Әселхан Қалыбекованың "Айқынға" берген соңғы сұхбаты
Әселхан Қалыбекованың  "Айқынға" берген соңғы сұхбаты

Бес саусағым қырқылып түскендей, бесігім қалды тербелмей…

Ол – Халық ақыны. «Халықтың Әселханына» айналғаны қашан?!. «Қасиетті мекен Түркістанын орталыққа айналдырсақ» деген үлкен арманы бар-ды. Тіпті бұл тілегін Елбасының оңтүстікке сапарында бір емес, екі рет арнауымен жеткізген-ді. Мемлекет басшысының Түркістанды облыс орталығына айналдырғанына жүрегі жарылардай қуанды. Балапанын қызғыштай қорыған құс секілді Әселхан апа да әрдайым көптің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүргені. Одан қала берді, айтыс өнеріне алаңдап отырады. Базарға бара жатқан жастармен жарыспайын деп, айтыстан қол үзгенімен, қазақтың киелі өнерінің «шоу айтысқа» емес, «сау айтысқа» айналғанын қалайды. Қазақстанның Халық ақыны Әселхан Қалыбекованың елордаға келген сәтін пайдаланып, әңгімелесіп қалуға тырыстық.

– Соңғы кездері денсау­лығым болмай, аздап ауырыңқырап қал­дым. Газеттен де, кітаптан да алыс­тап, қарайыңқырап жүрмін. – «Шымкентке қоныс аударып кетті» деп естіп жатырмыз. Рас па?
– Өзім өсіп-өнген ауылым Шәуілдірден ешқайда қоныс ау­дарған жоқпын. Асқар Мырзах­метов әкім болып тұрған кезінде Шымкенттен екі бөлмелі пәтер берген. Кейде өлең жазғым келсе, сонда барып, қағаз-қалам алып, түртіп тұратыным бар еді. Қазір денсаулығыма байланысты оған да жете алмай қалдым. «Өлең жазу­ды қойдым» деп айта алмай­мын. Кей-кейде кей кісілер «өлең жазып берші» деп өтініп тұрады. Арнау сұрайды. Халықтан үлкен емеспіз. Өтінішін жерге тастай алмайсың. Амалсыз қолға қалам аламын.
– Ағыны мықты асаудай ақын­дығыңызды күллі ел біледі. Отыз­дан асып, айтысқа шық­саңыз да, ә дегеннен-ақ жүйрік екеніңізді көп­ке танытып үлгер­діңіз. Деген­мен, әуелгі айтыс, алғашқы қобал­жыған сәттер, тұңғыш сахна… бәрі-бәрі естен кетпейтін болар. Келмес күн­дерге қайта бір оралсақ.
– Ә дегенде бірден үлкен сах­наға шығып кеткен жоқпын. Әуелі ауыл арасында той-тома­лақта айтысқа шығып бастадық. Онда да аудан орталығында тұ­ратын кезім. Төркінім – Көксарай жақта. Сол жақтағы ағайындар келіп, «Айтысқа шық, ақынның тұқымысың. Сен айтыспай, кім айтысады?» деп кеу-кеулеп қой­мады. «Жазып жүргенім болмаса, домбыра тарта алмаймын. Суы­рып салмалығым тағы жоқ. Қалай шығамын?» деп азарда-безер болып, басымды ала қаштым. Кеңестік дәуірде социалистік жарыс деген болатын. Сов­хозаралық немесе колхозаралық жа­рыстар жиі өткізілетін еді. «Емізулі балам бар. Отбасы, ошақ қасынан ешқайда ұзап шық­пағанмын. Ауылдың намысын қалай қорғамақпын» деп, шыр-пырым шығып, қарсы болға­ныммен, намысқой ауылдастарым шықпасыма қоймады. Егер сол жолы әй-шайға қаратпай, алып шықпағанда, айтысқа шығар ма едім, шықпас па едім деп ой­лай­мын қазір. Алдын ала сов­хозға барып, кемшіліктерін көріп, аралап қайту үшін арнайы көлік берді. Емізулі қызымды алып, көлікке отырып, Темір совхозына тартып кеттік. Ауыл адамдарына жолығып, ептеп сыр тартып қоямын. Сөйтсем, жақында ғана ауылда бір кісінің үйі өртенген екен. Өрт электр тогынан шыққан секілді. Суыртпақтап сұрап, анық-қанығын біліп алдым. Со­дан айтысқа шықтық. Қар­сыласым – Әзімхан Тұрмағам­бетов деген жігіт. Марқұм болып кетті қазір.
– Ал енді жауап берші сен мынаған, Сен қанша жамандасаң да ел дін-аман. Шаханов Әлмаханның үйі өртеніп, Сұмдық іс болған жоқ па ең бір жаман, – деп, қарсыласымды сөзбен түйреп, жеңіп кеткенім әлі есімде. Одан кейін де қаншама ай­тыстарға шықтық қой. Совхоз­дан облыстық айтыстарға, ары қарай республикалық айтысқа жеттік. – Әр өңірдің мықтыларын жинап, облыс-облыс болып, айтысқан да кездеріңіз болды. Колхоздағы айтыстан республи­калық деңгейдегі айтыстың жөні бөлек. Тосылу, тосырқау, сөзден жаңылу болған жоқ па? – Жас кезіміз. Жүйрікті қайда салса да, бабында болуы қажет. Онда тосылуды да, то­сырқауды да білмейміз. Жүрсін де жас. Кіл мық­тылар өңір-өңірден жиылып, топқа қо­сылып кеттік. Өтірік айтыс, түре, сүре айтыстың да­мыған кезі. Шымкент облысы мен Алматы облысының ақын­дары айтыстық бірде. Біздің облыс бес балмен алға шықты. Бізден Көпбай ақын, Мұхтар Құралов, Әбдікәрім Манапов, Камал Ендібаев деген ақындар болды. Сонда өтірік айтысқа қатыс­қаным есімде. Оған дейін «өтірік» айтып көрген кім бар дейсің?! Қазір ойласам, сондағы батылдығыма таңғаламын. – Алматының ақындары дегенде, Есенқұл ақын еске түседі. Байқасақ, сіздің ең көп айтысқан қарсыласыңыз да Жақыпбеков болыпты. Қарсыласты таңдау мүмкіндігі бар ма еді? – Есенқұлдың мықтылығына шек келтіре алмаймыз. Ол өте талантты, дарын иесі еді. Есенқұл айтыстағы қарсыласым ғана емес, өмірде ерекше құрмет тұтқан досым болды. Сондықтан сахнада одан тайсақтай қойған жоқпын. Бір айтыста: – Армысың, айдай сұлу ақ келіншек, Бүгін менің аузымды бақ келіншек. Бір күнге сен – күйеуден, мен – әйелден, Қайтеді, уақытша қақ бөлінсек, – деп бастады. Оның мықтылығы, айтысқа әбден төселіп қалған. Біз сов­хоздың айтысынан шыққанбыз. Кедір-бұдырымыз көп. Сосын ғой Есенқұлдың: – Домбыра тарта алмадың жайлап онша, Олақтар көп екен ғой, қайда болса, Дәл осы түріңмен лайық­тысың, Қолыңа найза беріп, жауға қойса?! – дегені де есімде. Есенқұл мен Әбдікәрім екеуі маған рухани жақын болды. Қонысбай Әбіловпен де талай айтыста тартыстық, айтыстық. Жақсы қарсылас бола білді. Ол айтыстардың бәрі бүгін тарих. – Өңір-өңір болып айтысу бір бөлек те, жеке қарсыласпен айтысудың жөні басқа. Облыс болса, сол аймақтың кем-кетігін түгендеп, кемшілігін бетіне басуға болар. Жеке қарсыластың мысын басу үшін не қажет? – Онда да ретін тауып, бір шымшылап кетуге тырысасың ғой. Жаңағы Қонысбайдың «әй-әйін» басында қабылдай ал­май­тынмын. Тіпті оны бетіне басып, «қорықпаймын әй-әйіңнен» деп айтып та тастаған кездерім болды. Бойымда ер азаматтарға тән қа­сиет басымдау болды. Айтыста еш уақытта әйелдермен сахна төріне шықпай, ақын ер азаматтармен айтысуымның да себебі сол. Ол кездерде біздің жүрегімізде тек өнерге деген тазалық тұратын. Айтыста жеңбесек те, халықтың көңілінде тұруды мақсат тұттық. Ал кей ақынның жеке стиліне тиісуге болмайды. Ақын сахнада оны ұтымды пайдаланып жатса, оның несі айып? Сондықтан жеке мінін тергеніміз жоқ, сөзбен қамшылауға, ұтымды оймен жеткізуге тырыстық. – Кешегі сахна шын суырып-салма ақындарды өмірге әкелді. Бүгін «жаттап» алып айтысатын­дардың заманы туған секілді. Жалпы, айтысты жіті қадағалап, қарап отырасыз ба? – Жиі қадағалап отырамын. Бір ұққаным – шындықты айтсаң, ешкімге жақпайды екенсің. Қазір айтыстың көбі эфирге өтпей жатыр. Жалпы, бұл өнердің өлмей-өшпей, жалғасын тауып келе жатқаны Жүрсіннің арқасы. Десек те, соңғы кездері айтыстың да сөзі «сұйылып» ба­рады. Қазір әншілерді фонограм­мамен айтады деп, жазғырып жүрміз ғой. Бүгінгі ақындардың да күйі солай. Бүгінгі айтыс – шоу айтыс. Жаттап алу, келісіп айтысу сәнге айналып бара жатқан се­кілді. Бұрын айтыс қарап отырып, бұлар бес-алты сұрақтың бәріне қалай жауап береді деп ойлаушы едім, сөйтсем, алдын-ала келісіп алғаннан кейін бәрін біліп оты­рады екен. «Бұрын ақын­дар не айтады деп уайымдаушы едік, қазір не айтпай қалады деп уайым­дайтын болдық» деп ай­тыпты Балғынбек. Шындығы – осы. Келісіп айтысқан соң ба, қазіргі айтыстың «жұлдыздары» көбейді де кетті. Қазақтың төл өнері айтысқа жаным ашиды. Атадан балаға мирас болып қал­ған төл туындымыздың қадірін түсіріп алмасақ жарады. Бір айтқанын екінші бір айтыста қайталап айтып жатқандарды құлағымыз естіп отырады. Тіптен, ұят. Олар «қайталау – білім анасы» дегенді тура мағынасында түсінетін болуы керек. Біздің айтысқа адал­дығымыз соншама, ауданда айтқан сөзімізді облысқа, об­лыста айтқанымызды респуб­ликаға айтпауға тырысатын едік. Бір рет қайталаған емеспін. Оған біздің арымыз жібермеген. Содан Әселхан болған шығармыз деп ойлаймын. Өнерге адалдық ке­рек. Ақшаға сатылмаған жөн. – Талай айтыскерді тәрбиелеп шығарған Қаныбек ақынның есімі көп аталмай кетті. Көзден кеткесін, көңілден шығарып алған жоқпыз ба? – Қанекең жазба ақын бол­ғанымен, соңғы жылдарында айтысқа етене араласып кет­ті. Жақсы шәкірт тәр­бие­леді. Айтыста Қанекеңнің: – Мина бар кір­пігіңнің қайқы ұшында, Екенсің ебе­дейсіз айтысуға. Қапсағай Қажымұқандай дәу екенсің, Ойпыр-ай, осал жерің қай тұсыңда? – дегенінде: – Өлсең де осал тұсты таба алмайсың, Қыздардың қырық жаны болатұғын, – деп жауап қайыр­ғаным бар. Қанекең осылай түй­ресем, жеңіп кетемін деп ойлаған болуы керек, сөзден жеңілетін мен бар ма? «Қыздардың қырық жаны бар» дегеннің есіме түспей қалғаны-ай, соны пайдала­на­тыныңды білгенде, айтпайтын едім» деп күлгені бар. Өте терең ақын еді. Қайғы-қуанышымды да қатар бөлісті. Бір балам ауру болып туылды. Айтысқа кеткен сайын сол баланы уайымдап, жылап жүретін едім. Сонда Қанекең арқамнан қағып, «Уайымдама, ба­лаң сен келгенше, аман бо­ла­ды» деп, қамқорлығын танытып отыратын еді. – Қазір ел айтыс туралы «Aйнұр пәлен көлік мінді», «Пә­ленше түген көлік мінді» дейтін болды. Әселхан ақынның айтыс­тағы табысы қанша болды? Айтыс арқылы көп дүниеге қол жеткізе алдыңыз ба? – Айтыстан мол ақша таптым, дүние қудым деп айта алмаймын. Біз сахнаға шыққан алғашқы жылдары тегін айтысатын едік. Біздің бір артықшылығымыз – рухани байыдық. Шалқып, қуанып, елдің алдында, халықтың аяулы алақанында жүрдік. «Әселхан» деген атымды әлпеш­теді. Есімім елге танылды. Қа­зақстанның қай бұрышында жүрсем де, танып-біліп, аман­дасып жатады. Мерейім тасып қалады. Арнайы келіп, сәлем беретіндердің жөні бір басқа. Тіпті айтыстан қол үзіп кетсек те, әлі күнге дейін елдің құрметі басылған емес. Айтыс маған өле-өлгенімше таусылмайтын абырой берді. Кейінгі ақындар осы өнер арқылы тұрмыстық деңгейін көтеріп, байыса байып жатқан да шығар. Оған да қарсылығым жоқ. Бір нәрсені ұмытпаған жөн: «желмен келген дүние желмен кетеді». – Бүкіл саналы ғұмырыңызды айтысқа арнадыңыз. Бүгінгі ақын­дық мектеп туралы не айтар едіңіз? – Жасымыз келген соң, жас­тар­ға жол бердік. Алғашқы уа­қытта айтысатын адам болма­ға­сын, амалсыз сахнаға шықтық. Кейінгі уақытта қатарлас­та­рың­ның қатары сиреген соң, жас бала­лар­мен сахнада айтысып отыр­ға­ның жараспас деп шеш­тік. Ақма­рал, Кәрима, Бекарыс, Маржан сияқты мықтылар соңымыздан ерді. Кезінде: – Қырыққа дейін қыз боп ай­тысамын, Содан кейін сіңлілер де өсіп қалар, – деп айтқан екенбіз. Сол айтқандай, артымыздан ерген жас ақын қыздарға жол сілтеп, бағыт-бағдар берген соң, жағаласып сахнада жүре алмайсың. Сөйтіп жас ақындарды тәрбиелеп, ұстаздық жолға ойыстық. Мар­жан, Анар сияқты шәкірт­терім сах­наға шыға бастады. Айтысты қумай кеткен Дина сияқты та­лантты қыздар бар еді. Қазір сол ақын қыздардың өзі шәкірт тәр­биелейтін жасқа жетті. «Апалап» қал-жағдайымды біліп, жиі ха­барласып тұрады. Тұманбай ақын: «Айтыстың туы – Шым­кентте, Әселханның қолында» деп айту­шы еді. Бір әкім келіп, мектебімді жауып тастайды, екінші бір әкім келіп, ашып береді. Сөйтіп, уақыт өтіп жатыр. Ерлан Айтаханов әкім болып келгесін, «Өнер» мектебін ашып берді. Ол мектеп тек айтыс ақын­дарын ғана тәрбиелемейді, одан бөлек, қолөнерге де үйретеді. Руханиятқа жақын әкім тұратын болса, бұл мектептің келешегі осал болмайды деп ойлаймын. Өз балаларымның ішінде менің жо­лымды қуып, айтысқа шық­қан­дары жоқ. Немеремнің біреуінің бойынан ақындықты байқап қаламын. Бір өкініштісі, бұрын­ғыдай айтысқа құмарлық жоқ. Оның бір себебі, айтыстың шоуға айналып кеткені болар. Екінші жағынан, сөз түсінетін, өнерді қадірлейтін адамдар да азайды. – Соңғы кездері айтыс ақын­дарының өзі топқа бөлініп, жеке-жеке айтыс жасап кеткеніне қалай қарайсыз? – Бұл да ақша табудың ке­сірінен болар, кім білсін?! Қазір кейбір «адасқан» ақындар қайта үйіріне оралып жатыр. Оған да тәубе! – Әселхан ақынды арқа тұтып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келетіндер де көп пе? – Өте көп. Тұрмыстық тауқы­меттің қиыншылығын көтере ал­май, қолұшын берші деп, хабар­ласатындар да жетерлік. Қолымнан келгенінше, көмек­тесуге тырысамын. Менің атақ-абыройыма қарап, «осы кісінің қолынан келеді» деп ойлайтын болуы керек. Туыс-туған, жерлес­терден бөлек, өмірі танып-көр­меген жандардың да қоңырау шалып, көмек сұрап жататындары бар. Кейде біреулер бата сұрап келеді. Тіпті күні кеше Ташкент­тен хабарласып, «бата» сұрап жатыр. Баласы жұмыстан шығып қалса, не болмаса баласына жұ­мыс керек болса, хабарласатындар көп. Қашан да болсын, халықпен біргемін. Сол үшін әкімдермен де көп айқастым. – Әкімдер келе салып, там салады, Бай болу, Құдай болу – аңсағаны. Біреуін тойындырып, жай­ғастырып, Сорлы ауыл тағы бірін қарсы алады, – десем, енді бірде: – Айтпауға аналардың жасын көрдім, Олардың тоғын көрдім, ашын көрдім. Халықтың осынша азып-тозуына, Кешпейтін күнәсі көп әкімдердің. Сайланса, орныменен – әкім жақсы, Сөйлесе, орныменен – ақын жақсы. Халыққа қайырымсыз әкім­дерден, Бір құшақ кеуіп тұрған отын жақсы, – дегенім бар. Осының бәрі сахнада айтыл­ған жырларым. Қазір бұрынғыдай емес, заман түзеліп келеді. Әкім­дер де жаман емес. Елдің тұрмысы да түзелген. Бастысы, елдің аман­дығы, жұрттың жағдайының жақ­сарғаны. Ауруханада жатқанымда «бес қыздың өлімі» туралы естіп, жаным күйзелді. Сол сәтте тіл ұшы­ма «бес саусағым қырқылып түс­кендей, бесігім қалды тер­бел­мей» деген өлең жолдары орала берді… – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС