Әлем елдерінің кіл мықтылары бас қосатын Токио Олимпиадасының басталуына екі аптаға жуық уақыт қалды. 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтетін төртжылдықтың басты додасында бұл жолы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстандық спортшылар Жапон жерінде өтетін Олимпиада ойындарына спорттың 27 түрінен 96 жолдама жеңіп алды.
Айтпақшы, Қазақстан бірінші рет Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрлері, атап айтқанда, спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша қатысады. Каратэ бойынша бірден 5 спортшы, ерлерден - Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев пен әйелдерден Мөлдір Жаңбырбай мен Софья Берульцева, ал құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин бақ сынайтын болды.Жапония астанасында өтетін Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының Ту ұстаушылары да жақында белгілі болды. Қазақстандық атақты спортшы, Лондон Олимпиадасының чемпионы, жазғы Олимпиаданың жүлделер жиынтығының толық иегері Ольга Рыпакова және бокстан ұлттық құраманың капитаны, Әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев Токиода Қазақстан Олимпиада құрамасының Ту ұстаушылары ретінде таңдалды.Су добынан ерлер құрамасы командалық ойын түрлерінен жарысқа қатысатын қазақстандық жалғыз құрама атанып отыр. Олар Олимпиада ойындарына 8 жылдан кейінгі үзілістен соң оралды. Садақ атудан 20 жылдан кейін алғаш рет Қазақстаннан үш садақшы Олимпиада ойындарында командалық жарысқа қатысады.
Қазір Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығында спортшылар Токиоға аттанар алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Шілденің 16-сы бапкерлер штабы мен спортшылар Токиоға аттанады.Рыпакова үшін бұл әлемдік дода оның спорт мансабындағы төртінші Олимпиадасы болмақ. Ол үш қарғып секіру бойынша 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында күміс, 2012 жылы Лондонда алтын және 2016 жылы Риода қола медаль жеңіп алған еді. Ал Қамшыбек Қоңқабаев – бокстан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының капитаны, Азия чемпионатының екі дүркін және 2017 мен 2019 жылғы Әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері. Сондықтан осы екі спортшыға байрақты бәсекеде елдің Туын ұстап шығу міндеті сеніп тапсырылды.
Ендігі кезекте көптің көкейінде төртжылдықтың басты додасына жолдама иеленіп, ел мерейін асыруға аттанатын спортшылардың арасында «кімдер жүлдегер атануы мүмкін, қанша жүлде аламыз?» деген сұрақ туындайды. Бұл сауалға бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевтан жауап алдық. Бапкер осы жылғы жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылардың тұғыры биік, жұлдызы жарық болады деп топшылайды.Спорттық іс-шараларды талдаумен және болжамдармен айналысатын белгілі Gracenote компаниясының сәуір айындағы есебі бойынша, Қазақстан Токиода 16 медаль еншілейді, оның 1-еуі ғана алтын болады деп болжам жасады. Бірақ дәл қай спорт түрінен отандық спортшыларымыздың алтын алатыны анық көрсетілмеген. Осы ретте еске сала кетейік, 2016 жылы Риода қазақстандық спортшылар үш алтын, бес күміс және тоғыз қола медаль жеңіп алған еді. Бұл Қазақстанның Олимпиада тарихындағы рекордтық көрсеткіші болды.
Жігіттердің дайындығы жақсы. Қазаққа олимпиадалық спорттың ең оңтайлысы бокс десек, артық айтпаспыз. Сегіз салмақта жолдама жеңіп алған былғары қолғап шеберлері ел қоржынына ең көп жүлде салатынына көпшілік сенеді. Мен боксшыларымның ешқайсысын бөліп-жарғым келмейді. Бәрі де алтыннан дәмелі. Біз де солай болса дейміз және соған сенеміз. Өз басым барлығының алтын алатын мүмкіндігі барын жақсы білемін. Қыздар арасында сынға түсетін Надежда Рябецке де үлкен сенім артылып отыр.– Біз қазір соңғы жаттығу жұмыстарын өткізіп жатырмыз. 16-сы Токиоға ұшамыз. 23-і Олимпиада ойындары ашылады. 24-і бокс басталады. 8-і күні ауыр салмақта соңғы кездесу өтеді. Барлық санитарлық нормаларды сақтаудамыз. Өйткені Жапонияда бәрі қатаң түрде тексеріледі. Жапондықтардың көпшілігі - жарысты өткізуге қарсы. Сондықтан қазір қауіпсіздік мәселесі негізгі орында тұр. Ұялы байланыс телефонымызға қажетті қосымшаларды жүктеп алдық. Ұйымдастырушылар жүріп-тұрғанымызды, кіммен байланысқанымызды, бәрін жіті бақылап отырады.
Каратэден де саңлақтарымыз сынға түседі. Спорт мамандары қазақстандық каратэшілердің өнеріне жоғары бағасын беруде. Күрес, дзюдодан да жүлде алып қалармыз. Елдос Сметов те біздің мақтанышымыз. Токиода алтын алса екен деп тілейміз. Спортшыларға Спорт министрлігі, Үкімет барлық жағдайды жасады. Пандемия кезінде де жабық жаттығу жұмыстарын өткіздік. Ел чемпионаттарын ұйымдастырдық, Ресейге, Кубаға, Еуропадағы бірқатар жарысқа қатыстық. Солардың бәріне қолдау жасаған басшылықтағыларға көп рақмет айтамыз, – деді бас бапкер.Басқа спорт түрлері бойынша жеңіл атлет Ольга Рыпаковадан жүлде күтеміз. Ол – Олимпиадаға баратын ең тәжірибелі спортшылардың бірі. Рио Олимпиадасының чемпионы, жүзгіш Дмитрий Баландин де фавориттер қатарында. Жалпы, Олимпиадаға осал спортшы бармайтыны белгілі. Сондықтан кіл мықтылардың арасында топ жару, үздіктер қатарынан көріну – үлкен ерлік.
– Жалпы, Олимпиада сайын алтынсыз қайтып жүргеніміз жоқ. Осы жолы да алтыннан дәмеліміз. Олимпиадада жүлдегер атану, алтыннан алқа тағу әр спортшының басты арманы ғой. Саңлақтарымыздың тілегі орындалсын дейміз. Менің ойымша, Елдос Сметов жоқ дегенде финалда белдесуі тиіс. Алтынға басты үміткерлердің бірі – осы жігіт. Велоспорттан да жүлдеге қол созатын мүмкіндігіміз жоқ емес. Кезінде таэквондодан қола алғанымыз бар. Жансель Дениз бен Руслан Жапаров та бар мүмкіндігін көрсете алса, жүлдегер атанып қалар. Өзге де отандық спортшылардан жүлде күтеміз, – дейді ол.Ал төреші, экс-боксшы Серікжан Ешмағамбетов төрешілер бұра тартпаса, Токиода боксшыларымыздың жұлдызы жарқырайтынын, себебі, олардың Азия чемпионатында кеткен есені қайтаруға бел буып отырғанын айтты.
Бұған дейін спортшылар төртжылдықтың басты додасына жолдама жеңіп алуды басты мақсаты санаса, ендігі маңызды міндеттің бірі – Олимпиададан жүлделі оралып, ел сенімін ақтау. Осы орайда, отандық жанкүйерлердің спортшыларымыздың тілеуін тілеп, жанкүйерлік танытып, тақым қысатыны айтпаса да түсінікті. Ендеше, ел сенім артқан саңлақтарға Тәңір жар болғай!
Абылайхан ЖҰМАШ