Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида БАЛАЕВА: Азаматтық қоғамның дамуына қолайлы жағдай жасалып келеді
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида БАЛАЕВА: Азаматтық қоғамның дамуына қолайлы жағдай жасалып келеді
553
оқылды

Қазақстанда азаматтық қоғам инс­­титуты толық қалыптасты ма? Үкіметтік емес ұйым­дар билік пен бұқара арасын жал­ғайтын «алтын көпір» бола алды ма? Біз көпшіліктің көкейінде жүр­ген осы сұрақтарды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға қойдық. Министр ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан үкіметтік емес ұйым­дардың қазіргі беталысы мен Азаматтық форумның мақсат-міндетін түсіндіріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастама­сымен жүзеге асып жат­қан еріктілер жұмысы жайлы баяндап берді.

– Аида Ғалымқызы, бүгінде елімізде заңды түрде тіркелген 22 мыңнан астам үкі­меттік емес ұйымның іс жүзінде қан­шасы жұмыс істеп тұр? Мысалы, азаматтық қоғам институтын қалыптастыру жоба­ларына пандемия шектеулерінің қандай да бір әсері болған шығар? – Әрине, еліміздегі азаматтық қоғам институттары пандемияға дейін-ақ, өзіндік даму жолы қалыптасқан сала ғой. Тәуел­сіздік алған кезеңнен бастап қоғамдық ұйым­дардың құрылып, жұмыс істеуіне еркін жол ашылды. Сәйкесінше, мемлекет тарапынан олардың қалыптасуы мен нығаюына заңнамалық негіз қаланып, түрлі бағдарлама қабылданды. Биыл ел болып атап өтіп жатқан Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде үкіметтік емес ұйымдар саны 22 мыңға жетті. Салыстырмалы түрде айт­сақ, алғаш егемендік алған жылдары елдегі қоғамдық ұйымдар 100-ге жетер-жетпес болатын. Бүгінде олардың саны ғана емес, түрлі бағыттағы белсенділіктері де артты. Қазір қоғамда азаматтық бас­тамалар назарынан тыс қалған саланы елестету мүмкін емес. Осыдан-ақ үшінші сектордың қаншалықты қарқынмен дамығанын байқай аламыз. Қазір сіз айтып отырған елімізде ресми тіркеуден өткен 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымның 16 мыңдайы белсенді жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде ҮЕҰ жо­­баларын мемлекет тарапынан қаржы­ландыру миллионнан миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Азаматтық сектор қазір ша­мамен 37 мыңнан астам адамды жұ­мыспен қамтып отыр. Әрине, мемлекет үшін әлеуметтік-маңызды мәселелерді шешуде сенімді серіктестік рөлінің маңызы зор. Осы орайда, қоғамның түрлі саласындағы мәселелерді жақсы білетін үкіметтік емес ұйымдарға артылар сенім де, жауапкершілік те жоғары. Жалпы, кез келген қоғам үшін ҮЕҰ белсенділігі қашанда үлкен маңызға ие. Сондықтан қазір әлемде орын алып жатқан пандемиялық шектеулерге қара­мастан, азаматтық қоғам институттарының жұмыс қарқыны бәсеңдеген жоқ деп толық сеніммен айта аламын. Қайта сол пандемия кезінде олардың белсенділігі жандана түсті десек болады. Мысалы, еліміздегі төтенше жағдай кезінде мұқтаж азаматтарға ең ал­дымен қоғамдық ұйым өкілдері мен волон­терлердің көмек қолын созғанын ескерген жөн. Барлық өңірлерде қоғамдық ұйымдар волонтерлер қозғалысқа қатысып, қорға­ныс бетпердесін, жалғызбасты азаматтарға, мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға арналған азық-түлік өнімдерін таратумен, дәрі-дәрмектерді жеткізумен, бетперде тігумен айналысты. Сондай-ақ карантин талаптарын сақтау бойынша полиция рейдтеріне қатысты. Сондықтан сіздердің газет арқылы қиын кезеңде ел болып бірігіп, игі істерге қолдау көрсеткен барлық қоғамдық ұйым өкілдеріне, белсенді және қайырымды азаматтарға, волонтерлерге зор алғысымды жеткіземін. – Осы орайда, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдау тұжырымдамасына толығырақ тоқталып өтсеңіз? – 2020-2030 жылдарға арналған Аза­маттық қоғамды дамыту концепциясы Президент Жарлығымен 2020 жылдың 27 тамызында бекітілген болатын. Аталған құжат негізінен елдегі үкіметтік емес сек­торды дамытудың жаңа векторын қалып­тастыруға негіз болатын билік органдары мен азаматтық қоғам институттарының өзара қарым-қатынасының басты басым­дықтары мен міндеттерін айқындайды. Концепцияда азаматтық қоғамды және оның институттарын дамыту үшін жағдай жасау, идеологиялық және саяси әралуан­дылық пен бәсекелестікті ескере отырып, мемлекет пен қоғамның түйінді міндет­терін бірлесе шешу бойынша іс-шара бекітіледі. Қазір тұжырымдаманың іс-шара жос­пары орындалу үстінде. Ол негізгі екі кезеңді қамтиды. Біріншісі – 2020 жылдан 2025 жылға дейін, екіншісі – 2026 жылдан 2030 жылға дейін. Бірінші кезеңде іске асырылатын 5 негізгі бағыт бойынша 33 іс-шара қарастырылған. Яғни, оның ая­сын­да азаматтық қоғам дамуын құқықтық жетілдіру, азаматтық белсенділікті дамыту және қолдау, тұрғындардың мемлекеттік басқаруға қатысуын көтермелеу, сондай-ақ қоғамдық бірлестердің БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға кеңінен тарту сияқты шара көзделген және бұл бағыттағы жобаларды іске асыруға біздің мүмкіндігіміз толық жетеді. – Осыдан 5 жыл бұрын «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына үкіметтік емес ұйымдардан 25 бастама» республикалық акциясы өткені мәлім. Ал сол бастамалар биылғы 30 жыл­дық қарсаңында қайта жаңғыртыла ма? – Қай кезеңде де ел дамуына азаматтық қоғам институттарының қосар үлесі мен қолдауы бәсеңдеген емес. Соның ішінде ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дық мерейтойынан да қоғамдық ұйымдар тыс қалып жатқан жоқ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту бойынша республикалық іс-шара жоспары бекітілді. Мерекелік шаралар «Жасампаз­дыққа толы жылдар» идеясымен өтеді. Ұлт­тық жоспар негізінен халықтың әлеу­меттік осал топтарын қолдауға бағытталған жобаларды, ұлттық келісімді нығайтатын, елді біріктіретін және қоғамды бір мақсатқа жұмылдыратын іс-шараны қамтиды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының баста­масымен «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы еліміздің барлық аймағындағы қоғамдық бірлестіктердің, жастар қозғалыстары мен волонтерлік ұйымдардың тікелей қатысуымен өтіп жатыр. Оның аясында жыл басынан бері 700-ден астам іс-шара жүзеге асырылып, 160 мыңнан астам мұқтаж азаматқа қолдау көрсетілді. Марафонға еліміздегі танымал 100-ден астам ірі ұйым қосылды. «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры, «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры, Қо­ғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры және басқа да ұйымдардың қатысуы­мен мазмұнды да тағылымды жобалар қолға алынды. Бұдан бөлек, Қазақстан Азаматтық альянсының ұйымдастыруымен гранттық жоба аясында «бір терезе» қағи­даты бойынша үкіметтік емес ұйымдарға арналған республикалық азаматтық орталық қызметін бастады. Онда барлық белсенді азаматтарға, қоғамдық ұйым өкілдеріне жан-жақты кеңес беріліп, әдістемелік қолдау көрсетіледі. Қазір Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерей­тойына арналған X Азаматтық форум жұмысына дайындықты бастадық. Бұл аталған жобалар үкіметтік емес ұйымдар­дың бастамасымен өткізіліп отырған үлкен жұмыстың бір парасы ғана. Алдағы уақытта қоғамдық ұйымдар белсенділігін танытып, ауқымды жобалардың ұйытқысы бола­тынына кәміл сенемін. – Әлгінде ғана волонтерлердің белсен­ділігі туралы айтып қалдыңыз. Енді олар­дың атқарар қызметін дамыту үшін сіз­дердің тараптарыңыздан қандай шара қабылданып жатыр? – Мемлекет басшысының бастамасы­мен қолға алынған волонтерлік қозғалыс бүгінде жалпыхалықтық қолдауға ие үлкен жобаға айналды. Әсіресе, былтырғы пан­де­мия кезінде халықтың шынайы қайы­рым­дылық қасиеті мен елге деген жеке жауапкершілігі ерекше білінді. Осы бір жыл ішінде волонтерлік қызметтің қар­қы­ны артып, бағдарламалар мен жобалардың ауқымы айтарлықтай кеңейе түсті. Атап айтқанда, волонтерлік ұйым­дардың саны 3 есе (2019 жылы – 224, 2020 жылы – 673), белсенді еріктілер қатары 4 есе көбей­ді (2019 жылы – 50 мың адам, 2020 жылы – 200 мыңға жуық адам). Биыл волонтерлікті дамытудың Жол картасы қабылданды. Жол картасының кешенді іс-шара топтамасы аясында бірқатар бағыт айқындалды. Біріншіден, заңнамалық деңгейде өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Оның аясында оқуға құжат тапсыру мен жұмысқа орналасу кезінде жеңілдіктер қарастыру, волонтерлердің құқықтары мен міндеттерін кеңейту, еріктілердің ең төменгі жас шегін белгілеу және корпоративтік волонтерлік нормалары сияқты жаңашылдықтар қарастырылған. Екіншіден, волонтерлік инфрақұ­ры­лымды дамыту керек. Волонтерлер құрған республикалық және 17 өңірлік фронт-офистер өз жұмысын жалғастыруда. Биыл­ғы жылдың 1 жартыжылдығында 113 мың­нан астам волонтердің қатысуымен 6 мың­ға жуық іс-шара өткізілді. Үшіншіден, Жол картасы аясында жалпы сомасы 528,3 миллион теңгені құрайтын 40-тан астам жобаны іске асыру қарастырылған. Біздің министрлік та­рапынан 13 волонтерлік жобаға 438,6 миллион теңге бөлініп отыр. Оның ая­сын­да жануарларға жанашырлықты көздейтін Birgemiz: Ayala, аға ұрпақты волонтерлік қызметке шақыратын «Күміс волонтерлік» жобалары, сонымен қатар басқа да өзекті тақырып бойынша 130-дан астам шағын грант қарастырылған. Мемлекет басшы­сының БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сес­сиясындағы Халықаралық волонтерлер жылын жариялау бастамасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті құжат жобалары әзірлену үстінде. Былтыр Қазақстанның ұсынысымен БҰҰ Бас Ассамблеясы қарарына «Волонтерлікті 2030 жылға дейін дамыту күн тәртібі» ен­гізілді. Қазір БҰҰ-ның түрлі құрылымында еліміздің 7 волонтері Қазақстан Үкіметінің тікелей қолдауымен қызмет атқарып жүр. Волонтерлерді ынталандыру үшін әлем елдерінен үміткерлерді тарта отырып, «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын та­быстауды биыл да жалғастыратын боламыз. – Сондай-ақ X Азаматтық форумға дайындық басталғанын да айтып отырсыз. Жалпы, Сіздер ұйымдастырып жүрген сол форумның нәтижесі қалай болып жатыр? Ескерілуі тиіс мәселелер бар ма? – Қазақстанның Азаматтық форумы – жалпыұлттық диалог шеңберінде тең құқықты әріптестікті құруға бағытталған мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдарының тұрақты диалог алаңы. Бұл ретте Азаматтық форумның мақсаты – азаматтық қоғам институттарын жан-жақты дамытып, олар­дың мемлекетпен және бизнес-сектормен тең құқықты әріптестігіне арналған қо­лайлы жағдай жасау. Азаматтық форум 2003 жылдан басталып, екі жылда бір рет тұрақты негізде өткізіліп келеді. Форум барысында үкіметтік емес секторды және әлеуметтік саланы дамытудың стратегия­лық мәселелері талқыланып, форумға қатысушылардың ұсынымдарын іске асыру бойынша тиісті жоспар әзір­ленеді. Мысалы, былтыр Қазақстанның IX Азаматтық форумы өткен болатын. Елдегі карантин жағдайына байланысты ол онлайн режимде ұйымдастырылды. Десе де, форумға қатысушылар мен оның жұ­мысы аясындағы түрлі диалог алаңдарына қамтылғандардың саны жылдағыдан артық болды. Яғни, онлайн режимде ұйымдас­ты­рылған шараға ірі қалалар мен облыс орта­лықтарынан бөлек, шалғай аудан-ауылдар­дағы ҮЕҰ өкілдері қатысуға мүмкіндік алды. Жалпы, IX Азаматтық форумы өзінің мазмұнды бағдарламасымен ерекшеленді. Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін мазмұнды бағдарлама 5 күнге созылды. Сол 5 күн ішінде YouTube видео арнасы мен әлеуметтік желілерде форумнан тікелей эфир және 40-тан астам түрлі форматтағы онлайн диалог алаңы ұйымдастырылды. IX Азаматтық форумның қорытындысы бойынша азаматтық қоғам өкілдерінен 650-ден астам ұсыныс пен ұсыным қа­былданды. Қазір олардың орындалуы бойынша құзыретті мемлекеттік органдар тарапынан тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Форум азаматтық сектордың салалық проблемаларды шешуге ерекше тиімділігін және қатысу белсенділігін көрсетті, сондай-ақ қатысушылардың барынша көп санын қамтуға мүмкіндік берді. Форумда айтылған ұсынымдардың негізінде «Қоғамдық бақылау» туралы, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттық қаржыландыру, қайырымдылық және волонтерлік қызмет туралы заң жо­балары әзірленді. Үкіметтік емес ұйым­дардың қызметін жетілдіру, экологиялық мәдениетті дамыту, азаматтардың ше­шімдер қабылдауға қатысуы, қоғамның мемлекетке деген сенімін қалыптастыру, ҮЕҰ кәсіби біліктілігін арттыру бағытында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Жалпы, Азаматтық форум аясында өткізілетін кездесулер азаматтық қоғамды дамытудағы бастамаларды қорытындылауға және тиісті кері байланысты арттыруға үлкен септігін тигізеді. – Ал азаматтық қоғамды одан әрі де­мократияландыру және дамыту жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қазіргі жұмыс барысы қалай? – Мемлекет басшысының баста­ма­сымен саяси және әлеуметтік-экономи­калық реформаларды дайындау мен іске асыру бойынша Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаннан бері айтарлықтай ауқымды жұмыс жүргізілді. Әрине, Ұлттық кеңес бірінші кезекте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын тиімді іске асыруға зор үлес қосты деп айтуға толық негіз бар. Осы кеңес аясында көтерілген мәселелер, соның негізінде қабылданған шешімдердің барлығы жүйелі рефор­маларға жаңа серпін беруге бағытталған. Ұлттық кеңес бастапқы кезеңде кон­сультативтік кеңесші орган ретінде құ­рылған болатын. Алайда уақыт талабына сай бүгінде ол жаңа реформаларды ұсы­натын маңызды құрылымға айналып отыр. Жалпы, құрылғаннан бері Ұлттық кеңес қызметінің шеңберінде 9 заң қабылданды. Атап айтсақ:
  • • «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мем­лекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы (2019 ж. 26 жел­тоқсан); • «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржы­ландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы (2020 ж. 13 мамыр); • «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» ҚР Заңы (2020 ж. 25 мамыр); • «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер пен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы (2020 ж. 25 мамыр); • «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республи­касының Конституциялық заңына то­лықтырулар енгізу туралы» ҚР Консти­туциялық заңы (2020 ж. 25 мамыр); • «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциялық заңына то­лықтырулар енгізу туралы» ҚР Конститу­циялық заңы (2020 ж. 2 маусым); • «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы (2020 ж. 2 маусым); • «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы (2020 ж. 27 маусым); • «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы (2020 ж. 7 шілде). Ұлттық кеңестің маңызды міндеттерінің бірі – мемлекет пен қоғам арасында бай­ланысты одан әрі тиімді жалғастыру.
Бұл – миссиясы биік қоғамдық қызмет. Сон­­дықтан да ең алдымен халық алдын­дағы жоғары жауапкершілік бар. Ұлттық кеңес үйлесімді қоғамдық ортаны дамытуға және өркениетті диалог нормаларын ор­нықтыруға жәрдемдесуі тиіс және ол осы бағытта жұмыс істеп келе жатыр. Әрине, министрліктің қызметі тек жо­балар мен бекітілген шараларды іске асы­руға бағытталған деуге болмайды. Біз үнемі өз жұмысымызды жетілдіруге жұрт­шылық­ты жиі тарта отырып, жаңа шешім мен те­тік­тер табуға тырысамыз. Сондықтан осы мүм­кіндікті пайдалана отырып, аза­матт­ық қоғам өкілдерін, белсенді аза­мат­тар­­ды сындарлы диалог құрып, қоғам игі­лігіне ортақ істерге бірігуге шақырғым келеді. – Қазір үкіметтік емес ұйымдар қиыр жайлап, шет қонған ағайынның атамекенге оралғаннан кейінгі жағдайын жасауға қан­шалықты ықпал ете алады? – Қандастар мәселесі – біздің министр­ліктің құзырына кіретін көпсалалы ау­қымды да маңызды бағыттың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар негізінен министрлік жанынан құрылған «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы ұйымдастырылады. Қордың ұйытқы болуымен атажұртына тұрақты қоныс аударуға келген қандастарға құ­қықтық және заңдық көмектер беру, соның ішінде мемлекеттік қызметтерді пайдалану, әлеуметтік көмек алу және түрлі бағдарлама мен жобалар туралы ақпарат беріледі. Қазір еліміздің 9 өңірінде, атап айт­қанда Алматы, Қарағанды, Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары, cондай-ақ Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында қандастарды ақпараттық қолдау орталықтары ашылған. Сонымен қатар осы жылдың аяғына дейін Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Сол­түстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласы мен Түркістан облысында бірлескен орталық ашылатын болады. 2020 жылы аталған орталыққа қандас­тар тарапынан 5 мыңнан астам өтініш түсіп, барлығына нақты көмек көрсетілді. Биыл жыл басынан бері 2 мыңнан астам өтініш қарастырылды. Өтініштер негізінен құжатты дұрыс толтыру, азаматтық алуға құжат өткізу, қандас мәртебесінде өз құ­қықтары мен бостандықтарын білу, сон­дай-ақ түрлі әлеуметтік-тұрмыстық мә­селелерді қамтиды. Осы орайда, елге оралған қандастарды жаңа ортаға бейімдеу жұмысы да бір жүйеге келтірілді. Қандас мәртебесі мен азаматтық алу рәсімін жеңілдететін «бір терезе» принципі жобасы бүгінде толық пысық­талды. Оның негізінде ендігі жерде аза­маттық алуға өтініш беру, оның қаралу мерзімі 6 айдан 3 айға қысқаратын болады. Заң талабына сай жиналатын құжаттар тізбесі де айтарлықтай ықшамдалады. Ең бастысы, қандастар бұрынғыдай әртүрлі мекемеге жеке-жеке құжат тапсырмай, ХҚКО арқылы бір-ақ өтініш береді. – Саяси сарапшылар бұқараның үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне аса көп жүгіне қоймауына олардың «азаматтық қоғам» ұғымының өзін толық түсіне қоймауы себеп деседі. Бұл жөнінде не айтасыз? – Жоқ, бүгінде халық «азаматтық қо­ғам» ұғымымен да, үкіметтік емес ұйым­дардың бағытымен де толық таныс деп білемін. Себебі жылдан-жылға тұрғындар­дың азаматтық белсенділік деңгейі артып, түрлі қоғамдық ұйымдар айналасында бірігуі қарқын алып келе жатыр. Осы орайда мемлекет тарапынан азаматтық қоғам институттарының жан-жақты дамуы үшін заңнамалық тұрғыда қолайлы жағдай жасалып келеді. Өздеріңіз білесіздер, өркениетті ел­дерде халықтың әлеуметтік-экономи­ка­лық, мәдени-рухани және саяси-құқықтық жағдайын жақсарту ісі – тек мемлекеттің міндеті емес. Бұл тұтас азаматтық қоғамның да басты мақсаты. Қоғамдық маңызды мәселелер азаматтардың тікелей қатысуы­мен шешіледі. Қазір үкіметтік емес ұйым­дардың дерекқорына 6 мыңға жуық қоғамдық ұйым есеп тапсырып, тіркелген. Яғни, бұл осыншама ұйымның түрлі әлеу­меттік жобаларды жүзеге асыру арқылы азаматтармен тікелей жұмыс істеп отыр­ғанын білдіреді. Әрине, азаматтық қоғам саласындағы барлық мәселені бір мезетте шешіп тастау мүмкін емес. Бұл үшін қоғамдық ұйымдардың кәсіби біліктілігін арттыруымыз керек. Осы мақсатта «ҮЕҰ Академия» оқыту жобасын бастадық. Оның аясында үкіметтік емес ұйым басшыларына осы саладағы заманауи технологияны меңгеру бойынша семинар, тренинг ұйымдастырылады. Жоғарыда айтып өткенімдей, өткен жыл­дың соңында Президенттің Жарлы­ғымен алдағы 10 жылға арналған Азаматтық қоғамды дамыту концепциясы мен оны жүзеге асыру үшін үлкен іс-шара жоспары бекітілді. Азаматтық қоғамды дамыту, азаматтық белсенділікті арттыру, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін жетілдіру бойынша жұмыстар осы тұжырымдама шеңберінде жалғасатын болады. – Аида Ғалымқызы, арнайы уақыт бөліп, бізге сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рақмет! Халық игілігіне жарайтын баста­маларыңыз сәтті жүзеге аса берсін!

Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕН