Елбасы туын тіккен Елорда
Елбасы туын тіккен Елорда
407
оқылды

Ұлы даланың төсінде алты қа­нат­ты Ақордасын тігіп, Алаштың айбы­нын асырған Нұр-Сұлтан қаласының биылғы туған күні ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрбір ғимаратын қолымен сызып, жүрегінен өткізген бас шаһардың төл мерекесі әдеттегіден тым өзгеше, айрықша ыстық көрінеді. Сонау 1997 жылдың 10 желтоқсанында қарлы бо­ранға қарамай, арман арқалап Арқаға бет түзеген Ұлт көшбасшысының ізгі мақ­сатының орындалғанын көру шын бақыт екені ерекше әсер сыйлайды.
Елбасының «Бұдан былай және ғасыр­дан-ғасырға осында – ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Отанымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады» деген сенімді сөзінің ақиқатқа айналғаны тіпті қуантады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның жарқын жетістіктерін айшықтайды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың астананы көшіру туралы бірегей шешімі халқымыз үшін аса маңызды тарихи оқиға болды», – деп халқымыздың мәртебесін асқақтатып жібергені қуанышымызды ұлғайтып, елдіктің маңызын еселей түседі.

Қазақстан Президенті жыл басында «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты мақа­ласында Елбасының басшылығымен атқарылған ауқымды істерді таразыға сала келе, «Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандаста­ры­мыз­дың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан Елбасы Тәуелсізді­гіміз­дің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік», – деп жазды.
Үш онжылдық белеске елмен бірге көз жүгірте отырып, шын мәнінде кеудемізді мақтаныш сезімі билеп, жүрегімізге шат­тық орнайды. Өйткені біздің буын «Мәскеу – Отанымыздың жүрегі» деп ұрандатқан уақытты бастан өткерді. Кез келген мәселе Кремль арқылы шешіліп, тек қана Мәс­кеумен келісілетінін көзіміз көрді. Сонда ғасырлар бойы қалыптасқан өзінің тілі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, жер аумағы бола тұра, елімізге ең жетіспейтіні тәуелсіздік екенін жан-жүрегімізбен сезінуші едік.

Университетті аяқтап, ғылым жолына түскен уақытта жетекшім Мәскеу қала­сында тұратын. Одақтас республикалардан жиі жиналатын жас ғалымдардың кешкілік кездесіп, әңгіме-дүкен құратын әдеті бар-ды. Сол орталарда ең бірінші көтерілетін тақырып – тәуелсіз ел атану болатын. Өйт­кені күн өткен сайын социалистік жүйенің кемшіліктерін айқын байқап, бодандықтан құтылатын күнді аңсай бастадық. Сондық­тан менің қатарластарым үшін, әсіресе КСРО кезеңінде өмір сүрген азаматтар үшін тәуелсіздік алу теңдесі жоқ басты оқиға болды. Ал оның төл рәміздерінің қа­был­дануы, астанасының бекітілуі, шека­расының шегенделуі және ұлт ретінде әлем­дік қауымдастыққа енуі ұмытылмас ға­жап сәттер еді. Аталарымыз, ағаларымыз ғасыр­лар бойы жете алмаған «Тәуелсіздік» деген ұғымның біздің кезеңімізге тап кел­генінде төбеміз көкке екі елі жетпей қалды.

Қазақстан үшін ғана емес, оның әрбір азаматы үшін дүниенің қақпасы ашылды. Жаңа мемлекетті, жас астананы көруге ынтық болғандар да аз емес-тін. Солардың әрқайсысы сынай келіп, қимай кетіп жат­ты. Елбасы қай мемлекетке бармасын – келелі келіссөздер жүргізіп, салмақты ұсы­ныстар жасады. Кездесулер барысында жан-жақты терең білімділігі, шебер ше­шен­дігі, қарым-қатынас іскерлігі сияқты азаматтық, тұлғалық қасиеттері үлкен рөл атқаратын.
Әлемдегі ең ықпалды мемлекет басшы­лары мен беделді саясаткерлер лайықты пікірлерін білдіріп, ықыласқа толы жедел­хаттар жолдап жататын. Соның ішінде АҚШ президенті Джордж Буш Қазақстан Президентіне құрметін жеткізе келе, «Сіз­дің жетекшілігіңізбен Қазақстан соңғы жылдары саяси және экономикалық ре­фор­маларда үлкен ілгерілеуге қол жет­кізді. Осындай қиын жағдайда жеткен жетіс­тік­тер қажырлы еңбегіңіздің ақтал­ғанын көр­­­сетеді», – деп ағынан жарылғаны есімізде.
БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан елі­міздің аяқалысына қарап алғашқы жыл­дары-ақ «Қазақстан ТМД мемлекеттерінің ішінде ауызбірлігімен, татулығымен ерек­шеленеді. Сондай-ақ бұл мемлекетте эко­номикалық өсу байқалады. Қазақстан түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретін мемле­кеттің үлгісіне айнала алады. 1991 жылы Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы және сынақ полигонын жабуы ядролық қарусыздандыру мен оны таратпау бойынша жаһандық талпыныс­тар­ға елеулі үлес қосты», – деп болашағы­мызды бірден болжады. Сол айтқаны айдай келді де, кеңестік жүйе ыдырағаннан кейін одақтас республикаларда әртүрлі жағдай, тіпті азаматтық соғыстар бас­талды. Ішкі-сыртқы жағдайлары шие­ленісіп, бір-біріне қырғиқабақ танытты. Барлығы бір мезетте нарықтық экономи­каға көшкенімен, бірі озып, бірі орта жол­да қалып, енді бірі мүл­де тұралап жатты. Ал біздің елімізде мұның бірі де болған жоқ, Елбасы қантөгіссіз, бейбіт жолмен қой үстіне бозторғай жұ­мыртқалаған заманға жеткізді. Мұндай ерлікті ердің ері, нағыз жүректі азамат, кемеңгер басшы ғана жасай алады.

Тарих беттеріне үңілсек, халықтың бо­лашағы мен геосаяси мүддесіне сәйкес, біз сияқты саяси орталығын ауыстырған әлем елдері жеткілікті. Себебі, жаңа астана – мем­лекеттің жүрегі, елдіктің басты тірегі іспетті. Мәселен, алпауыт Америка Бри­тания империясы құрамынан бөлінгелі өз астанасын тоғыз рет өзгертіпті. Тіпті, бұл сұрақ ХІХ ғасырда АҚШ қоғамында тал­қы­ланып, жаңа астананы Миссисипи өзені­нің жағасына, Сент-Луис қаласына көшіру мәселесі қойылған. Ал іргемізде жатқан Ресей бас қаласын төрт рет ауыс­тырған.

Жалпы, әлемде жаңа астаналар үздіксіз пайда болып, өзгеріп жататыны үйреншікті құбылыс. Орыс географы С.Тархановтың есебі бойынша, ХVIII-XXI ғасырлар ара­лы­ғында дүниежүзіндегі 69 мемлекет өз аста­насын көшірген екен. Өз кезегінде ірі мегаполистер тұрмыстың түзеліп, эконо­ми­каның өрлеуіне, ғылым-білімнің да­муына мұрындық болды. Біздің ұлы ұста­зымыз әл-Фарабидің өмір сүрген зама­нында шығыс әлеміндегі ғылыми орталық Бағдат қаласы еді. Бүкіл әлемнің озық ойшылдары, түркі әлемінің дара тұлғалары осы өркениет ошағында дәріс алды, ілімін толықтырды.
Қазақ елінің астаналар тарихы да біздің ұзақ әрі күрделі жолымызды, даму саты­ларымызды, қалыптасу кезеңдерімізді бейнелейді. Әр замандарда тілі бір, ділі бір туыс тайпалар әртүрлі атпен қағанаттар мен хандықтар құрып, болашақта «Қазақ елі» деген атпен тарих сахнасына енетін ха­лықтың өсімі мен таралуын сақтаған. Жаңа­кент – Оғыз мемлекетінің, Тараз – Қара­ханидтердің, Қойлық – Қарлұқ хан­ды­ғының, Сарайшық – Ноғай хандығы­ның, Созақ Қазақ хандығының астанасы болды. Сығанақ − Ақ Орда, одан кейін Түр­кістан, Ташкент, Семей, Орынбор, Қы­зыл­орда, Алматы бас қала мәртебесін иеленді.

Елордамыздың өзі әу баста Акмолинск, Целиноград, Ақмола, кейіннен Астана атанды. Ең бастысы, тәуелсіздік жылдары Қазақстан да өз астанасын ауыстыру тә­жірибесін абыроймен атқарып шықты.

Әл-Фараби бабамыз өзінің «Қайырым­ды қала» туралы әйгілі трактатында жазға­нындай, Нұр-Сұлтан қаласы ізгілікті идея­лар төңірегінде қайта өрлеу сатысына қадам жасады. Қазақ халқының бейбіт­сүйгіш бейнесін жан-жақты танытып, аймақтық шиеленістерді оң шешуге ықпал ете алды. Елімізде осы 30 жылда өткен құрылтайлар, форумдар, кеңестер, кон­ференциялар Қазақ елінің елордасын әлемдік өркениетке кеңінен танытып, Еуразия құрлығында ықпалды геосаяси орталық орныққанын білдірді.

Елбасымыз Қазақстанның жаңа астана­сының жобасы кездейсоқ пайда болмағанын айта келе, «Болашақ астанада (Ақмолада) салынатын кез келген үй мен өзге де құры­лыс объектілері түптеп кел­генде халықтың, елдің байлығы екенін естен шығармауға тиіспіз. Бұл жан-жақты ойластырылған Қазақстан өміріндегі жауапты да шешуші кезеңнің мәселесі» дегенді жиі еске салатын. Жаңа қаланың рақатын қазірдің өзінде ел көріп отыр, ертеңгі ұрпаққа да қалатын бағасыз сыйлық деп есептеймін.
Астана туралы сөз қозғағанда Елбасы­ның айтпай кетуге болмайтын бір қасиеті­не тоқталғым келеді. Ол – Нұрсұлтан
Әбіш­ұлының адамдармен жұмыс істеу қабілеті. Көреген басшының ерекшелігі –
 адамдар­ды тани білуі, әрбір маманның қай салаға бейім екенін дөп басып, соны лайықты орынға тағайындауы. Егемендік алғаннан кейін ел басшылығына әртүрлі саладағы мамандардың біліктілігі, тәжірибесі қажет болды. Әр саладағы азаматтар іздестіріле бастады. Көптеген оқытушы, жас маман­дар, зиялы қауым өкілдері Президент Әкімшілігіне, Жоғарғы Кеңеске, Үкіметке қызметке алынды. Бір ғана мысал: Сыртқы істер министрлігінде 12 адам ғана жұмыс істейтін, олардың мін­деті кеңестік кезеңде келген делегацияны кү­тіп алып, шығарып салумен шектелетін. Ал өз деңгейіндегі жеке құзыреті бар ресми органға нағыз кәсіби дипломаттар, елдес­тірер елшілер қажет болды. Елбасымыз Кеңестер Ода­ғында түрлі елшілікте жұмыс істеп жүрген азаматтарды елге шақырды. Алғашқы кел­гендердің қатарында қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та бар еді.
Жаңадан қалыптасқан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне, тәуелсіз қазақ еліне қызмет етуге қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен Мұхтар Тілеуберді, Қайрат Әбдірахманов, Қайрат Әбусейітов, Бағдат Әміреев, Константин Жигалов, Алексей Волков сияқты азаматтар бел буып, сап түзеді. Солардың ішін­де 1997 жылы қазан айында Нұрлан Нығматулин басқарған бес адам Ақмола қаласына алғаш барғанымыз күні ке­шегідей көз алдымда. Астана суық, тұратын жер, түстенетін дұрыс асхана жоқ демедік. Күй талғайтын уақытымыз да бол­мады. Біз қайтсек Елбасының тапсырмасын өз дәрежесінде орындаймыз, астананы кө­шіріп, елімізді көркейтеміз деп жаны­мыз­ды салдық. 8 қараша күні мемлекеттік рәміздер Ақмолаға көшірілді. Күн райы 40 градусқа таяп, қақап тұрды. Соған қара­мастан Президент резиденциясын әзірлеп, Елтаңбамыз бен мемле-кеттік Туымызды салтанатты жағдайда тұғырына қондырдық. Әрине, ақ түтек борап тұрған айдалада ертегідей ғажап қала тұрғызылады дегенге күмәнданғандар да табылды. Бірақ біз Ұлт көшбасшысының бастамасына риясыз сендік, қай орында болсақ та, әркез қолдан келген барымызды аямадық деп ойлаймын.

Қазіргі қызметімде Тұңғыш Прези­дентіміздің «Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты», сондай-ақ «Беталысы күнде өзгерген алмағайып дү­ниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім. Ол – еңбек» деген сөздерінің маңызы ашы­ла түсетіндей. Ендігі жерде тәуелсіздікті сақтап қалу білімді ұрпақ пен саналы жастардың міндеті екені анық. Әсіресе, ел руханиятын көтеріп, ұлттық экономиканы алға сүйрейтін білікті мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына ерекше талаптар жүктелері сөзсіз. Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университеті өз кезегінде мем­лекет жүктеген межені мінсіз бағын­дыратын болады.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстанның Тұңғыш Президентінің құрметіне көктемде Елбасы саябағы ашы­лып, жеміс ағаштары отырғызылды. Үш жүз түпке жуық алма, шие, қара өрік ағашы биыл гүл ашып үлгерді, бұйыртса, келесі жылы жеміс бермек.

2 шілде күні «Елін сүйген, елі сүйген Ел­басы» деген тақырыппен «Болашақ» халы­қ­аралық білім бағдарламасының түлек­терімен онлайн кездесу өтті. 28 жыл ішінде әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алған жастар «Қыран­дар түлегін қияға самғатып баули­тыны аян. Біз де жеткіншек ұрпағымызды босбелбеу тірлікке емес, басқалармен бірдей бағын сынап, есесін жібермейтіндей нартәуекел мен іскерлікке тәрбиелегеніміз лазым» деген Елбасының дана саясатына бас иіп, алғыстарын жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, Елорда күні жыл сайын Елба­сының саяси феномені мен қайраткерлік тұлғасын халық арасында, жастар орта­сында айшықтай түсері сөзсіз.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, 
әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры