Токиоға 96 cпортшы барады. Кімдерден жүлде күтеміз?
Токиоға 96 cпортшы барады.  Кімдерден жүлде күтеміз?
182
оқылды

Әлем елдерінің кіл мық­тылары бас қосатын Токио Олимпиадасының басталуына екі аптаға жуық уақыт қалды. 23 шілде мен 8 тамыз ара­лығында өтетін төрт­жылдық­тың басты додасында бұл жолы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақ­стан­дық спортшылар Жапон жерінде өтетін Олимпиада ойындарына спорттың 27 түрі­нен 96 жолдама жеңіп алды.

Айтпақшы, Қазақстан бірінші рет Олим­пиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрлері, атап айтқанда, спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша қатысады. Каратэ бойын­ша бірден 5 спорт­шы, ерлерден - Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев пен әйелдерден Мөлдір Жаңбырбай мен Софья Беру­льцева, ал құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин бақ сынайтын болды.

Су добынан ерлер құрамасы командалық ойын түрлерінен жарысқа қатысатын қазақстандық жалғыз құрама атанып отыр. Олар Олимпиада ойындарына 8 жылдан кейінгі үзілістен соң оралды. Садақ атудан 20 жылдан кейін ал­ғаш рет Қазақстаннан үш садақшы Олимпиада ойындарында ком­ан­далық жарысқа қатысады.

Жапония астанасында өтетін Олимпиада ойындарында Қазақ­стан құрамасының Ту ұстаушылары да жақында белгілі болды. Қазақ­стан­дық атақты спортшы, Лондон Олим­пиадасының чемпионы, жазғы Олимпиаданың жүлделер жиынтығының толық иегері Ольга Рыпакова және бокстан ұлттық құраманың капитаны, Әлем чем­пионатының екі дүркін жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев Токиода Қазақстан Олимпиада құрама­сының Ту ұстау­шылары ретінде таңдалды.

Рыпакова үшін бұл әлемдік дода оның спорт манса­бындағы төртінші Олимпиадасы болмақ. Ол үш қарғып секіру бойынша 2008 жылы Бейжің Олим­пиадасында күміс, 2012 жылы Лондонда алтын және 2016 жылы Риода қола медаль жеңіп алған еді. Ал Қамшыбек Қоңқабаев – бокстан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының капитаны, Азия чемпионатының екі дүркін және 2017 мен 2019 жылғы Әлем чем­пио­наттарының күміс жүлдегері. Сондықтан осы екі спортшыға байрақты бәсекеде елдің Туын ұстап шығу міндеті сеніп тап­сырылды.

Қазір Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орта­лығында спортшылар Токиоға аттанар алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Шіл­денің 16-сы бапкерлер штабы мен спортшылар Токиоға аттанады.

Спорттық іс-шараларды тал­даумен және болжамдармен ай­налысатын белгілі Gracenote компаниясының сәуір айындағы есебі бойынша, Қазақстан Токиода 16 медаль еншілейді, оның 1-еуі ғана алтын болады деп болжам жасады. Бірақ дәл қай спорт түрінен отандық спортшы­ларымыздың алтын алатыны анық көрсетілмеген. Осы ретте еске сала кетейік, 2016 жылы Риода қазақ­стандық спортшылар үш алтын, бес күміс және тоғыз қола медаль жеңіп алған еді. Бұл Қазақстанның Олимпиада та­рихындағы рекорд­тық көрсеткіші болды.

Ендігі кезекте көптің көкейінде төрт­жылдықтың басты додасына жолдама иеленіп, ел мерейін асыруға аттанатын спортшы­лардың арасында «кімдер жүлдегер атануы мүмкін, қанша жүлде аламыз?» деген сұрақ туындайды. Бұл сауалға бокстан ұлттық құ­рама­ның бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевтан жауап алдық. Бапкер осы жылғы жазғы Олим­пиада ойын­дарында қазақстандық спортшылардың тұғыры биік, жұлдызы жарық болады деп топ­шылайды.

– Біз қазір соңғы жаттығу жұмыс­тарын өткізіп жатырмыз. 16-сы Токиоға ұшамыз. 23-і Олим­пиада ойындары ашылады. 24-і бокс басталады. 8-і күні ауыр сал­мақ­та соңғы кездесу өтеді. Барлық санитарлық нормаларды сақ­таудамыз. Өйткені Жапонияда бәрі қатаң түрде тексеріледі. Жапон­дықтардың көпшілігі - жа­рыс­ты өткізуге қарсы. Сондықтан қазір қауіпсіздік мәселесі негізгі орында тұр. Ұялы байланыс теле­фонымызға қажетті қосым­шалар­ды жүктеп алдық. Ұйым­дастыру­шылар жүріп-тұрғаны­мыз­ды, кім­мен байла­ныс­қанымызды, бәрін жіті бақылап отырады.

Жігіттердің дайындығы жақсы. Қазаққа олимпиадалық спорттың ең оңтайлысы бокс десек, артық айт­паспыз. Сегіз салмақта жол­дама жеңіп алған былғары қолғап шеберлері ел қоржынына ең көп жүлде салатынына көпшілік сене­ді. Мен боксшыларымның еш­қайсысын бөліп-жарғым келмейді. Бәрі де алтыннан дәмелі. Біз де солай болса дейміз және соған сенеміз. Өз басым барлы­ғының алтын алатын мүмкіндігі барын жақсы білемін. Қыздар арасында сынға түсетін Надежда Рябецке де үлкен сенім артылып отыр.

Басқа спорт түрлері бойынша жеңіл атлет Ольга Рыпаковадан жүлде күтеміз. Ол – Олимпиадаға баратын ең тәжірибелі спор­тшылардың бірі. Рио Олим­пиадасының чемпионы, жүзгіш Дмитрий Баландин де фавориттер қатарында. Жалпы, Олимпиадаға осал спортшы бармайтыны белгілі. Сондықтан кіл мықтылардың ара­сында топ жару, үздіктер қатары­нан көріну – үлкен ерлік.

Кара­тэден де саңлақтарымыз сынға түседі. Спорт мамандары қазақ­стандық каратэшілердің өнеріне жоғары бағасын беруде. Күрес, дзюдодан да жүлде алып қалармыз. Елдос Сметов те біздің мақта­нышымыз. Токиода алтын алса екен деп тілейміз. Спортшыларға Спорт ми­нистрлігі, Үкімет барлық жағ­дай­ды жасады. Пандемия кезінде де жабық жаттығу жұ­мыс­тарын өт­кіздік. Ел чемпионаттарын ұйымдастырдық, Ресейге, Кубаға, Еуропадағы бірқатар жарысқа қа­тыс­тық. Солардың бәріне қолдау жасаған басшы­лық­тағыларға көп рақмет айтамыз, – деді бас бапкер.

Ал төреші, экс-боксшы Серік­жан Ешмағамбетов төре­шілер бұра тартпаса, Токиода боксшы­лары­мыздың жұлдызы жарқырай­ты­нын, себебі, олардың Азия чем­пио­натында кеткен есені қайтаруға бел буып отырғанын айтты.

– Жалпы, Олимпиада сайын алтынсыз қайтып жүргеніміз жоқ. Осы жолы да алтыннан дәмеліміз. Олимпиадада жүлдегер атану, алтыннан алқа тағу әр спорт­шы­ның басты арманы ғой. Саңлақ­тарымыздың тілегі орындалсын дейміз. Менің ойымша, Елдос Сметов жоқ дегенде финалда белдесуі тиіс. Алтынға басты үміткерлердің бірі – осы жігіт. Велоспорттан да жүлдеге қол созатын мүмкіндігіміз жоқ емес. Кезінде таэквондодан қола алға­нымыз бар. Жансель Дениз бен Руслан Жапаров та бар мүмкіндігін көрсете алса, жүлдегер атанып қалар. Өзге де отандық спорт­шылардан жүлде күтеміз, – дейді ол.

Бұған дейін спортшылар төртжылдықтың басты додасына жолдама жеңіп алуды басты мақсаты санаса, ендігі маңызды міндеттің бірі – Олимпиададан жүлделі оралып, ел сенімін ақтау. Осы орайда, отандық жанкүйер­лердің спортшыларымыздың тілеуін тілеп, жанкүйерлік таны­тып, тақым қысатыны айтпаса да түсінікті. Ендеше, ел сенім артқан саңлақтарға Тәңір жар болғай!

Абылайхан ЖҰМАШ