсімдеп, лизинг бойынша көлік алып, автобус паркін 100 % жаңартқан. Әкімдік енді газбен жүретін жаңа автобустар сатып алуға нұсқау берген көрінеді. Бірақ кәсіпорын бүгінгі несие­лерінің өзін әзер өтеп отыр. 

Биыл жолаушылар тасымалы ұлғайды, алайда әкімдік жаңа та­риф бойынша баға белгілеуге асығар емес. Соның салдарынан бүгінде автопарктер техни­ка­сының сапасы тым төмендеп кеткен. Қазір тасы­мал­даушы­­лардың отынға қарызы – 33 млн теңге, бөлшек сай­мандарға қа­рызы 170 мың теңгеге жеткен.

Жолаушыларды қоғамдық кө­­­лікпен тасымалдаушылардың бұдан да басқа проблемасы жетіп артыла­ды. Оны жергілікті атқарушы ор­гандар да жақсы біледі, тек авто­­тасы­­­­мал­даушыларды нақты қолдауға келгенде әрекеті кем. Мұ­ның зар­дабын ең бірінші автобуспен жүретін қа­рапайым жолаушылар шегеді. Егер дәл осылай шиеленісе берсе, жағдай әбден ушығып кетуі, оның соңы әлеметтік наразылыққа ұрындыруы мүмкін.
Дәулет АСАУ