Бердібек САПАРБАЕВ: Бүгінгі Қазақстан – әлем таныған қуатты мемлекет
Бердібек САПАРБАЕВ: Бүгінгі  Қазақстан –  әлем таныған қуатты мемлекет
589
оқылды

Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жылда жеткен жетістігі аз емес. Оған әр аймақтың қосқан үлесі де жетерлік. Сондай облыстың бірі – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібін тіктеп, шағын және орта кәсіпкерлікті жолға қойған Жамбыл облысы. Облыс басшылығы «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында көрсетілген межелерді өз уақытында орындауды көздеп отыр. 6 шілде – Елорда күні қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен сұхбаттастық.

– Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл. Еге­мен еліміздің іргесі қаланған алғашқы сәт­тен бастап мемлекеттік қызметте жүр­ген азамат ретінде тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары қандай болғанын айта кетсеңіз. – Еліміз осы аз ғана мерзім ішінде ға­­­сырға татитын жолды жүріп өтті. Бү­гін­гі Қазақстан – әлем таныған, аяққа нық тұрып, экономикасы қарыштап да­мы­ған, қуатты мемлекет. Бұл ең алдымен сол қиын-қыстау сәтте ел тізгінін ұстап, экономикалық тығырықтан шығарып қа­на қоймай, барша қазақстандықты бір мақ­сатқа жұмылдыра білген Тұңғыш Пре­зидентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының орасан зор еңбегінің, са­раб­дал саясатының арқасы. Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдары өте ауыр бол­ғаны бәрімізге мәлім. Сол кездің өзінде мем­лекетіміздің болашағы жарқын бо­ла­тынына жұртты сендіре білген Елба­сымыз өзі үлгі көрсете жүріп, халықтың са­на-сезімін жаңа дәуірге сай өзгертіп, бә­секеге қабілетті етіп, сомдай білді. Азаттықтың алғашқы жылдары әлі есім­де. Бәріміз ерекше тебіреністі әсерді бас­тан өткердік. Рас, бұл күйді тілмен ай­тып жеткізе алмаймыз. Бірақ өз еліміз, өз жеріміз, тәуелсіз мемлекетіміз үшін өгіз қара күшімізді жұмсайтын күн ту­ғанын анық түсіндім. Сол үшін де уа­қыт­тың әр минутын осындай ортақ мұратқа жұм­сауға бел байладық. Бұл – бүкіл ел, ұлт үшін мақтаныш сезім, болашаққа үл­кен үміт сыйлаған кезең. Әрине, тәуелсіздік туралы, одан бергі 30 жыл уақыт ішіндегі тіршілігіміз туралы көп нәрсе айтуға болады. Айтылып та жа­­тыр. Бірақ еліміздің саяси-эко­но­ми­ка­лық жетістіктерінен бөлек, біз назар аудара бермейтін бір мәселе бар. Ол – қоғамның, сананың өзгергені. Жаңа ұр­пақтың ер жеткені. Осы жылдар ішінде қо­ғамдық құрылысымыз толық өзгеріп, жаңа қоғам, кезең, болмыс келді. Ха­лықтың ой-санасы, тұрмыс-тіршілігі бү­тіндей өзгерді. Бұл – тәуелсіздік жыл­дарының ең үлкен жемісі. Жаңа көз­қарастағы, креатив, белсенді жастар тәуел­сіз Қазақстанның ең қымбат қазы­насы. – Азаттықтың ақ таңы атқан тұста Ел­басының сенімді кадрларының бірі бол­дыңыз. Сізге сенім артып, Қызылорда, кейін Оңтүстік Қазақстан облыстарына әкім қылып жіберді. Ол кезде облыстардағы жағдай қандай еді? – Иә, дұрыс айтасыз, менің осынау қыз­мет жолымда Нұрсұлтан Әбішұлынан алған тағылымым, үйренгенім көп. Ел­ба­сымыздың менің еңбек жолымда алар орны бөлек. 1993-1994 жылдары Қазақ­стан Президенті және Министрлер каби­не­ті аппаратының Қаржы, еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау бөлімі мең­герушісінің орынбасары болып еңбек ет­тім. Бір жолы басшылар телеарнаға ба­рып, шахтерлердің ереуіл кезінде талап етіп қойған мәселелері бойынша жауап беруім­ді тапсырды. Менің бағыма қарай сол сұхбатты Елбасының өзі көріп, менің сөз саптасымды, жауаптарымды ұна­тып­ты. Кейін Үкіметтің аппарат басшы­лы­ғына тағайындалғанымда, сол сұхбат ту­ралы өзіме айтып бергені бар. Нұрсұлтан Әбішұлы 1990 жылы Үкі­метті басқарған кезде мені Білім ми­нист­рі­нің орынбасары етіп тағайындады. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық, тосын та­ғайын­дау болғаны рас. Бір жағы бұл та­ғайын­дау маған үлкен сенім, жауап­кер­шілік жүктеді. Содан Елбасының сенімін ақ­т­ауға бар күш-жігерімді салдым. 90-жылдардың аяғында Нұрсұлтан Әбішұлы Германия мемлекетіне ісса­пар­лап, делегация құрамында мен де бол­дым. Ол кезде Германияның астанасы – Бонн қаласы. Канцлер Г.Кольдің қа­тысуы­мен Бундестагта депутаттармен кез­десу өтті. Бұрынғы сыртқы істер ми­нистрі, белгілі қайраткер Г.Геншер «Құр­метті, Президент мырза! Біз немістер ас­­­­танамызды Боннан-Берлинге ауыс­ты­руға ойланып, қорқып жүрміз. Сіз әдемі, әсем Алматыдан белгісіз Сарыарқада ор­наласқан Ақмолаға ауыстыруға шешім қа­былдадыңыз. Осындай сіздің жүрек­ті­лігіңізге қайран қалдық, үйрену қажет» де­гені бар. Жасыратыны жоқ, еліміз азаттыққа елең-алаң шақта, қым-қиғаш қиын­дық­тар мен қайшылықтарға толы уақытта қол жеткізді. Тәуелсіздік алған жылдары елі­мізде тұратын қазақтардың үлесі 40 пайыз­дың ар жақ, бер жағында болғанын ойласаңыз, қандай ұлы іске тәуекел етіп, қандай ұлы ерлікке барғанымызды анық аң­ғаратын едіңіз. Өңірлердегі жағдай да оңай болмады. Алыс аудан, ауылдарды айт­пағанда, облыс орталықтарындағы ахуал мәз емес еді. Ол кезде жарқын бо­ла­шаққа халықты сендіру қиын болды. Бірақ біз сол қиындықтарды жемісті ең­сере білдік. Сол 90-жылдардың басында Қазақ­стан егемен, тәуелсіз, өз алдына еркін ел бо­лып кетеді дегенге сенбейтіндердің қа­тары көп болғанына еш күмәнім жоқ. Алай­да біз азаттықтың алғашқы жыл­дарындағы елең-алаң шақтан абыройлы өте алдық. Бабамыздың қанымен, ана­мыз­дың жасымен жеткен осынау құн­ды­лықтың бағасын парықтай білу – бүгінгі біздің мерейлі міндетіміз. – Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылды­ғын­дағы ең айтулы оқиға деп нені айтар едіңіз? – Айтулы жобалардың бірі әрі Ел­ба­сы­ның батыл да сәтті шешімі деп аста­на­мыздың Алматыдан сол кездегі Ақ­мо­ла­ға көшірілуін айтар едім. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы атанып, сән-сал­та­наты жарасқан шырайлы шаһарға қа­рап, Елбасының бір кездегі тәуекел еткен ше­шімі нағыз көрегендік екеніне көзіміз же­теді. Бұдан басқа, еліміздегі көптеген ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында топ­­тастырған Қазақстан халқы Ассамб­лея­сының құрылуы, ядролық қарудан бас та­р­туы. Тағы бірі ерекше айтатын еңбегі – тарихымызда бірінші рет шекараны ха­лықаралық шарттармен құжаттап, бе­кіт­кені. Жасыратыны жоқ, шекараны ше­ген­деп алу мәселесін ертеңге ысыра бе­ріп, уақыт өткізіп алып, бүгінде бармаған шай­нап отырған мемлекеттер аз емес. Ке­шегі Кеңес Одағының шекпенінен шық­қан тәуелсіз мемлекеттердің ара­сын­да шекара үшін соғысып жатқандары да бар. Аллаға шүкір, бұл жағынан Қа­зақ­стан бәрінен ертерек қамданды. Ес­теріңізде болса, сонау 90- жылдардың ая­ғында шекараны анықтау мәселесі де біз­дің алқымымыздан алған. Көптеген қиын күндер бастан өтті. Бірақ Ел­ба­сы­ның ерен ерлігі мен еңбегінің арқа­сында біз бұл қиындықтың барлығынан абы­рой­мен өттік. Қазір Қазақстанның көрші мем­лекеттерімен ешқандай шекара, жер дауы жоқ. Тұңғыш Президентіміз әлемдік аренада да қазақ елінің беделіне оң әсер еткен баянды бастамаларымен таныла біл­ді. Осы орайда оған дәлел – Семей яд­ролық сынақ полигонын жабу, Қа­зақ­станды ядролық қаруды таратпау ісінде көшбасшы мемлекетке айналдыру, ха­лық­­аралық, өңірлік ұйымдардың құ­рылуы­на ұйытқы болу, Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­ның саммитін қайта жандандыру, Са­рыар­қа төрінде әлемдік және дәстүрлі дін­дер лидерлерінің басын қосып, съезд өт­кізу. Тағы айта кетейін, тәуелсіздігіміздің ең үлкен табысы – ұлттық рухания­ты­мыз­бен, салт-дәстүрімізбен қауышқаны­мыз. Шынайы шежіремізбен, талайғы та­рихымызбен табысқанымыз. Құнарлы, нәр­лі тілімізбен көріскеніміз. – Қазір Жамбыл облысының тізгінің ұстап отырсыз. Егемендік жылдарында Жам­был облысы қалай өзгерді? – Тәуелсіздік жылдары мемлекет қам­­­­­қорлығымен еліміздің барлық өңір­ле­рінде жарқын жобалар қолға алынып, өз жемісін беруде. Тәуелсіздікті нығай­ту­ға барша қазақстандықтармен бірге Жам­был облысының тұрғындары да лайық­ты үлес қосты десек артық айтпай­мыз. Бүгінде Әулиеата өңірі серпінді даму жолына түсіп, өзінің әлеуетін тиімді пайдаланып келеді. Көрсеткіштер жыл сайын жақсарып, халықтың ахуалы да ар­тып келе жатқанын аңғаруға болады. Осы жылғы бес айдың қорытындысымен об­лыс­тың экономикалық өсімі 101,6 пайыз­ды құраған. Сондай-ақ өңірде осы жыл­дың бес айында «Еңбек» бағ­дар­ла­масы аясында жұмыспен қамтудың бел­сенді шараларымен 23 200 адам қам­тыл­ған. Есепті кезеңде облыста 16 400 жаңа жұмыс орны ашылса, оның 7 300 мыңы – тұрақты. Аймақтағы АӘК алушылардың саны бес айда 69 мыңнан 50 мыңға, яғни 19 мың­­ға дейін азайған. Облыстғы 356 ауыл­ды елді мекеннің 70-інің тұрғындары (бар­­­­лығы 140 мың адам) АӘК алмайды. Жалпы, тәуелсіздік жылдары өңірде бар­­лығы 300-ден астам білім, 217 ден­сау­лық сақтау нысаны бой көтерсе, 500-ден аса спорттық нысан салынған. Тұрғын үй, жол салу және жөндеу, ауыз­су және көгілдір отынмен қамту шара­­­лары да қарқынды жүзеге асуда. Осы­ған орай өңірлерді дамытуға арнал­ған мемлекеттік бағдарламалардың же­мі­сін жамбылдықтар да айқын сезінуде де­сек, артық айтпаймыз. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы жақсы қарқынмен жүруде. Жыл басынан бүгінге дейін 204,3 мың шар­шы метр тұрғын үй пайдалануға бе­ріл­се, жыл қорытындысымен 651 мың шар­шы метр тұрғын үй тұрғызу жос­пар­ланып отыр. Биыл мемлекеттік бағдарлама аясын­да өңірде 424,8 шақырым жол салынып, жөн­деуден өтеді. Нәтижесінде, жақсы жә­не қанағаттанарлық жағдайдағы жол үле­сі 90 пайыздан 93,3 пайызға, елді ме­кен көшелері 77,2 пайыздан 79,2 пайызға арта­ды деп күтілуде. Жыл соңына дейін 44 мың тұрғын тұ­ра­тын 12 ауылдық елді мекенге су құ­быры жүргізіліп, қамтылу деңгейі 88,7 пайыз­ға жетпек. Сол секілді 20 елді ме­кенге газ тартылып, газдандыру үлесі 83,8 пайызды құрамақ. Қорыта айтқанда, жамбылдықтардың әл-ауқатын жақсартуға мемлекеттік және салалық бағдарлама бағытталған. Жеке қо­салқы шаруашылықтарды қолдау жө­ніндегі пилоттық жобаны іске асыру шең­берінде халықтың табысын арт­тыруда маңызды перспектива ашылуда. Әулиеаталықтар ынтымақ пен бірлікте та­лай күрделі кезеңдерді бірге өткерді. Әлі де туған өлкенің өркендеуіне бірлесе үлес қоса береді деп ойлаймын. – Биыл Таразды түрлендіру бағытында аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Та­рихи Тараздың келешегінен не күтуге бо­лады? – «Тараз – тарихымыздың темір­қа­зы­ғы» деп Елбасымыз бағалағандай, байырғы кезеңнен тамыр тартатын көне шаһар бұған дейін сан түлеу мен түрленуді бастан кешкені мәлім. Қаланың тарихи келбетін айшықтауда қолға алынған ауқымды жұмыстың бір көрінісі – «Тек­тұрмас» этнотарихи кешені. Жақында екін­ші кезеңі аяқталып, пайдалануға бе­ріл­ген кешен қала қонақтары мен тұр­ғын­дарының сүйікті орнына айналғаны сөз­сіз. Ондағы жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасуда. Сондай-ақ бұл орайда тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өңірде бастау алған «Таразға Тарту» жобасын айрықша атап өтуге болады. Жоба аясында облыс ор­талығында 42 нысанда абаттандыру жә­не жөндеу жұмыстары жүруде десек, олар­дың қатарында тұрғын үйлер мен ба­ла­ларға арналған ойын және спорт алаң­ша­лары, 21 саябақ пен сквер бар. Осы орайда облыс аумағында жүзеге асып жатқан игі жобаларға да тоқталып өт­кім келеді. Айталық, Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес, облыста қолға алынған бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» атты пилоттық жобасы ая­сын­да 347 азамат тұрақты жұмысқа орна­ла­сып, 445 азаматқа медициналық көмек көр­сетілсе, 180 тұрғын қайтарымсыз грант алды. «Асарлатып үй салу» жобасы шең­бе­рін­де былтыр 99 мұқтаж отбасы ауыл­дас­тарының көмегімен үйлі болды.Осы жы­лы тағы 134 үйдің құрылысы басталып, бүгінге дейін 14-і пайдалануға беріліп үл­гер­ген. Осылайша, жалпы асар әдісі­мен 2,3 миллиард теңгенің 233 үйі салы­на­тын болады. Сол секілді «Жомарт түлек» жобасы ая­­сында табысты түлектердің демеу­ші­лігімен 3 STEAM лабораториясы ашы­лып, 3 спорт кешені салынған. Тағы осын­дай төрт кешеннің, 6 денсаулық сақ­тау нысанының құрылысы жоспар­лану­да. Жалпы, түлектер тарапынан 2,8 мил­лиард теңгеге 73 елді мекенде жо­балар жүзеге асады деп күтілуде. Биыл жалпы бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі қағидаттарын дамыту ая­сында бюджет қаражатынан тыс 26 млрд теңге тартылатын болады. – Ел келешегін қалай елестетесіз? Ай­талық, 50 жылдан соң елімізді қандай бо­­­лашақ күтіп тұруы мүмкін? – Тәуелсіз Қазақстанның болашағына се­немін. Еліміз дамыған, өркениетті ел­дердің қатарынан көрінеді деп үміт­тене­мін. Елбасымыз айтқан «Мәңгілік ел» ұғымы бос сөз емес. Оның мәні тереңде. Дегенмен біз бұл тұста бүгінгі ұрпақ­тың қалыптасуына, тәрбиесіне аса мән беру­ге тиіспіз. Жастарымыз жан-жақты, бі­лімді, елжанды азамат болып, жат әдет­терден бойын аулақ салып, тек тынбай, аян­бай еңбек ету керек. Ел үшін еткен ең­бегің еш кетпейді. Әсіресе, халық мүд­десін өз мүддеңнен артық қоя білсең, елге бол­сын деген ниетпен тер төксең, ықы­лас та, ризық та өзі келеді. Менің жұ­мыс­тағы да, өмірдегі де ұстанымым – адал­дық, еңбексүйгіштік. Жастардан да соны көр­гім келеді. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН