Әселханның мейірімі жыл он екі ай шуақ шашып тұрады
Әселханның мейірімі жыл он екі ай шуақ шашып тұрады
634
оқылды

Әселхан Қалыбекова – Қазақ­станның Халық ақыны атағын алған санаулы жандардың бірі.

«Халықтың Әселханына» айналған ақын Aiqyn газетіне берген соңғы сұхбатында: «Айтыстан мол ақша таптым, дүние қудым деп айта алмаймын. Біз сахнаға шыққан алғашқы жылдары тегін айтысатын едік. Біздің бір ар­тық­шылығымыз – рухани байыдық. Шалқып, қуанып, елдің алдында, халықтың аяулы алақанында жүрдік. «Әселхан» деген атымды әлпештеді. Есімім елге танылды. Қазақстанның қай бұрышында жүрсем де, танып-біліп, амандасып жатады. Мерейім тасып қалады. Арнайы келіп, сәлем беретіндердің жөні бір басқа. Тіпті, айтыстан қол үзіп кетсек те, әлі күнге дейін елдің құрметі басылған емес. Айтыс маған өле-өлгенімше таусылмайтын абырой берді»,- деген еді. Рас, Әсел апаға айтыс өле-өлгенше абырой берді. Халықтың құрметіне бөленген тұлға 71-ге қараған шағында өмірден озды. Ол 1950 жылы 22 сәуірде Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында туған. Қазақ КСР-інің Халық ақыны (1990) атағын алған. Жазушылар одағының Жамбыл атындағы халық­аралық сыйлығының тұңғыш лау­реаты (1989). Отырар ауданының құрметті азаматы. Әселхан Қалыбекованың айтыс өнеріне қосқан үлгі-өнегесі мол. Респуб­ликамызға танымал белгілі ақындардың бәрімен кездесіп, аймақтық, респуб­ликалық, халықаралық көптеген дүбірлі айтысқа қатысқан. Жүрсін ЕРМАН, ақын:

Әселхан жүйрік ақын еді

– Осыдан он бес күн бұрын ғана Түркістанда Әселханға арналған айтыс өтті. Ақын бауырлары ол туралы тамаша лебіздерін өлеңмен жеткізді. Әселхан соңынан шәкірт ерткен ақындардың анасы еді. Маржан Есжанова, Анар Жаппар­құло­ва, Ақмарал Ілеубаева сияқты сіңлілері, Бекарыс Шойбеков секілді інілері оны өздеріне үлгі тұтты. Өйткені Әселхан арғы-бергі айтысты жақсы білетін, айтыстың биігіне шыққан, шын мәніндегі шебер еді. Оның бір қасиеті – айтыс үстінде қарсы­ластары қандай уәж айтса да, бір сөзін қалдырмай, санамалап отырып, бәріне жауап беретін. Әселхан жүйрік ақын болды. Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік еді. Оның барлық айтысы сақтаулы тұр. Жазба поэзияға да үлес қосқан ақын. Әселханды Отырардың шырақшысы деп қарайтын едік. Шәуілдірде отырып, ол бүкіл айтыстың тамырын ұстап отырды. Шақырылса, қалт жібермей, қай айтысқа да барып қайтатын. Және аса кестелі, көркем жырдан өрнек салатын. Ажалға не шара! Қайтарының алдында ғана сонау Ұлытауға дейін барып, қазақтың қасиетті жерлерін көріп, соған қуанып келіп еді. Сөйтсек, соңғы бой жазуы екен. Бүгін біз айтыстың ақордасының іргесіне жай түсті деп отырмыз. Аяулы Әселханға ажалдың оғы тигені өкінішті. Қолдан келер шара жоқ. Артында өлмейтін мұрасы қалды. Дәтке қуат, соңында ұрпағы, шәкірттері бар. Алладан иман байлығын тілейміз. Әсия БЕРКЕНОВА, Қазақстанның Халық ақыны:

Бір жыл, бір ай, бір күннің төлі едік

– Біз екеуміз өнер жолында тоғысқан едік. Алланың ісінің шеберлігі сондай, 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыста танысып, жөн сұрасып, әрқайсымыздың неше жаста екенімізді сұрағанымызда екеуміз бір жыл, бір ай, бір күнде туған болып шықтық. Содан бері, міне, қаншама уақыт өтсе де, айтыста жұбымыз жазылған жоқ. Бір-біріміздің сыңарымызға айналдық. Шынында, біреуміз теріскейде, біреуміз оңтүстікте өмірге келсек те, өнерде бірге жүрдік. Бір-бірімізбен «шәй» дескен жеріміз жоқ. Бір-біріміздің жетістігімізге сүйсініп, әрқайсымыздың отбасымыздағы қуаныштарға өзіміздің отбасымызда болып жатқандай қуанып жүрген едік. Біз Әселхан екеуміз өмірге бір жылы келіп қоймай, Қазақстанның Халық ақыны деген құрметті атақты да бір бұйрықпен 1990 жылы 6 сәуірде бірге алған едік. Өткен жылы Түркістан қаласында екеуміздің шығармашылық кешіміз бірге өтеді деп жүргенде, мен ауырып қалып, бара алмай қалдым. Сонда шыр-пыр болып, маған қолдау көрсетіп, қайта-қайта жазып, уайымдап қалып еді. Сөйтіп жүріп, өзі де індет жұқтырып алыпты. «Әселхан ауырып, жансақтау бөлімінде жатыр» деген хабар келді. Сыңарыма жігер беретіндей сөздер жазып, «Айна­лайын, сыңарым-ау, сен рухтысың, сен беріксің, сен бұл індетті жеңесің» деп жазып жіберіп едім. Сол сөздерімді оқи алмаған да шығар деп ойлаймын. Өкінішті жағдай. Ол Алаштың арда өнері айтыстың ұлағатты жастары, өнерге бет бұрған жастары өнеге қылып ұстайтын айтыстың анасы еді. Алла Тағала жатар жерін жайлы қылсын! Иманы серік болсын! Алла тағала қазақтың аяулы қызын өз шапағатына бөлесін! Көпен ӘМІРБЕК, сатирик, сыныптасы:

Мейірімі мен жан шуағын төккен ақын

– Сонау 80-жылдардың басында көмбедей көміліп қалған асыл өнеріміз ақындар айтысы екі білегін сыбанып ел алдына шыққанда еңсеміз көтеріліп қалғаны әмбеге аян. Бұрын-соңды танылмаған талай таланттың бағы жанып, барша жұрттың қошеметіне бөленді. Қызылордадан Манап Көкенов, Семейден Қалихан Алтынбаев, Көкшетаудан Көкен Шәкеев, Ордабасыдан Көпбай Омаров, Отырардан Тәушен Әбуова мен Әселхан Қалыбековалар айтысты көтерсе, айтыс өнері ақындардың атақ-даңқын аспанға шығарды. Қазір бұл кісілердің бәрі де бақилық. Кеше ғана дүниеден озған Əселхан досым, құрдасым туралы естелік айтсам, егілгелі тұрмын. Әл-Фарабиден Әселханға дейін талай тұлғаны тудырған Отырар – ұлылар Отаны, аузы дуалы ақындар мекені. ...Осы өңірді қақ жарып ағатын Сырдарияның сағасында, қамыс-тоғайдың арасында өстік. Әселхан оқушы кезінде басына бантик тағып көрген қыз емес. Жігіттердің киімін киіп алып, аспанға шаншылған асау аттарды бас білдіріп жүретінін білеміз. «Аттан ауып құлапты, ботадай боздап жылапты!» деп естіген емеспіз. Әкесі Әлішер көкпарға көп шабатын, ауыл-аймаққа белгілі шабандоз еді. Батырлар жыры мен басқа да жырау­лардың қиссасын, арғы атасы әйгілі ақын Ергөбектің өлеңдерін еркекшора қызы­ның құлағына құяды да жатады дейтін. Сол Әселханымыз мектепті бітірісімен күйеуге шы­ғып кеткенде «Бұ қалай?» деп таң­­ғалдық. «Ойбүй-й-й, қыз боп та үлгер­меді-ау!» деді құрбылары. Сөйтсе, жетім­дер үйінде өскен Баянбай деген жігіт көрген қиыншылығы мен тағдырдың тау­қыметін айтып, сөз соңында «Егер маған тұрмысқа шықпасаң, онсыз да көрген азабым аз емес, өлем!» дейді. Сырт қарағанда сыңар қылыштай қаһарлы көрінгенімен, ол аса мейірімді болатын. Кім-кімге де жаны қалмай жанашырлық­пен қарайтын. «Қой, бір жігіттің обалына қалмайын!» – дейді де өзінен он жас үлкен Баянбайдың бағын ашып, тұрмысқа шығады. Сөйтіп, екеуі ақ таяқ ұстап, ақтылы қой айдап, 800 тоқты бағады. Сол жылы қыс қатты болып, шөп жоқ, мал қырыла бастайды. Бір совхоздың шанамен алып бара жатқан шөбінен он прес сұраса, анау бермейді. Әсекең ай-шайға қарамай шананың үстіне секіріп шығып, сұраған шөптерін жерге лақтырған. Сөйтіп, 400 тоқтысын аман алып қалған. Үсіп өлетін болған соң тоқтыларын кепеге қамаған. Симағанын үйіне кіргізіп, от жағып жылытқан. Шөбі таусылғасын қамыр илеп беріп асыраған. Аудандағы тоғыз шаруашылықтың малынан тігерге тұяқ қалмаған. Әселхан­ның отарында ғана 400 тоқтының аман қалғанын ауылдағылар аңыз қылып айтып жүрді. Міне, мейірімнің бір пұшпағы. Ерен еңбегін Үкімет бағалай қоймады-ау деймін, Әселханның «Сорғалаған мейірім­нен, сордан басқа таппадым» деген өлеңін оқығанымда жүрегімнің шым ете қалғаны бар. Алматыда өткен ақындар айтысының үш жеңімпазына үш арғымақ мінгізді.Соның бірі Әселхан болатын. Ол Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданын­дағы зілзаладан көптеген үйдің қирап, қаншама жұрттың баспанасыз қалғанын қамыға жырлаған еді. Арғымақты арнайы сыйлаған Әбіш Кекілбаев ағасына рақ­метін өлеңмен айтқаны ел есінде. – Сырда өстім арасында бал-құрақтың, Арманды адырлардан қарғылаттым. Әлішер әкем менің жылқышы еді, Қадірін жақсы білем арғымақтың. Зайсаным ұшырапты зілзалаға, Қалыпты баспанасыз қырда ғана. Несіне туған жерді сүйем деймін, Қыз болып жарамасам бір қараға. Зайсанға жіберейін арғымақты, Қанатты көлік болсын бір балаға! Қазылар алқасының қатарында отыр­ған Мырзатай Жолдасбеков пен Қуаныш Сұл­танов «Мынауың ерлік болды!» деп мейірім­мен қарағанын білемін. Міне, мейірім! Зайсандықтар да «Қиын-қыстау ке­зең­­де бізге мейірімі мен жан шуағын төккен ақын» деп ауылында арнайы ақын­дар айтысын өткізіп, Әсекеңді төбесіне кө­терді. «Ақындар өлген күні өлмейді, ұмытыл­ған күні өледі» деген тәмсіл бар. Ол ұмы­тылмай­ды. Адам мейірімі жыл он екі ай шуақ шашып тұрады.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАС