Былтыр елдегі бала туу саны рекордтық көрсеткішке жетіп, 425,6 мың нәресте дүние есігін ашты. Бұл осыдан 10 жыл бұрынғы дерекпен салыстырғанда екі есе көп. Алайда, дәрігерлердің айтуынша, жаңа туған нәрестелердің арасында туабітті аурулар саны артқан.
Хирургтер жарық дүниеге жаңа келген баланың бойындағы бірнеше туа біткен кемістігімен күресуге мәжбүр. Көптеген балаларда жүрек пен өкпе ақауы, асқазан-ішек жолдары, бүйрек қабынуы секілді бірнеше ауру қатар жүреді. Мұндай жағдайда уақтылы медициналық көмек көрсетілмесе, баланы аман алып қалу қиын. Ақтөбе облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сағидолла Досмағамбетовтің айтуынша, жаңа туған балалардың бүкіл органына бір мезетте ота жасау мүмкін емес.Сондай-ақ соңғы жылдары шала туылған нәрестелердің дүниеге келуі таңсық болмай кетті. Дәрігерлерге күн сайын салмағы бір келіге жетпейтін шақалақтардың өмірімен күресуге тура келеді. Мұндай балалармен жұмыс істеу кезінде арнайы құралдар қолданылады. Ал небәрі 3 миллиметр ғана болатын құралмен жұмыс істеу үшін жоғары кәсібилік қажет. Осындай қиындыққа қарамастан күрделі отаның тиімділігі жоғары. Мәселен, бұрын жаңа туған нәрестелерге жасалған оталардың сәтті аяқталуы 30-40 пайызға әрең жетсе, қазір неонатальды хирургияның қалыптасуы көңіл көншітерлік. Бір ғана Ақтөбенің өзінде балалардың жүрегіне жылына 100-ден астам ота жасалады екен. Осындай туабітті жүрек ақауларының өмір сүру деңгейі 93-95 пайызды құрайды.Бұл - нәрестелер үшін үлкен жүктеме. Кейбір жағдайда ота сәтсіз аяқталып, нәтижесі жақсы аяқталмауы да мүмкін. Бұдан бөлек, туабітті аурулардан бөлек, кішкентай балалардың бойындағы органдардың даму көрсеткіші баяу. Жүре келе пайда болатын аурулардың көптігі де алаңдатарлық.
Қатерлі ісік көбейген
Статистикаға сүйенсек, әлемде жыл сайын 400 мыңнан астам кішкентай тұрғынға «қатерлі ісік» диагнозы қойылады. Оның әрбір екіншісінде ауруды жеңу мүмкіндігі аз. Біздің елімізде де 600 бала қатерлі ісікпен ауырады. Оның 40 пайызында «лейкемия» диагнозы қойылған. Балалар онкологиясының жалпы құрылымында ми ісіктері, нейробластома, лимфома және ретинобластома басым. Онкологтердің берген дерегіне сүйенсек, Қазақстанда балалар арасында қатерлі ісік ауруларының диагностикасы жақсарған. Сол себептен бұрынғыға қарағанда Денсаулық сақтау жүйесінде ресми тіркелген онкологиялық науқастар саны көбейіпті. Жалпы, елімізде 4 мыңға жуық бала динамикалық бақылауға алынған. Олардың 300-ге жуығы тірек терапиясын алады. Қазір балалар арасындағы кейбір онкологиялық ауруларды емдеудің тиімділігі 70-90 пайызды құрайды. Дегенмен генетикалық ақаулардың нәтижесінде пайда болатын қатерлі ісік түрлерін емдеудің нәтижелері әлі де көңіл көншітпейді. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары бала бойындағы онкологиялық ауруды анықтау қиынға соғатынын жасырмайды. Сол үшін ата-аналар балаларының денсаулығына өте мұқият болуы керек. Өйткені қатерлі ісік терапиясының тиімділігі уақтылы диагноз қоюға байланысты.Елдегі онкологиялық ауруларды емдейтін орталықтарда соңғы инновациялық технологиялар қолжетімді болғанымен, көптеген ата-аналар балаларын шетел дәрігеріне апарғанды жөн көреді. Қазір түрлі қайырымдылық қорлары мен әлеуметтік желідегі жазбалардан аңғарсақ, шекара асып, шетел клиникаларына бару үшін қаржы сұрайтындар қатары көбейген.Егер балада қандай да бір әлсіздік, бет-жүзінің айқын бозаруы, жүректің айнуы, құсу белгілері байқалса, уақыт созудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайда ата-аналар невропатологтің кеңесіне жүгініп, ісіктің бар-жоғын уақытында анықтауға асықпаса болмайды. Баланы емдеуге немесе диагнозды болдырмауға мүмкіндік беретін скрининг пен МРТ-дан өту уақыт күтпей жүзеге асуы тиіс.
Сенім бар, бірақ қаржы жоқ
Көпбалалы отбасынан шыққан үш жасар Алтынбектің анасы Жансая Көпжасарова алғашында баласының ауруға шалдыққанын естігенде бойындағы үрей мен қорқыныш үдеп, үлкен күйзелісті бастан кешірген. Бірақ баласының амандығы үшін бойындағы қорқынышты бір сәтте ысырып, ауруды жеңіп шығуға кірісіпті.Бұл - екі түрлі химиялық препараттар. Бірақ ата-аналар оларды өз есебінен сатып алады, өйткені тегін берілетін дәрі-дәрмектер ұлыма жарамайды. Әрине, әрбір ата-ана баласының бойындағы ауруды естігенде есеңгіреп қалады. Ең жаманы, көз алдыңызда балаңыздың ұйқысы нашарлап, шаштары түсе бастағанда шарасыздықтан жылай берген күндерім болды. Жұмыс пен аурухананың арасында шапқылап жүргеніме басшылығым да шыдамады. Көп ұзамай, жұмыстан кетуге тура келді. Мұндай кезде баланың денсаулығымен бірге жалақыдан қағыласыз. Жұмыссыздық қыруар қаржы тұратын дәрі-дәрмек алатын кезде қатты білінеді. Мысалы, мемлекеттік тізілімде жоқ дәрі-дәрмектерді өзіміз сатып аламыз. Дәрілер қарапайым халық үшін қолжетімсіз. Онкогематологиядағы ауруларды емдейтін препараттар өте қымбат. Вирусқа қарсы «Вальцит» препаратының өзі қыруар қаржы тұрады», – дейді Жансая Көпжасарова.«Баламның бойындағы ауру кенеттен пайда болды. Алдымен беті мен денесінде кішкентай көгеру пайда бола бастады. Кейін аяқтарында да қанталап ісіктер шықты. Қан мен зәр анализін тапсырдық. Биохимиялық талдаудың нәтижесі ұлымызда «жедел лимфобластикалық лейкемия» диагнозының барын растады. Содан бері Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының онкогематология бөлімінде ем алып жатырмыз. Балам тірек терапиясын қабылдайды.
«Диагноз қою үшін Алматыға келдік. Дәрігерлер баланы бірден ауруханаға жатқызу керек екенін айтты. Содан үйдегі әйелімді осында алдыртып, өзім Атырауға кеттім. Үйдегі басқа балаларға бас-көз болып, арасында жұмысқа барып жүрген едім. Үй мен жұмыстың арасындағы шапқылау кімге ұнасын, жұмыс берушім жұмыстан кетуге мәжбүр етті. Қазір жұмыссыз отырған жайым бар. Алматыдағы әйелім мен балама таксилетіп тапқан бес-он тиынымды жібергеніммен, үйдегі балаларымның памперсін түгендеп, тамағын табу қиынға соғып жатыр», – деді жыларман күйге жеткен жігіт ағасы Әсет. Қоғам белсенділері болса, онкологиялық орталықтар соңғы технологиямен жабдықталғанымен, УДЗ, МРТ суреттерін оқи алатын жақсы мамандар жетіспейтінін айтады. Ауылдық жерлерде бала бойындағы ауру белгілерін анықтау – өз басына жеке мәселе. Дәрігерлердің салғырттығын сынға алатын кейбір ата-аналар медициналық көмектен бас тартып, дәстүрлі емес тәсілдерімен емдеуді жөн көреді. Оның соңы қайғылы аяқталатыны тағы белгілі.Жансая секілді жұмысынан айырылып, жалақысынан қағылған ата-аналар жетерлік. Атыраудан Алматыға баласын емдетуге алып келген Әсет те соңғы тиынын билетке жұмсап, соңында гигиена құралдары, дәрі-дәрмек сатып алу үшін таныстарынан тиын сұрап кеткен.
Оңалту орталықтары жеткіліксіз
Қазір аяғы ауыр аналардың көбіне бірінші талдау нәтижелерінен кейін-ақ құрсақтағы шарананың Даун синдромымен туылу қаупі туралы айтып, тиісті кеңесін береді. Осындай жағдайға тап болған аналардың көбі кейін сап-сау баланы дүниеге әкелсе, кейде денсаулығы сыр бермеген аналардың нәрестелері Даун синдромымен туылып жатады.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ерекше» балаларды оңалту үшін мамандандырылған ұйымдар жеткіліксіз екенін айтты. Айтуынша, тексеруден өту үшін балалар өз кезегін жарты жыл күтуі керек. Елімізде қазір 2 мыңнан аса «ерекше» бала жабық интернатта тұрады. Олардың жартысынан көбінің ата-анасы бар. Көбісі өздері тұратын жерде балаға күнделікті күтім жасауда дәрі-дәрмек, медициналық көмек, әлеуметтік қолдау болмаған соң науқас баланы мемлекетке тапсыруға мәжбүр.Әлемде 700 баланың біреуі Даун синдромымен туады. Ал Қазақстанда бұл дертке шалдыққан 12 мыңға жуық бала бар. Оның ішінде экологиялық жағдайы төмен облыстарда осы диагнозбен туғандар көп көрінеді. Мәселен, бір ғана Атырау облысында – 3 720, Атырау қаласында 1 722 «ерекше» бала бар. Ал аутизммен ауыратын балалар ресми статистикадағы сандарға қарағанда бірнеше есе көп. Назарбаев университетінің ғалымдары бұл мәселемен айналысып, дәрігерлерге дұрыс диагноз қоюға және осындай балалардың дамуына көмектесу үшін ауқымды зерттеу жүргізіп жатыр.
Сал ауруларының саны артқан
Былтырғы мәлімет бойынша, елімізде 17 мыңға жуық бала церебралды сал ауруымен ауырады. Бұл тек есепте тұрғандар. Сәбилердің сал ауруымен туылуына 400-ге жуық себеп бар. Баланың ата-анасы жүз жерден мықты болғанымен, қоршаған ортаның экологиялық жағдайы әсер етпей қоймайды. Күйбең тірліктегі күнделікті қимыл-қозғалыс, әлеуметтік жағдайдан туындайтын түрлі стресс, сапасыз азық-түлік ауру баланың артуына әкеледі. Ұлттық балаларды оңалту орталығының директоры Шолпан Бөлекбаева жеңіл дәрежедегі аурулардың барлық белгілерін жоюға болатынын айтады.30 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санаттағы акушер-гинеколог, медицина ғылымдарының кандидаты Жұпар Наханова «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» абзал болатынын айтады. Дәрігер дәл қазіргі жағдайда ата-аналарға жүктілікті жоспарламаған жөн деп отыр. «Шала туған шақалақтар көп. Өздігінен түсік тастайтындар да артқан. Балалар арасындағы туабітті аурулардың күрт артуына экологияның әсері, аналардың дұрыс тамақтанбауы, үнемі күйзелісте жүруі, жастар арасындағы жұқпалы аурудың көбеюі себеп. Соңғы жылдары туабітті аурулардың артуына коронавирус жығылған үстіне жұдырық болып тиді. Карантин басталғалы әйелдер арасындағы жүктілік көбейген. Әрине, ел демографиясына үлес қосқанына қарсылығым жоқ, бірақ дәл қазіргі ахуалға байланысты бала көтеруге асықпау керек. Кем дегенде 1-2 жыл жүктілікті жоспарламауға кеңес беремін. Кеңес бергенімізге қарамай туып жатқандар жетерлік. Өкінішке қарай, балалар арасындағы өлім-жітім де көбейіп, туабітті аурулар өршіп кетті. Коронавирус – жұқпалы аурудың ең ауыр түрі. Ол болашақ нәрестенің ағзасына әсер етеді», – дейді Жұпар Кәрібекқызы.Ол үшін оңалту курсын уақтылы және үнемі жүргізу керек. Алайда оңалтудан өтуге көбінің мүмкіндігі жоқ. Өйткені денсаулық сақтау жүйесінде 19 орталық жұмыс істесе, оның ішінде 300 пациентті қабылдай алатын үлкен орталық елордада ғана бар. Бір жыл ішінде республикалық орталықта 6 мыңға жуық бала оңалтудан өтсе, қалған 10 мыңнан аса баланың тұрақты ем алуға мүмкіндігі аз деген сөз.
Жадыра МҮСІЛІМ