Бұл туралы қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков Бурабайда өтіп жатқан шетелдегі қазақ балаларына арналған «Атамекен» халықаралық балалар құрылтайында мәлімдеді.
Белгілі боксшы Қанат Ислам жаңа қызметке тағайындалды
214
оқылды

Кәсіпқой боксшысы, WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы Қанат Ислам Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, шетелде туып-өскен қазақтың қас батыры, әлемдік рингте ел намысын қорғаған Қанат Исламды жұртшылық жақсы таниды.

– Құрылтайға қатысып отырған жас ұрпақтың арасынан Қанаттай елге қызмет ететін азаматтар өсіп шықсын деген ниетпен оны қауымдастық жұмысына шақырып отырмыз. Алдағы уақытта оның ел игілігі үшін атқаратын жұмыстары көп болады деп сенеміз, – деді Зауытбек Тұрысбеков.

Өз кезегінде Қанат Ислам бұл қоғамдық қызметке үлкен жауапкершілікпен келгенін айтты.

– Біз де мойнымызға үлкен жауапкершілік алып отырмыз. Бұл ұйымға талай ел ағалары еңбек сіңіріп, дүниежүзіндегі қазақтарды біріктіру жолында аянбай қызмет етті. Сол игі істі жалғастырып, жаңа мазмұнмен дамыту – біздің міндетіміз. Елге келген қандастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, береке-бірлікке шақыру, ел игілігі үшін қызмет етуге жұмылдыру – біздің жауапкершілігіміз. Басты мақсатымыз – қазақ елінің абыройын асқақтату және ел бірлігін нығайту, – деді Қанат Ислам.

Айта кетейік, Қанат Ислам 1984 жылы дүниеге келген. Әуесқой бокста Қытай командасының сапында Бейжің Олимпиадасының, әлем чемпионатының және Азия ойындарының қола жүлдегері.

2010 жылдан бастап Қазақстан азаматы. “Астана Арландары” кәсіпқой клубы сапында өнер көрсеткен. Кәсіпқой бокста 30 жекпе-жек өткізіп, оның 22-сінде нокаутпен жеңіске жеткен.