Биыл ІІІ тоқсанда әлеуметтік төлемнің үш түрін рәсімдеу үшін мемлекеттік қызмет көрсетудің экстерриториалды қағидаты енгізіледі. Қазақстан азаматтары тұрақты тіркеуіне қарамастан, еліміздегі кез келген ХҚКО-дан құжат рәсімдей алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы төрағасының орынбасары Біржан Жүнісовтің айтуынша, жаңа мүмкіндік тұрғындардың уақытын үнемдейді.«Азаматтар ІІІ тоқсанда бала туғанда берілетін және бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақыны, жүктілік пен босануға, жаңа туған сәбиді асырап алуға қатысты әлеуметтік төлемдер алуға өтініш бере алады. Бір жасқа толған кезде бала күтіміне байланысты құжатты тіркеу орнына қарамастан, кез келген ХҚКО-да өткізе алады. Жыл соңына қарай басқа төлемдер бойынша да экстерриториалды қағидатты енгізу жоспарда бар», – деді Біржан Жүнісов.
Биыл жарты жылда «Азаматтарға арналған үкімет» әлеуметтік салада 815 мың мемлекеттік қызмет көрсетті.