Биыл ана мен баланы қолдауға бюджеттен 756 млрд. теңге бөлінді
Биыл ана мен баланы қолдауға бюджеттен 756 млрд. теңге бөлінді
Сурет: Sanjasy
274
оқылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов елде ана мен баланы қолдауға бағытталған қандай әлеуметтік төлемдер барын айтты, — деп хабарлайды Informburo.kz басылымы. 

Бүгінгі таңда 1,9 млн. отбасы әлеуметтік жәрдемақы мен төлем алып отыр. Ана мен баланы әлеуметтік қолдау шаралары бюджеттен төленетін жәрдемақылардың 5 және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының 2 төлем түрінен құралады.
  • 2020 жылы бұл мақсатқа 635,3 млрд. теңге;
  • 2021 жылы 756 млрд. теңге бөлінді. Биыл бөлінген ақша 19% артық.
Республикалық бюджет есебінен дүниеге келген әр балаға 110 846 теңгеден 183 771 теңгеге дейін біржолғы жәрдемақы төленеді.
  • 2020 жылы 52,3 млрд. теңге 430,7 мың анаға төленді;
  • 2021 жылы 51 млрд. теңге төленеді. Әзірге 6 ай ішінде 186,6 мың адамға 24,6 млрд. теңге берілді.
"Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы төлеу қарастырылған. Жәрдемақының бұл түрі екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға – 16 802 теңгеден 25 962 теңгеге дейін арттырыла отырып, баланың туу кезектілігіне байланысты төленеді. 2020 жылы бұл жәрдемақыны 120,9 мың адам жалпы сомасы 31,7 млрд. теңгеге алды. 2021 жылға 26,2 млрд. теңге қарастырылған, оның 6,8 млрд. теңгесі төленді", – деп толықтырды Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры.
Елімізде 458 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрып жатыр. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан берілетін жәрдемақы енгізілді. Төлем мөлшері 46 760 теңгеден (4 бала) басталып, 186 688 теңгеге (16 бала) дейін барады. Биыл 6 айда бұл жәрдемақыны орта есеппен 141 млрд. теңге сомаға 458,9 мың отбасы алды. Сондай-ақ, "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегерлеріне 18 669 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Оны елімізде 230,3 мың адам алады. Жыл басынан бері 25,8 млрд. теңге төленді.
"Сонымен қатар, мемлекеттік бюджеттен мүгедек бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы мөлшері 48 023 теңгені құрайды. Бүгінде ол 92 мың отбасына 27,2 млрд. теңге сомасында төленді. Мүгедектігі бар бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олардың қатарынан аса мұқтаж адамдарға бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтың күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 48 023 теңгені құрайды. Бұл жәрдемақыны бүгінде 15 мыңнан астам отбасы 4,4 млрд. теңге сомасына алды. Аталған төлем түрлері баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақыдан басқа жүзеге асырылатынын атап өткім келеді", – деді Асқар Ниязов.
Ол, сондай-ақ, жұмыс берушілер қаражаты есебінен түскен әлеуметтік аударымдар негізінде жұмыс істейтін әйелдерге арналған мемлекеттік жәрдемақылардан басқа, МӘСҚ-тан жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда біржолғы әлеуметтік төлемдер тағайындалатынын хабарлады. Бүгінгі күні осы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 540 мың теңгені құрайды. 2020 жылы оны 203,1 мың адам жалпы сомасы 96,4 млрд. теңгеге алды. Бала туғаннан кейін МӘСҚ-тан 1 жасқа дейінгі баланың күтімі бойынша ай сайынғы төлемдер жасалады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша оларды жалпы сомасы 106,4 млрд. теңгеге 501,6 мың адам алды. Бүгінгі күні орташа мөлшері 32 мың теңгені құрайды. Биыл жоғарыда көрсетілген әлеуметтік төлемдерге МӘСҚ қаражатынан 253,8 млрд. теңге көзделген.
"Бұдан басқа, 2014 жылдан бастап жұмыс істейтін әйелдер үшін олардың 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізілді. Бұл олардың зейнетақы жинақтарының ұлғаюына, зейнетақымен қамсыздандырудың барабар деңгейіне қол жеткізуге ықпал етеді. 2020 жылы республикалық бюджеттен МӘСҚ-тан 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем алатын 87 275 адамның жеке зейнетақы шоттарына 5,7 млрд. теңге аударылды. Осы жылға шамамен 7 млрд. теңге қарастырылған", – деді спикер.
Сондай-ақ, Асқар Ниязовтың айтуынша, бүгінгі таңда бала тууды арттыру мәселесі Қазақстанда проблемалық аспект емес. Өйткені 2020 жылы бала туу коэффициенті 3,13-ке жетті. Ал халықтың өзін-өзі өсіруі үшін жеткілікті деңгей – 2,1.