Көрші елде 5-сынып оқушысына интимді қатынас ұсынған мұғалім жазаланбады
Көрші елде 5-сынып оқушысына интимді қатынас ұсынған мұғалім жазаланбады
112
оқылды

Өзбекстанда 5-сынып оқушысына интимді қатынас ұсынған мұғалім 15 тәулікке ғана қамалған. Бұл жайында Орталық Азия хабарлады.

Басылым мәліметінше, 30 маусым күні Ферғана облысының Өзбекстан аудандық соты 12 жастағы оқушыға интимді жақындық ұсынған 42 жастағы музыка пәнінің мұғаліміне қатысты істі қорытындылады. Сот оны "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша айыпты деп танып, 15 тәулікке қамау жөнінде шешім шығарған.

Сонымен қатар мұғалімнің бір жылдан кейін мектептегі жұмысына қайтып оралатыны айтылды. Оқушының адвокаты айыпталушы Әкімшілік кодекс емес, Қылмыстық кодекс бойынша жазаға тартылуы керек деген пікірде отыр. "Судья бұл адамға қатысты Қылмыстық кодекстің кемінде үш бабын - "Қылмыс жасауға дайындалу", "Әйелді төсек қатынасына мәжбүрлеу" және "Жасы кәмелетке толмаған жеткіншекке азғындық әрекетін жасау" баптарын қолдануы керек болатын. Судья егер осы үш бапты қолданып, айыпталушыны жазаласа, сот әділдігі болатын еді", ​– дейді ол.

Соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, оқушы қызға музыка пәнінің мұғалімі интимді жақындық ұсынып, хат жазған. Ол бұл хатты әке-шешесіне көрсеткен. Әке-шешесі бірден құқық қорғау органдарына арызданыпты. Ал Өзбекстанның Білім беру министрлігі бұл оқиғадан хабары жоқ екенін мәлімдеді.