Кинорежиссер Оливер Стоун бұрынғы Кеңес Одағындағы Орта Азия мемлекеттерін жан-жақты зерттеп, әлемге ұсынуға лайық тұлға іздеген. Оның таңдауы жаңа заманның жаңа көшбасшысы ретінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевқа түскен.
Ұлы дала елінде қалыптасқан жақсы дәстүр бар – «Еліңде кімің бар?» деген сұрақ қою. Өйткені әр елдің келбетін оның табиғатының ландшафты емес, жерасты байлығы емес, тұлғалары, қабырғалы азаматтары қалыптастырған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Qazaq: history of the golden man» деректі фильмнің тұсаукесер көрсетіліміне дейінгі баспасөз-мәслихатында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев мәлім етті.
«Тарихи тұлғалардың ішінде орны ерекше, тәуелсіздіктің көк байрағын аспанға көтерген, елімізді жұмылдырып, ең қилы кезеңдерде халқымыздың ортасынан шыққан тарихи тұлға, ғаламдық саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлының болуы халқымыздың ниетіне және Алла тағаланың қазақ халқына деген үлкен қамқорлығы деп білеміз. Шығармашылық топтың Орта Азия көшбасшыларының ішінде біздің Тұңғыш Президентімізге көңіл бөлгені – заңды құбылыс. Біріншіден, тәуелсіз Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан бірден-бір мемлекет. Елбасы дүние жүзіндегі ең үлкен ядролық сынақтар өткізілген Семей полигонын жабу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, дүние жүзіндегі бейбітшілік мәселесіне байланысты көптеген ұсыныстарын БҰҰ ұсынып жүрген саяси тұлға.
Екіншіден, Кеңес Одағы тараған кезде еліміздің, халқымыздың жағдайы өте ауыр еді. Біз аз уақытта Қазақстанды өңірдің көшбасшына, әлемдегі дамушы елдердің қатарына қосуға мүмкіндік алдық. Бұл еліміздің Елбасымыздың жанқиярлық еңбегінің жемісі», – деді мемлекеттік хатшы.
Сонымен қатар Қ.Көшербаев әлемнің 1/9 аумағын қамтитын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың көрші мемлекеттермен арадағы дұрыс саясатының нәтижесінде ең үлкен шекара бекітілгенін ерекше атап өтті.
«Мен кезінде Елбасының тапсырмасымен Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып қызмет істедім. Бұл жағдайды жақсы білемін. Мысалы, Қазақстан мен Ресейдің шекарасы – 7562 шақырым. Дүние жүзінде мемлекетаралық ондай шекара жоқ. Ең үлкен мемлекетаралық шекара - осы. Делимитация, демаркация жасап, оны заңдастыру қыруар жұмыс жүргізілгенінің куәгерімін. Қазақстанның барлық көршілерімен шекараны шегендеу, бұл - үлкен тарихи оқиға. Каспийдегі өз үлесімізді де қорғадық. Оның байлығын ел игілігіне жұмсауға мүмкіндік алдық. Еуразия төрінде жаңа елордамыз бой көтерді. Бүгін соның мерекесі аталып өтілуде. Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы тәуелсіздігіміздің символына айналды», – деді Қ.Көшербаев.
Қазақстанда ЕҚЫҰ саммиті, Дәстүрлі діндер құрылтайлары өтуде. Заманауи технологиялардың, жасанды интеллекттердің, цифрландыру технологияларының келуіне байланысты көптеген жаңалықтар жаршысы болатын ЭКСПО халықаралық көрмесі де ұйымдастырылды.
«Қазақ фильмінде осы дүниелер және Елбасының тұлғалық қырлары және адами қасиеттері бейнеленген. Сондықтан Оливер Стоун мырзаға және оның шығармашылық тобына еліміздің, Елбасының тарихи еңбегін бағалап, қазақ халқына, Қазақстанға көңіл бөліп, осындай фильм шығарғаны үшін ризашылығымызды білдіреміз», – деп түйіндеді Қ.Көшербаев атақты кинорежисерге және оның шығармашылық тобына сәттілік тілей отырып.