Кинотеатрлардың есігіне құлып іліне ме?
Кинотеатрлардың есігіне құлып іліне ме?
166
оқылды

Карантин шаралары елдегі кинокөрсетілім саласына орасан зиян келтірді, пандемияға дейін бұл сала 368 залы бар 102 заманауи кинотеатрға және 18 млрд. теңге мөлшерінде билет сатудан түсетін қаражаттың жыл сайынғы айналымына ие еді. Енгізілген шектеу шараларының салдарынан елде 20 залы бар 5 кинотеатр, атап айтқанда, Семейдегі «Еңлік-Кебек», сондай-ақ, Алматыдағы SilkWay, Nomad, Cinema Towers кинотеатры жабылып қалған. Биыл жағдай одан әрі ушығып барады. Кинотеатрдың жұмыс істеуіне қайта тыйым салын­ғаннан кейін тағы бес кинотеатр ашыла алмай отыр: Нұр-Сұл­тан қаласындағы «Еуразия», Ақтау мен Жаңаөзенде орналасқан «Жалын» желісінің төрт кинотеатры.

Ұлттық киноны қолдау ор­та­лығының сарапшылары карантин шаралары енгізілгенге дейінгі және одан кейінгі прокат қоры­тынды­ларына салыстырмалы талдау жүр­гізген. Олар отандық фильм­дердің көрсетілімінің де, тапқан табы­сының да үлесі екі есе төмен­дегенін, ал шетелдік киноның үлесі арта түскенін айтып отыр.

Отандық кинопрокат азайған

RENTRAK (ойын-сауық ин­дустриясындағы үрдістерді анық­таумен және зерттеумен айналы­сатын ірі халықаралық компания) мәліметіне сүйенсек, 2020 жылғы 1 қаңтардан 14 наурызға дейін отан­дық кинопрокатта 117 фильм көр­сетілген, оның 17-сі – қазақстандық, 100-і – шетелдік (оның ішінде 20-сы ресейлік). 2021 жылғы 1 қаңтардан 7 маусымға дейін 216 жаңа фильм көрсетілген, оның ішінде 22-сі – қазақстандық, 194-і – шетелдік (ресейлік 44 фильмді қоса есеп­тегенде). Биыл Голливудтың ірі компанияларының релиздері кейін­ге қалдырылып, Қазақстанның жетекші продюсерлік компа­ния­лары да қалыптасқан жағдайға бай­ланысты өз жаңа жобаларын кино­театрларға бергісі келмей отыр.

Соның өзінде 2020 жылғы 1 қаң­тар мен 14 наурыз аралығын­дағы жалпы кассалық түсім 6 435 946 097 теңге болды. Бұл түсімдегі үлес мы­на­дай: қазақстандық фильм­дер­ден – 1 802 097 096 теңге, шетел­дік фильмдерден – 4 633 849 001 теңге (оның ішінде ресейлік фильм­дерден – 659 838 772 теңге). 2021 жылғы 1 қаңтардан 7 маусымға дейін жалпы түсім – 4 668 653 957 тең­ге. Үлес бойынша: қазақстандық фильмдерден – 234 662 471 теңге, шетелдік фильмдерден – 4 434 021 486 теңге (соның ішінде ресейлік фильмдерден – 555 441 333 теңге).

Осылайша, өткен жылдың бі­рінші тоқсанымен салыстырғанда көрсетілген отандық фильмдер са­ны 14,5%-дан 7,4%-ға дейін азайған, осы жылғы 5 ай ішінде жалпы табыс көрсеткіші 6,5 млрд.-тан 4 млрд.-қа дейін, ал еліміздегі жалпы кассалық түсім ішінде қазақстандық фильм­дердің үлесі 28%-дан 5%-ға дейін кеміген. Барлық кинотеатрлар әлі де толыққанды жұмысқа кіріскен жоқ, залдардың толу мөлшері 15%-дан аспайды. Көрермен кіргізуге енгізілген шектеулерге байланысты кино­театр­лардың ішкі қарыздары да өсті, олардың қызметкерлері қысқар­тылған жалақы қорымен жұмыс істеуге мәжбүр. Ойын-сауық орта­лықтарында аумақты жалға алу тө­лемі, сондай-ақ салық және банк кредиттері бойынша төлемдер де тоқтатылып тұр.

– Біздің жағдайымыз қазір өте қиын. Қазір кинозалдардың дені ойын-сауық орталықтарының ішін­де орналасқаны белгілі. Менің «Жалын» атты кинотеатрым, мәсе­лен, «Жаңаөзен» ойын-сауық орта­лығының ішінде. Бірақ өткен жыл­дан бергі шектеу шараларынан соң қаржылық қиындыққа тап болған мен жалдау құнын төлей алмай отырмын. «Алдымен кинотеатрларға көрермен кіргізейік, тым болмаса, әлеуметтік қашықтықты сақтап, бір-бірінен алшақ отыратындай етіп, шамамен 30 пайыз болса да залды толтырайық» деп айтып жүргеніме көп болды. Бірақ әлі де «баяғы жартас – бір жартас». Өзім туралы айтсам, Жаңаөзенде өз биз­несімді сонау 2012 жылы баста­ғанмын. Содан бері қала хал­қына әлеуметтік қызмет көрсетіп, тұр­ғын­дардың мәдени өмірін мәнді ете түсуге барымды салып келемін. Кө­рерменнің жағдайын ойлайтын адаммын, қандай қиын жағдайда да билетті қым­баттатқан емеспін. Кино­залдарымдағы құрал-жаб­дықтың бәрін өзім сатып алғанмын. Мемлекетке салмақ салған жерім жоқ. Мемлекеттен алсам, тек несие алдым. Ісімді жүргізе отырып, оны да уақытында өтедім. Енді өз қо­лыммен жасаған осы игілігімнің бәрін менен тартып алмақшы. Неге? Пандемияның кесірінен тығырыққа тіреліп, жалдау ақысын төлей алмай отырғаным үшін. Жағдайымды ешкім түсінбейді. Тіпті, менің құрал-жабдықтарымды да өзіме бермей отыр. Жергілікті билік орындарынан да көмек сұрадым. Қайран жоқ. «Екі кәсіпкердің ара­сындағы мәселеге біз араласа ал­маймыз» деп отыр. Сонда кім араласады? Бізге кім көмектеседі? – дейді Маңғыстау облысындағы кинотеатрлар желісінің директоры Данияр Айса.

Қалыптасқан жағдайдың нәти­жесінде көрермен аудиториясының жартысынан астамы азайды, осыған байланысты кинотеатрлар репер­туарында бүгінде шетелдік кино­хиттер жоқ, ал отандық продюсерлер нарықтағы жағдайдың жақсаруын күтіп, өздерінің кассалық табысқа жетуі ықтимал фильмдерін прокатқа шығарғысы келмейді. Соның өзінде залдардың толуы бүгінде орта есеп­пен 10%-ға жақындап келеді, деген­мен ең төменгі жоспарлы толтыру мөлшері кемінде 30% бо­луы тиіс. Бұл жағдай алты айдан бері жалғасу­да және индустрия бірқатар себепке байланысты қажетті қарқынға жете алмай отыр.

Ұлттық фильмдерді прокаттауға неге құлықсыз?

– Ірі кинокөрсетілім нарық­тарының қайта жабылуы келеңсіз үдерістерді күшейте түсері сөзсіз. Біздің ойымызша, индустрияның уыстан шығарып алған позиция­ларын қайта қалпына келтіру үшін кем дегенде 2-3 жыл қажет, – деп атап өтті Ұлттық киноны қолдау мем­лекеттік орталығы басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орын­басары Бауыржан Шүкенов. Өткен жылдар ішінде мемлекет ұлттық фильмдер шығаруға қомақ­ты қаражат бөлді. «Қазақфильмді» жаңғыртып, жаңарту жоспар­лан­ды, киноорталық желісі бойын­ша қар­жылық қолдау алған біраз кар­тина жарыққа шыққалы отыр. Бұдан бөлек, жақын арада Үкімет тапсыр­масы бойынша өндірісі едәуір қымбатқа түсетін үш ірі жобаны, атап айтқанда, Алтын Орда тарихы бойынша және Жамбыл Жабаев, Ахмет Байтұр­сынұлы туралы фильм­­­дерді жүзеге асыруға дайын­дық жүргізілуде. Осыған орай, «мұ­ның бәрі не үшін жасалып жатыр?» деген логикалық сұрақ туындайды, өйткені өнді­рілген контентті мо­нетизациялау негізінен қазір өз тарихындағы ең қиын кезеңді бас­тан өткеріп жатқан кинотеатр­ларда жүзеге асырылады. Ал біз мемле­кеттің тиісті көмегінен үміт үзе қой­ма­ғанымен, кинотеатр қо­жайын­дарының ұлттық фильм­дерді про­каттауға аса құлықты болмай отыр­ғанын көріп отырмыз.

– Пандемия кезеңіндегі шет­елдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, барлық Еуропа елдерінде кино қорлары кинотеатрларға көмек­теседі, – дейді Б.Шүкенов. – Ре­сейде де прокаттауға нақты қаржы­лық көмек көрсетілді. Резерв қо­рынан кинотеатрлар үшін 2 мил­лиардтан астам рубль бөлінген, бұған дейін шамамен осынша сома өндірістік компанияларға бөлінген. Бұл Ресей басшыларының кино­театр сияқты нарықтың маңызды сегментіне қаншалықты мән бере­тінін байқатады. Қазір ресейліктер кинотеатрларға көмек көрсетудің әртүрлі субсидияларға, жеңілдік­терге байланысты екінші кезеңін бастады.

Еліміздің кинофикациясын да­мыту мәселелері бойынша шұғыл шешім қабылдау, жаңа кинотеатрлар салу туралы бірнеше рет айтылды. Дамыған елдерде кинозал санының қажетті орташа көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 5 пен 8 аралы­ғында екен. Қазақстанда бұл көрсет­кіш 100 мың тұрғынға 1,9 кино­зал болып тұр. Кинотеатрлардың негізгі бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ, облыс орталықтарында орналасқанын ес­керсек, шағын қалалардағы, аудан орталықтарындағы немесе 50 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекендегі жағдайдың тіпті сорақы екенін ұғамыз. Ұлттық киноны қолдау мемле­кеттік орталығының басқарма тө­рағасы Есетжан Қосыбаевтың ай­туынша, тіпті жергілікті жерлерде кинотеатрға сұраныс көп болса да, ірі бизнес бұл мәселені жалғыз өзі шеше алмайды, сондықтан оны барлық мүдделі тараптармен бірге мемлекеттік және жеке секторлар ара­сындағы әріптестік қағидаттары бойынша пысықтай түсу қажет. Өңірлерде типтік 4-5 залды 100 кино­театр салу халыққа кино қыз­метін көрсетудегі сұранысты орта еуропалық деңгейде өтеуге мүм­кіндік береді. Осыған байла­нысты кинотеатрларға 2,1 млрд. теңге со­масында біржолғы көмек беру, сондай-ақ, бірқатар Еуропа елдері мен Ресей Федерациясында қабыл­данған осындай шараларға ұқсас кинотеатрларды ҚҚС-тан 2024 жылға дейін босату жөніндегі мә­селелерді үкіметтік деңгейде қарас­тырған жөн.

Айым БЕКТҰР