Биыл астанада салынатын әлеуметтік пәтер саны 30%-ға көбейеді
Биыл астанада салынатын әлеуметтік пәтер саны 30%-ға көбейеді
186
оқылды

Кейінгі үш жылдың ішінде астанадағы қолжетімді тұрғын үй саны 5,5 есеге көбейді. Қолжетімді баспана құрылысының қарқыны, тұрғын үй сертификатының көлемін ұлғайту және қатысушылар санатын кеңейту туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты.

«Қала тұрғындарының маңызды және өзекті мәселелерінің бірі – тұрғын үй. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, қолжетімді тұрғын үй құрылысы көлемін ұлғайтуды жүйелі жүргізіп жатырмыз. Мысалы, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер, ал 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер салынса, 2020 жылы осындай 7 мыңнан астам пәтер салынып, пайдалануға берілді. Биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жақында тұрғын үйге кезекте тұрған әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 400-ге жуық пәтер кілті беріледі. Әлеуметтік тұрғын үйлер құрылысы қаланың барлық ауданында жүргізіліп жатыр. Мысалы, Отау, Жағалау шағынаудандарында, Пригородный елді мекені, Ш. Құдайбердіұлы, Р. Қошқарбаев көшелерінде, жаңа вокзал ауданында және т.б», - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Сонымен бірге Нұр-Сұлтан әкімінің тапсырмасы бойынша, тұрғын үй сертификатының сомасы 1 млн. теңгеден 1,5 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасы бойынша қатысушылар санаты кеңейтілді. Бағдарламаға медицина қызметкерлері, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері қатыса алады. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін» бағдарламасы биыл да жалғасады. Осы бағдарлама аясында жыл соңына дейін тағы мыңнан астам жас баспаналы болады. Осы мың пәтерден бөлек, биыл жыл басында 350 жасқа пәтер кілті табысталған. Сол сияқты 2021 жылы жастар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасы (әлеуметтік кредиттеу) іске қосылады.