Алматы облысында екі бірдей ауылдық дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Жамбыл ауданының Сарыбай би және Үңгіртас ауылдарында қажетті заманауи медициналық құралдармен жабдықталған жаңа емдеу мекемелері салтанатты түрде ашылды.
Жаңа емхананың жобалық құны – 338 млн. теңге. Мұнда балалар мен ересектерге арналған қабылдау бөлмесі, тіс емдеу, гинеколог, терапевт кабинеттері, зертхана, күндізгі стационар, жара таңу бөлмесі бар. Бұл жерде Үңгіртас ауылдық округінің 5 мыңдай тұрғыны медициналық қызмет алады.Сарыбай би ауылындағы емдеу мекемесі бір ауысымда 25 адамды қабылдай алады. Нысан ендігі жерде Қарасу ауылдық округіндегі 4 елді мекеннің 6 мыңнан астам тұрғынына сапалы медициналық қызмет көрсетеді. Жобаның жалпы құны – 297 млн. теңге. Үңгіртас ауылында да осындай дәрігерлік амбулаторияның ашылуы ауыл тұрғындарын ерекше қуанышқа бөледі.
«Дәрігерлік амбулаторияда жаңа медициналық құрал-жабдық орнатылған. Нысан бір ауысымда 35 адам қабылдауға арналған. Біздің ұжымда 12 қызметкер бар. Біз ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге бар күш-жігерімізді бағыттаймыз», – дейді Үңгіртас ауылдық амбулаториясының меңгерушісі Бағлан Тобажанова.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы