Елордада Дина Нұрпейісоваға ескерткіш қойылды
Елордада Дина Нұрпейісоваға ескерткіш қойылды
184
оқылды

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Дина Нұрпейісоваға арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Астана күні қарсаңында Нұр-Сұлтанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халық композиторы, қазақтың көрнекті домбырашысы - күйші Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылды.
Мемлекеттік хатшы қазақ халқының өміріндегі домбыраның рухани орнын атап өтіп, халық күйлерін орындаушы күйші ретінде танымал Дина Нұрпейісованың ерекше жарқын шығармашылығы туралы айтты. Қырымбек Көшербаев Дина Нұрпейісованың концерттік қойылымдарының жазбалары халқымыздың мәдени қазынасында ерекше орын алатынын, ал оның шығармашылық мұрасы бүгінге дейін ұлттық өнердің одан әрі дамуына үлкен үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
"Бүгін Дина Нұрпейісованың ескерткішін салтанатты түрде ашып отырмыз. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, Атырау облысының жұртшылығына және мүсінші Бауыржан Жалынға осы тамаша жобаны жасағаны үшін алғыс айтамын. Ең алдымен, бұл ұлттық өнерге, баға жетпес мұраға, халқымыздың байырғы дәстүрлеріне арналған ескерткіш. Бүгін өткенге құрмет көрсетіп, болашақ үшін бар жақсылықты сақтай отырып, домбыраның рухани күші әрқашан Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне ілеседі деп сенеміз", - деді Қырымбек Көшербаев.
Іс-шараға премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, күйші Айгүл Үлкенбаева және басқа да қоғам өкілдері қатысты.