Президент қазақстандықтардың Олимпиада ойындары барысында біздің спортшыларға көрсететін күшті қолдауы оларға қосымша рух беретініне сенім білдірді. – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Олимпиада тұғырына көтерілу - сіздердің ғана жетістіктеріңіз емес, бүкіл ұлтымыздың абыройы. Олимпиада шыңы мыңдаған жасты спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға және көздеген мақсаттарына жетуге шабыттандырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы өз сөзінде бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға басымдық берілетінін атап өтті.– Сіздер халықаралық деңгейдегі өздеріңіздің көшбасшылық орындарыңызды нығайту үшін нағыз чемпионға тән мінез көрсетіп, Олимпиада лицензиясын иелендіңіздер. Осындай қиын-қыстау жағдайда сіздер спорттың өзін-өзі шектейтін қатаң режимін сақтап, өзгелерге үлгі көрсеттіңіздер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың Токиода рекордтық нәтижелер көрсететініне, еліміздің әлемдегі жетекші спорт державаларының арасындағы беделін нығайтатынына сенім білдірді. Президенттің айтуынша, атлеттердің әрбір жеңісінің артында, көбінесе назардан, камералардан тыс қалатын, олардың жаттықтырушыларының қажырлы еңбегі тұр.– Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз ұлтымыздың денсаулығын жақсартамыз және бүкіл еліміз мақтан тұтатын Олимпиада жеңімпаздарының – спорт жұлдыздарының жаңа буынын тәрбиелеп шығарамыз. Мұндай саясат спорт секциялары мен аулалық клубтардың дамуына тың серпін береді. Сондай-ақ балалар жаттықтырушыларын ынталандыруға ықпал етіп, дарынды атлеттердің жаңа шоғырын айқындауға септігін тигізеді, – деді Президент.