МӘМС мақсатына жетпегендей...
МӘМС мақсатына жетпегендей...

Қазақстанда медициналық сақ­тан­дыру жүйесінен тыс қалғандар саны 3,2 миллион адамнан асты. Бұл деректі Денсаулық сақтау министрлігі растады. Оның 1,7 миллионы жарнаны тұрақты төле­меген­діктен, «сақтандырылған» мәрте­бесінен айырылды. Тағы 1,5 миллионы қорға әлі күнге бірде-бір тө­лем жасамаған. Осылайша, ешбір адам МӘМС жүйесінен сырт қалма­сын деген ел басшылығының бірнеше жыл бұрынғы тапсырмасы жарға жығыл­ғандай. Бұл жүйеде жаңа проб­лемалар да бой көрсетуде.

Барлық өңір – аутсайдер

Осыдан тура 1 жыл бұрын, 2020 жылғы 10 шілдеде ел Президентінің қатаң сынынан кейін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» (ӘМСҚ) басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов жұмысынан кетті. ДСМ дерегінше, ол жүктелген міндетті сәтсіздікке ұшыратқаны үшін теріс себептермен жұмысынан қуылмаған, жай ғана өз өтініші негізінде лауазымынан босатылған. Сөйтіп, жауапкершіліктен құтылды. Соның алдында 2020 жылғы 1 сәуірде журналистерге мәлімдеме жаса­ған А.Жұмағұлов: «Қазақстандағы әрбір азамат сақтандырылады!» деп мәлімдеді. Онысы «бірінші сәуірдегі қалжың» болса керек.
Оның орнын басқан ӘМСҚ басқар­масының төрағасы Болат Төкежанов бұл проблеманы жоюға құлшына кірісуі тиіс еді. Өткен жылы 2,6 миллион адамның, негізінен өзін-өзі жұмыспен қамту­шы­лардың МӘМС жүйесіне қатыспайтыны хабарланды. Үкіметке олардың жасырын кәсіптен табыс тауып жүргендерін – «жеке кәсіпкер» ретінде тіркеп, екі қолға бір күрек таба алмағандарын – «жұмыссыз» ретінде тіркеуге қойып, медсақтандыру жүйесіне енгізу жүктелді. Ақыры не болды?

МӘМС енгізу жөніндегі ведомство­аралық комиссияның (ВАК) отырысында жария етілген деректер жан түршіктіреді. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың мәліметінше, медсақтандыру жүйесіне ілікпей қалғандар саны 3,2 миллионға жетті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық саны 2 млн 78 мың адамды құрайды. Соның ішінде МӘМС жүйесінде 1 млн 48 мыңы ғана есепке алыныпты. Яғни, 1 млн 30 мыңы жүйеге енбеді.

ӘМСҚ басшысы мұны жоққа шығарып жатпады: «Біздің қордың Saqtandyrý ақпараттық жүйесіне сәйкес, 2021 жылдың маусым айында МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтерді тұтынушылар саны тек 15,8 миллион адам ғана, бұл Қазақстан халқының жалпы санының 83%-ы», – деді Болат Төкежанов.
Оның айтуынша, сақтандырылған халықтың төмен үлесі Қостанай (77%), Алматы (78%), Түркістан (78%), Жамбыл (80%), Қызылорда (80%), Шығыс Қазақ­стан (81%) облыстарында және Алматы мен Шымкент қалаларында (81%-дан). Сақтандырылудың ең жоғары көрсет­кіштері Атырау (86%), Маңғыстау (86%), Ақмола (85%), Батыс Қазақстан (84%) және Павлодар (84%) облыстарында. Алайда бірде-бір өңірде 100 пайыз қамтылу жоқ! Демек, жоғарғы межеге жақындай алмағандықтан, барлығын да аутсайдер санауға болатындай.

ӘМСҚ не дейді, МСАК не дейді?

Халық сақтандырылғысы келмейді емес, бәрі де соны қалайды. Онсыз ем­хана­лар қабылдамайтынын біліп болды. Бірақ қойылып отырған қатаң талаптармен келіспейді, оны орындауға әлеует-қауқары жетпейді. Мысалы, МӘМС енгізілгенде елдегі қаптаған жұмыссыз азаматтың мемлекет қамқорлығынан қағажу қалмай­тыны, жұмыспен қамту орталықтарында тиісті мәртебе иеленсе, олар үшін қорға жарнаны Үкімет бюджеттен төлейтіні жария етілді. Енді біраз өңірде «жұмыссыз» болып тіркелген азаматтардың өзіне «сақтандырылған» мәртебесі берілмей жатқан көрінеді: олардан жұмыссыз болып ресми тіркелгенге дейінгі 12 ай үшін жарна аударуды талап етеді.

«Семей қаласының №9 және №2 емханаларында 2020 және 2021 жылдар үшін жарнаны толық төлеңдер деп жатыр. Яғни, 18 айға 52 542 теңге аударуымыз қажет. Бұл не масқара? Егер азамат тек 2030 жылы ғана МӘМС жүйесіне жүгінсе, сонда ол он жыл үшін бірден төлеп тастауға міндетті бола ма? Әлде қор ем­хана­ларға дұрыс ақпарат бермеген немесе билік онсыз да жұмыс таппай қиналған азаматтарын ары қарай азапқа салып, мазақтап отыр. Қордың 1406 бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалдым, олар тек бір жылға төлесеңіз жетеді деді. Бұл талапты емханадағылар естімеген сыңайлы», – дейді семейлік Мұрат Серке.

Жұртшылықтан түскен шағымға орай Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға өз блогы арқылы жауап беруге тура келді. Оның түсіндіруінше, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ту­ралы» заңының 5-бабының 3-бөліміне сәйкес, қорға өзі үшін аударымдар немесе жарналар төленбеген адам МӘМС жүйе­сіндегі медициналық көмекке құқық алу үшін қорға төленбеген кезеңге жарналар төлеуге міндетті. Бірақ «жарналар жалақының ең төмен мөлшерінің (2021 жылы – 42 500 теңгенің) 5 пайызы мөл­шерінде және 12 айдан аспауы тиіс.

«Осы айтылғанның негізінде, мед­сақтандыру аясында медициналық қыз­меттер алу үшін дербес төлеуші ретінде 2020 жылғы сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан және қараша айлары үшін ең төменгі жалақының 5%-ы көлемінде жарна аударуға кеңес береміз. Яғни, бір айға 2 125 теңгеден келеді. Төлемді «Қазпошта» бөлімшелерінде немесе Халық банкінің, Форте банктің, РБК банкінің интернет банкингі және терминалдары, сондай-ақ медициналық ұйымдардағы лезде төлеу терминалдары арқылы енгізуге болады. Төлем нысаны­ның коды (КНП) – 122. Қара­жатыңыз МӘМС қорына 3 жұмыс күні ішінде түседі. Қаржы ӘМСҚ есепшотына түскеннен кейін азаматқа «сақтандырылған» мәрте­бесі беріледі» деп сендірді Алексей Цой.

Медсақтандыруда амнистия жарияласақ қайтеді?

Дегенмен бірден елу мың теңгеден астам шығын шығаруды көп отбасының бюджеті көтермейтіні құпия емес. Сақтандырылмағандардың миллиондап өсуі де содан болса керек. Ендеше Үкімет Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бірреттік рақымшылық жариялап, 3,2 миллион адамның ӘМСҚ алдындағы қарызын кешірсе, құба-құп болар еді.
Олай болмаған соң шенеуніктер мен қордағылар тізеге салып, сырқатты лайық­ты емнен қағып, көп айлық борышын өтеуге мәжбүрлеуде. Нәтижесінде, 2020 жылы МӘМС жүйесіне бұрын қатыспаған 1,7 миллион адамнан 1,8 миллиард теңге өндірілген. Өйткені коронавирус өршіген шақта сақтандырылмаған адамға тегін ПТР-тест жасалмайды, КВИ-ге қарсы бір-екі дәрі берілмейді. Былтыр 84 мың сырқат осы берешегін өтеуі арқасында ғана стационарларда 11 млрд теңгеге ем алыпты.

Негізі, бұл жүйе сантүрлі проблемадан бас көтере алмай тұр. Мысалы, қор басшы­лығы жұмыс берушілердің жауапкершік танытпауы кесірінен 1,8 миллион жұмыс­кер жүйеден шығып қалғанын мәлім етті. Себебі, оларды жалдаған жұмыс берушілер МӘМС жарналары мен аударымдарын не мүлдем жасамайды немесе тұрақты аудар­майды.

Ұлттық статистика бюросының ақ­параты бойынша, елдегі жалдамалы жұмыс­шылар саны 6,7 миллион адамды құрайды. Алайда МӘМС-ке аударымдар жұмыс берушілерден тек 4,88 миллион адам үшін ғана тұрақты түрде түседі. Қар­жы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінен анықталғандай, биылғы 1 маусымда қорға берешек бизнес субъектілерінің саны 93 690-ға жетті. Осы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерліктердің қорға қарызы 822,5 миллион теңгені құрайды. Өңірлер арасында ең көп берешек Алматы (111,8 млн теңге) мен Нұр-Сұлтан (79,3 млн теңге) қалаларында және Ақмола облысында (77 млн теңге) байқалады.
Осыған орай ВАК отырысының қорытындысында Мемкірістер комитетіне «жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және олардың жалдамалы қызметкерлері үшін МӘМС-ке төлемді уақытылы төлеуіне қол жеткізу» жүктелді. Бұл міндетті іске асыруға қажетті тетікті салықшылардың өзі әзірлейді. Тек ол онсыз да қажып, қалжыраған кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерге бағытталатын жаңа репрессияға ұласып кетпесе болғаны. Айтқандай, бұл проблеманы да осы жүйеге қатысты амнистия шешіп берер еді. Егер содан кейін қарыз қордалауын жалғас­тырса, «өз обалы өзіне».

Студенттер мен солдаттар неге жазықты?

Күтпеген жерден білім қуған жастар жаза тартып отыр. Күтпеген дейтініміз, салалық заңда оқушылар мен студенттер үшін жарнаны мемлекет төлейтіні қолмен қойғандай көрсетілген. Үкімет бұл уәдесінде тұрып, ай сайын үздіксіз төлеп келеді. Мысалы, биылғы I тоқсанда МӘМС қорына жарналар мен аударымдар түрінде 183 миллиард теңге түссе, соның 95,4 миллиардын немесе 52%-ын жеңілдік­ті санаттар үшін мемлекет бюджеттен аударған.

Соған қарамастан біраз шәкірт жүйе­ден сырт қалып, емделе алмайды. Себебі студенттердің бәрінің бірдей дерегі қорға берілмеген. БҒМ тек мемлекеттік грант негізінде отандық ЖОО-ларға түскен­дер­дің жалпы тізімін бере салумен шектелгенге ұқсайды. Ал шетелдік ғылым ордаларына түскендер, ақылы негізде оқитын немесе колледждердегі көптеген өскелең ұрпақ өкілі ол тізімге кіре алмаған.

Сондықтан қор жүйеден шеттетілген күндізгі оқу студенттерінің әрқайсысына «МӘМС мәртебесін алу үшін еGov пор­талында өз бетінше тіркеуден өту қажетін» жеткізді.
ӘМСҚ мәселені тек уақытша шешуге бейіл. Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы өзінің жеңілдік санатына жата­тынын растайтын құжаттарды ұсынған студенттерге қор тек 1 айға уақытша же­ңіл­дік мәртебесін берумен шектелген. 2020 жылы – 11 445, ал 2021 жылдың басынан  14 067 адам уақытша жеңілдік мәртебесі ұсынылды. ВАК отырысында осы мәселені тұрақты шешу жайы талқыланған.
Отан алдындағы парызын өтеу үшін мерзімді әскери қызметке шақырылған жауынгерлер бір жылдан кейін оралғанда «тосынсыйға» кезігеді: мәртебесінен айырылған және 1 жылдық берешегі жинақталған. Бұл меморгандардың өзара ақпарат алмаспауының, іс-қимылды үйлесімді жүргізбеуінің салдары  көрінеді. Қор басшылығы «әскери бөлімдердің кадр қызметтері әскерге шақырылғандардың мәліметтерін «Адамдарды арнайы есепке алу» ақпараттық жүйесіне уақытылы енгізбейді» деп ақталды. Сондықтан ВАК жауап­ты ведомстволарға тығыз әрекет­тестікті жолға қоюды және жеңілдікті санаттар мәртебесін өзектендіруді тап­сырды. Осы мәселеге маңдай соққан жауынгер жігіттер қорға әскери билетін ұсынуы керек. Сонда оның армиядағы кезеңі үшін МӘМС жүйесіндегі қарызы жойылады.
ӘМСҚ дерегінше, 1406 нөмірі, «Qoldau 24/7» қосымшасы, қордың сайты, Telegram-арналар, ДСМ сайты мен блогі секілді әртүрлі арнадан тек 2021 жылғы І тоқсанда 250 мыңнан (!) астам шағым-өтініш түсіпті. Салада олқылық көп екенін осыдан-ақ байқауға болатындай.
Елдос Сенбай