Ақмола облысында карантин қайта күшейтілді

Ақмола облысында карантин қайта күшейтілді

Ақмола облысында карантин қайта күшейтіліп, Ashyq жобасына қатыспайтын барлық сауда және мәдени нысандардың жұмысы тоқтатылады.

Сонымен қатар көрермен жинайтын спорттық шараларға да тыйым салынды. Ал, ұжымы 20 адамнан асатын кәсіпорындар, жұмысшыларының 80%-ін қашықтан жұмыс істеуге жіберуге тиіс. Сондай-ақ, жексенбі күні жабық базарлар өз жұмысын тоқтатады. Жаңа карантиндік талаптар 3 шілдеден бастап күшіне енеді.

– Қаулының толық мәтінімен біздің сайтымызда таныса аласыздар. Бұл –  өте маңызды. Себебі брифингте біз негізгі шектеулерді ғана айтамыз. Ал бүге-шүгесіне дейін білу үшін құжатты мұқият қарап шығу керек. Өткенде бір кәсіпкер маған: «мұндай талаптар брифингте айтылған жоқ» деп реніш білдірді. Сондай түсініспеушіліктер болмас үшін құжатпен танысып шығыңыздар, – деді  облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.