Мәжбүрлі vs ерікті вакциналау: елді не алаңдатады?
Мәжбүрлі vs ерікті вакциналау:  елді не алаңдатады?
202
оқылды

ВАК ұсынысымен Бас мем­ле­кеттік санитар қабылдаған қаулы бойынша жаңа шектеу шаралары өмірге жолдама алды. Енді ұжым­дарға вакцина салғызбағанды жі­бермеу ісі қолға алынып жатыр. Тір­шілігінің көзі болып отырған жұ­мы­сынан айырылатынын түсінген жұрт амалсыз егілуге жүгірді. Со­рақысы сол, шенеуніктер жұртшы­лықты осыған мәжбүрлегенімен, өзі соған дайын болмай шықты. Әлеу­меттік желіде, Үкімет мүшелерінің блогында шағымданған жұрт вак­цина жоғын айтып, дабыл қағып жатыр. Біз әр тараптың пікіріне зейін қойдық.

«Міндеттейміз, бірақ мәжбүрлемейміз»

Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы­ның (ВАК) шешімі 23 маусымда жария етілгені мәлім. Комиссия төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жаңа шараларға Үн­дістаннан тараған «Дельта» штамы негіз болғанын білдірді: «Үнді штамы аса қауіпті, жұқпалығы 60%-ға жоғары. Өзіңізді қорғаудың және аурудың қаупін азайтудың оңай жолы бар, ол – корона­вирус вакцинасы. Сондықтан әрбір қа­зақстандыққа өзінің, жақындары мен туыстарының денсаулығына қамқорлық көрсетуге және қысқа мерзімде COVID-19 дертіне қарсы вакциналауға кеңес береміз», – деді Е.Тоғжанов.

ВАК шешіміне және Бас санитар қаулысына сай, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және ауырып жазылған адамдарды қоспағанда, қызмет көрсету саласының, өнеркәсіптік кәсіп­орындар мен өзге де ұйымдасқан ұжым­дардың барлық қызметкері КВИ-ге қар­сы вакцинациялануға міндетті болады. Әрине, Денсаулық сақтау кодексінің 85-бабы бойынша «міндетті профилакти­калық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесіне кірмейтін профекпелерді жүр­гізу – ерікті». Сондықтан мәжбүрлеу болмайды: егер қызметкер екпе еккізуден бас тартса, өз еркі: бұл жағ­­дайда ол жұмыстан шеттетіледі және тек апта сайын ПТР-тест тапсырып, осы індеттен таза екенін растайтын анықтама әкеліп тұрса ғана жұмыс орнына жіберілуі керек. Ақысын төлемей, жұмыстан шет­тету – жұмыстан қуылумен тең. Ал 7 күн сайын қымбат тест тапсыруды әркімнің қалтасы көтермейді. 

«Ұйымдасқан топтарға 20-дан астам адамнан тұратын кез келген ұжым кіреді. Яғни, осы ұжымдардың жұмыскерлері егер медициналық қарсы көрсетілімдері болмаса, міндетті түрде вакцина еккізуі тиіс. Одан бас тартса, әрбір 7 күн сайын ПТР-тест тапсыру талабы қойылады. Егер медициналық анықтамасы болса, онда ПТР зерттеуі қажет емес. Қазақ­станда медициналық көрсетілімдері бо­йынша шеттетілген азаматтардың үлесі тіпті 1%-дан аз, олар вакцинацияланған өз әріптестерінің ұжымдық иммунитеті есебінен қорғалатын болады» деп мә­лімдеді ДСМ-нің Санитарлық-эпи­де­мио­логиялық бақылау комитетінің төра­ғасы Айжан Есмағамбетова.
Бұған қоса, Ashyq жобасы кеңейтіліп, оған сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, киім-кешек және азық-түлік емес базарлар секілді жаңа кәсіп­керлік субъектілері қосылады. Сол се­бепті мемлекет осындағы барлық қызмет­керді, саудагерлерді, сауда нүктелерін жалға алушыларды вакциналауға мін­деттеді.
Суық мәлімдеме жасалғалы бері шынында, егілушілер саны күрт артқан. Мысалы, бұл шешім қарсаңында 2,8 млн адамға ғана вакцинаның бірінші ком­поненті (1,7 млн адамға – ІІ компоненті) егілген. Ал енді 28 маусымдағы мәлімет бойынша Қазақстанда I компонентті 3 165 155 адам (II компонентті – 1 905 062 адам) салдырып үлгеріпті.  Тәуліктік көрсеткіштер де еселеп болмағанымен, қарқынды артқан. Жаңа шектеулер қарсаңында, 22 маусымда бір тәулікте 49 224 адам егілген. Шешім жария етілген 23 маусымда бұл сан 63 152 адамға жетті. Ал ертесіне 76 665 адамға дейін ұлғайып, 3 миллиондық меже ең­серілді. Алайда 28 маусымда бар-жоғы 35 060 адам ғана екпе еккізіпті.

Вакциналау қарқыны неге баяулады?

Мұның бірнеше себебі анықталып отыр. Біріншіден, қазақстандықтардың үлкен бөлігі клиникалық сынақтары біте қоймаған ресейлік Спутник V-ға сен­бейді. Әйтпесе, қоймаларда бұл вакцина жетіп артылады.

Екіншіден және ең бастысы, егу пункттерінде өзге вакцина тапшылығы бар. Отандық QazVac-ты табу қиын, бар жерде жетіспейді. Қазақстандықтар арасында Hayat-Vax танымал. Себебі оны қытайлық Sinopharm жасағанымен, Біріккен Араб Әмірліктерінде өндіріледі. Содан бұқара арасында, ауыл-аймақта «бұл вакцина арабтікі, халал екен» деген қауесет тарап кетті. Бұдан бөлек, вакцина алушылар қытайлық CoronaVac-ты іздейді: «өйткені онда тірі вирус жоқ, ол өлтірілген, инактивті вакцина», – дейді жұртшылық. 

Уақыт бөліп, бел буып барғанымен Hayat-Vax пен CoronaVac жоқ болып, егіле алмағанын айтқан кейбір азамат Mega Silk Way пиаршысы, блогер Әлішер Елікбаевқа шағымданды. Ол кішкене сабыр сақтай тұруға шақырып, азамат­тардың мұндай тасқыны күтілмегенін, сондықтан бұл вакциналар «Мегада» тез таусылып қалғанын айтып, ақталды.

Өз бетінше әлеуметтік желі арқылы өзара ақпарат алмасқан қала тұрғындары қалаған вакцинасы бар дегенді естіп, емханаларды жағалап жүр. Алайда ем­ханалар тек өзінде тіркелген пациенттерді қабылдап, өзгелерін есіктен кері қай­тарып жатыр. Шенеуніктер бұл жағын да ескермегенге, экстерриториалдылық қа­ғи­датын енгізбегенге ұқсайды. Бұл жайт та вакциналау қарқынының құлды­рауына ықпалын тигізді. 

Айтпақшы, 23 маусымда ВАК шешімі бойынша түсініктеме берген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «қазіргі уақытта Қазақстанның медұйымдарында вакциналардың жеткілікті қоры бар» деп сендірген. Алайда билік халықтың сұра­нысын, қандай вакцинаны таңдайтынын ескермей, өзі қалаған вакцина түрін қап­татып сатып алғанға ұқсайды.

Қарсылар мен қолдаушылар не дейді?

Жасыратыны жоқ, ВАК пен Бас мем­лекеттік санитар дәрігердің жаңа шек­теулері қоғамның бір бөлігінің нара­зылығын тудырды.

«Қазір жұмыс берушілер жұмыстан шығарамын, жұмыс орнына жібермей қоямын, апта сайын ПТР-тест анықта­масын әкелесің деп қорқыту арқылы мәжбүрлі вакциналауды енгізіп жатыр. Бұл әрекеттер заңсыз және негізсіз деп санаймын. Себебі Ата заңымыздың 29-бабына сәйкес, Қазақстан азаматтары денсаулығын сақтауға құқығы бар. Яғни, міндетті емес, құқылы. Ата заңнан жо­ғары ештеңе жоқ! Заңнамамыз вакцина­циядан бас тартуға құқық береді. Екпе ек­кізбегені үшін жұмыстан қууы да заң­сыз. Еңбек кодексінде еңбек келісім­шартын бұзу негіздерінің түпкілікті тізімі берілген. Оған вакцинация кірмейді. Ендеше осы негізде жұмыс берушінің қудалауы да заңға қайшы», – дейді заңгер С.Санарова.

Ол Ата заңымыздың 14-бабы бойынша азаматтарды нанымына немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша кемсітуге қатаң тыйым салынғанына назар аудартты.

«Яғни, екпе еккізгендерге қарағанда егілмегендерді кемсітуге жол берілмеуі тиіс. Өйткені біздің арамызда еш айырма­шылық жоқ. Вакцина салғызған адам да салғызбағандар сияқты бетперде киюі, гигиенаны, әлеуметтік алшақтықты сақ­тауы шарт. Әйтпесе олардың да қайтадан індет жұқтыруы немесе инфекцияны таратушыға айналуы мүмкін екенін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеді», – дейді С.Санарова.

Бұл байламмен келіспейтіндер жетерлік. Сарапшылар, тіпті дамыған елдерде кейбір санаттағы адамдар мін­детті түрде вакциналанатынын ескертті. 

Our World in Data дерегінше, нәти­жесінде, бүгінде АҚШ өз тұрғындарының 46,6%-ын толық (І дозаны 323 млн, ІІ-сін 153 млн адам) вакциналады. Ұлыбри­танияда бұл көрсеткіш жоғарырақ: 48,7% (тиісінше 76,8 млн және 32,5 млн адам). Израиль тұрғындарының 57%-ы немесе 5,16 млн адам вакцинаның қос компонен­тін де алып үлгерді. Егер тек І дозасын еккізгендерді санасақ, Израильде бұл көрсеткіш 100 пайызға теңесті (10,7 млн).
«Ерікті қалыпта қалдыра берсек, ұжым­дық иммунитетке қол жеткізе ал­маймыз. Халық сенбейді. Ең алдымен елге сыйлы адамдар бірінші егіліп, өзгеге үлгі болғанда олардың соңынан жұрт еретін еді. Бірақ билік ол мүмкіндікті жі­беріп алды. Ендеше міндетті вакциналау­ға көшу қисынды қадам. Бұқара жаппай көтеріліп кетпеуі үшін сегменттелген түр­де, яғни ішінара, сала-сала бойынша, тұрғындардың кейбір санаттарында жүр­гізуі керек. Вакциналауға үзілді-кесілді қарсылар көп емес. Адамдарды бұл вак­циналарға қатысты ақпараттың аздығы алаң­датады», – дейді белгілі әлеумет­танушы Денис Волков.

Халық неге қиналды?

Бірқатар қазақстандық жергілікті жерлерде «шаш ал десе бас алатын» жағ­дай орнағанын хабарлауда. Медицина саласының қызметкері Айман Қ.-ның ата-анасы емханаларында «Д» есебінде тұр, тиісінше, вакциналауға қарсы мед­көрсетілімдері бар.

«Шешемде «бас миының қатерлі ісігі» анықталған. Операция жасатқан, химио­терапиядан өтті. Онкологтың есебіне алынды. Мерзімсіз ІІ топ мүгедегі. Әкем жүректің ишемиялық ауруына душар болды. Ота жасатты. Тәуекелдің 4-тобына жатады. Кардиологтың есебінде тұр және препараттар қабылдайды. Әкем – жүр­гізуші, анам 3 сағатқа еден жуушы болып жұмыс істейді. Қолдарында денсаулық жағдайына байланысты «медотвод» анықтамасы бар. Соған қарамастан жұмыс берушілері вакцина салғызыңдар немесе 7 күн сайын өз қаржыларыңа ПТР-тест тапсырасыңдар деп талап етіп жатыр. Дәрігерлері вакцина салғызуға болмайтынын айтқан. Ал апта сайын қымбат ПТР-тест тапсырып тұру үшін қарапайым халықта ақша қайда? Жа­лақысы – 50 мың теңгедей ғана. Оның басым бөлігін ПТР-ға шығындаса, тамақты қалай алады? Баспана төлемін, несиесін, тіпті жол жүру ақысын кім өтейді?» – деп мұңаяды ол. 

Медицина қызметкері ретінде Айман жаппай вакциналауға түсіністікпен қарайды. Сонымен бірге онсыз да күнді-күнге жалғап жүрген ауыр сырқаттарға тиісе бермеуді өтінеді.
Маңғыстау облысының Мұнайлы ау­данының орталығы Маңғыстау ауылының тұрғыны Саламат аға ауылдық жерлерде егілгісі келетіндер баршылық дейді: «Бірақ аудан орталығының өзінде вакци­налауға жағдай жасалмаған: екпе жыл­жы­малы көлік ішінде жасалады. Вакцинаны басқа жақтан алып келеді, оған бірер сағат кетеді. Екпе салғызуға келген халық сағаттар бойы 40-50°С аптап ыстықта, шақырайған күн астында тұрып, күтуге мәжбүр. Өз басым таназанда барып, тек 10:30-да әрең дегенде алдым. Негізі, егу орындарын көптеп ашу керек. Билік алдымен соны қолға алса», – деді ол.
Талдықорған тұрғыны Ардақ Әбіл­мәжін де вакцина тапшылығын растады: «Менің әкем 2021 жылғы 7 мамырда QazVac вакцинасының бірінші дозасын алды. Енді екінші дозасын ала алмай жүрміз, уақыт өтіп барады, екі айға жуықтап қалды. Бүкіл Талдықорғанда QazVac жоқ! Неге елді жұмылдырмас бұрын Үкімет алдымен вакцина қорын сайлап алмайды?» деп таңғалады ол.

Жалпы, елді мәжбүрлеуден басқа жолдар бар. Бұл ретте Моңғолияның тәжірибесі қызық: ол коронавирусқа қарсы толық вакциналанғандарға сыйақы төлейді. 5 мамырдан бастап әрбір егілгенге 50 мың тугрик (7,5 мың теңге) беріледі. Осының арқасында моңғолдар бүкіл әлемді айран-асыр еткен жетістікке жеткен: Моңғолия тұрғындарының 53,5%-ы немесе 1,73 миллионы толық вак­циналанды. 1-компонентті моңғол­дардың 100%-ы дерлік (3,68 млн) алды. 

Америка штаттары вакциналанғандар арасында лотерея ойнатып жатыр: Огайода 1 миллион ұтқан алғашқы же­ңім­паз анықталды. Калифорния шта­тында КВИ-ге қарсы егілгендер 116,5 мил­лион доллар джек-потты қанжы­ғасына байлай алады.
Айтпақшы, «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотерея операторы ел Үкіметіне ұсыныс­пен шығып, вакцинация паспорттарының сериясы бойынша 60 миллион теңге ұтысы бар бөлекше лотерея ұйымдастыру бастамасын көтеріпті. Үкімет қолдаса, «вакцина-лотерея» тамызда басталмақ.
Елдос СЕНБАЙ