Алматы – еліміздегі ең туристік тартымды қала
Алматы – еліміздегі ең туристік тартымды қала
187
оқылды

Қазақстанға келген әрбір екінші шетелдік қонақ Алматының бұрынғы бейнесі өзгере бастады. Былыққан, бейберекет бой көтерген базарлар жоғалды. Қолапайсыз, қораш жарнамалық қалғандар мен конструкциялар жойылып, жаңалары қала көрінісін бұзбайтын болды. Сәулет эстетикасына сай емес дүңгіршектер, тот басып, шіри бастаған қоршаулар сүрілді. Алматының ажары кіріп, ол тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланған, жасыл желекпен көмкерілген заманауи мегаполиске айналды. Мұндай шаһарға саяхаттаудың өзі бір ғанибет. [caption id="attachment_147519" align="alignnone" width="1200"]Алматы ©Айтжан Мұрзанов[/caption] Содан туристер саны арта бастады. Оң үрдісті сақтау және туризмді экономиканың басымдықты саласы ретінде ілгерілетуді жалғастыру үшін әкім Бауыржан Байбектің бастамасымен Алматыда 2020 жылға дейін туризмді дамытудың кешенді бағдарламасы әзірленді. «10 бәсекелес және басқа да елдердегі туризмді өркендетуге жүргізілген талдау Алматының бірқатар артықшылығы барын паш етті. Олар осы сала өсімінің драйверлері қызметін атқара алады. Оның қатарында қаланың Ұлы Жібек жолы бойындағы мыңжылдық тарихы, ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасының тізіміне кірген ескерткіштердің болуы, қаланың дамыған инфрақұрылымы және тұмса табиғаттың іргеде орналасуы бар. Алматы бүкіл Орталық Азияның туристік астанасы бола алады», – деген еді Бауыржан Байбек. Қала билігі этно-мәдени бағыттағы мүлдем жаңа әрі бірегей объектілерді құруға ерекше мән берді. Туристердің көбі Алматының байырғы тарихына және қазақтардың көшпелі мәдениетіне ынта-ықылас білдіре бастады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматыда «Qazaq Oner» қолөнершілер орталығы ашылды. Бұл – дәстүрлі қазақ қолөнер салаларын жаңғыртуға септесетін Қазақстандағы осындай тұңғыш жоба болатын. Оның шоурумында қаланың ең үздік қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар қойылады. Сондай-ақ қалалықтар мен саяхатшылардың, жас ұрпақ өкілдерінің осында құмыра жасау, киіз басу, құрақ көрпе тігу, зергерлік бұйым жасау, ағаш кескіндемесі секілді бағыттарда шеберлік сабағынан өтуіне мүмкіндігі бар. 2018 жылғы ақпанда «Боралдайдағы Сақ Қорғандары» археологиялық кешенінің тұсауы кесілді. Бұл – Алматы аумағында сақталып қалған ерте темір дәуірінің жалғыз ескерткіші. Кешен 47 сақ және үйсін қорғандарынан тұрады. Онда екі елеулі нысан да орналасқан, бұлар – жарты қорған және байырғы сақ баспанасының макеті. [caption id="attachment_147524" align="alignnone" width="1200"]Алматы ©Айтжан Мұрзанов[/caption] Келесі туристік тартымды орын – «Қазақфильм» аумағындағы «Ethnoland» этномәдени кешені болуы тиіс еді. «Алматыға келген адамдар айналасына сүйсіне, таңдана қарайды. Олар мұның орасан зор мүмкіндіктері бар жайлы қала екенін көреді. Курорт, әлемдегі кез келген ас мәзірі, хостелдер, сән-салтанатты қонақүйлер 20 минуттай ғана жерде тұр. Бірақ бірінші кезекте туристер бізге байырғы мәдениетке қанығу үшін келеді», – деп, бағдарламаның алғашқы қорытындыларын шығарды Б.Байбек. Елбасы тапсырмасы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа тартылыс орталығын «Қазақфильм» киностудиясының аумағында тұрғызу жоспарланды. Осы мақсатта 5,5 гектар жер учаскесін пайдалануға шешім қабылданды: ол телім киностудия тарапынан ұзақ жылдардан бері қолданылмай жатқан. Оның үстіне аталған жер киностудияға тиесілі емес, қаладан жалға алынған. Сондықтан 2017 жылғы желтоқсанда «Қазақфильммен» жалға алу туралы келісім бұзылды. Бұл ретте киностудия иелігінде 11 гектар қалды. Сәулетшілердің идеясы бойынша Ethnoland – қазақтың көшпелі және қалалық мәдениетінің үйлесім-симбиозын паш етуі тиіс. Кешен келушілерді қазақ халқының бай тарихымен, мәдениетімен, гастрономиясымен, өнерімен және дәстүрімен таныстырады. Адамдар ол жерде әп-сәтте ежелгі көшпелілер өркениетінің этномәдени ортасына топ ете түскендей сезімге бөленіп, байырғы қаланың күнделікті және мерекелік тылсым өмірінен толыққанды ләззат ала алмақ. [caption id="attachment_147523" align="alignnone" width="1200"]Алматы 2015 ©А.Ахметқазы[/caption] Бұған қоса, Ethnoland-те қазақтың музыкалық және театралдық өнерінің фестивальдерін, ұлттық ас түрлерін әзірлеу және декоративті-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтарын өткізуге, халқымыздың тұрмысы мен салт-дәстүрін бейнелейтін костюмді театрландырылған қойылымдар қоюға болады. Сонымен бірге онда қолөнер және көркем көрмелерді, этникалық музыка фестивальдерін, ат спорты іс-шараларын, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарды және басқаларын ұйымдастыруға да болады. Мұның сыртында Ethnoland аумағында ішкі жасауына толы дәстүрлі киіз үйлерді, арба-күймелерді, алтыбақандарды, қадатастарды, батырлардың биік мүсіндерін орналастыру қарастырылған. Нысанның кіреберісі орта ғасырлық қаланың дарбаза-қақпасына ұқсастырылып жасалады. Оның еңселі мұнаралары болады. Этномәдени кешеннің құрылысын туризм саласындағы мамандар, сондай-ақ Алматының мәдениет қайраткерлері қолдады. Олардың байламынша, бұл жоба осы бұрыннан бос жатқан жердің әрін келтірер еді. «Киностудияның шығармашылығына аталған жоба ешқандай да кедергі келтірмейді. Қайта сарапшылардың пайымдауынша, әлгі телім кино түсіру үшін жарамайтын. Өйткені ол тұс автокөліктердің тоқтаусыз ағынының шексіз шуына бөленіп, кино түсіріліміне қажетті тыныштықты қамтамасыз етпейді. Сол себепті қала ортасында осындай әдемі жоба пайда болса және ол этномәдени, тарихи, рухани мән-маңызға ие болса, бұл шын мәнінде үлкен жетістік болмақ», – деп мәлімдеді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев. 2018 жылы этномәдени орталықты салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. 2019 жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы да алынды. [caption id="attachment_147521" align="alignnone" width="1200"]Алматы ©Айтжан Мұрзанов[/caption] Осынау бірегей объектінің құрылысын аяқтау 2020 жылдың соңына белгіленген болатын. Қынжылтатыны сол, жоба әзірге қағаз жүзінде ғана қалып тұр. Оған жаһанды жайлаған пандемия да кері әсер етсе керек. Бұл тамаша бастама болашақта жүзеге асырылады деген үміт жоқ емес. Себебі, туристік сала карантин шектеулерінен кейін бірте-бірте қалпына келе бастады. Ендеше жақын арада Алматы қайтадан шетелдік меймандарына құшағын ашпақ. Ал саяхатшылар болса, көшпелілердің теңдессіз тарихы мен мәдениетіне өз көздерімен куә болуға асығары сөзсіз.

Ерік Ерденов