Тілсіз жаудың құрбаны көбейді
Тілсіз жаудың құрбаны көбейді
303
оқылды

Бұрыннан от пен суды тілсіз жауға телитініміз бе­кер емес. Шындығы сол соң­ғы жылдары өрт құ­шып, суға кетіп,қаза тапқандар жайлы жиі-жиі еститін бол­дық. Құт­қарушылар жыл сайын қауіп­сіздік ережелерін айтып,әбі­гер болғанымен, тыңдап жат­қан құлақ жоқ. Өкінішке қарай, суға түсем деп ажал құш­қан азаматтардың саны тоқтаусыз өсіп барады. Неге?

Қауіпсіздік ұмыт қалғандай

Судағы қауіпсіздікті қамтама­сыз ету жайы тікелей Төтенше жағдайлар министрлігінің негізгі міндеті мен құзырына енеді. Осы мақсатта Полиция департа­мен­ті және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп жыл сайын түрлі іс-шара атқаратынын білеміз. Әйткенмен, бақылау бола тұрса да, жаз шыға сала суға түсушілер са­ны­ның артуына байланысты өлім-жітім де көбейеді. Мәселен, әр жылдары суға кеткендердің белгілі бір кезең­дердегі статистикасын салыстырып көрсек. 2019 жылы 1 маусым мен 13 шілде аралығында елімізде 133 адам суға кеткен. Оның 48-і кәме­летке толмағандар екен. Әйтеуір, сол жылы барлығы 236 адамның ажалы судан болғаны жария. Ал былтыр дәл сол 1 мау­сым мен 13 шіл­де аралығында 104 адамның суға батып кеткені мәлім болған еді. Оның ішінде де 29 бала бар. Бірақ жылды қорытын­дылағанда, жалпы 239 жан тілсіз жаудың құр­баны болыпты. Бір қызығы, был­тыр шомылу маусымы былай тұрсын, сәуір айындағы жағдай бойын­ша, еліміздің өзен-көл­дерін­де барлығы 28 адам, оның ішінде 10 бала көз жұмған. Биыл да жағдай мәз емес. Бір ғана маусым айында елі­мізде 72 адам суға кетіп қаза тап­ты. Арасында 27 бала кеткен. Оқыс жағдай Түркістан мен Қызылорда облысында көп тіркел­ген. Бұдан бөлек, Төтенше жағдай­лар ми­нистр­лігінің мәліметінше, су ж­а­ғалаулары аумағын тексеру кезінде құтқарушылар мен поли­ция қыз­меткерлері 59 адамды (8-і бала) құтқарған. Яғни, құтқарылған адам санынан қаза болғандар көп.

Дегенмен құтқарушыларды да айыптай алмаймыз. Қолдан кел­ген­ше үгіт-насихат жүргізіп әлек. Елімізде суға шомылуға және су маңында демалуға арналған 592 ресми орын бар, оның 111-і – ком­муналдық, ал 481-і – жеке жағажай. Суға шомылуға тыйым салынған 2 мыңнан астам орын бар. Ол жер­лерге 5 мыңнан астам ес­керту бел­гісі қойылып, 1 мыңға жуық көр­некі стенд орнатылған. Онда тіпті адамдардың қаза табу себептері мен жағдайлары да ашық жазылған екен. Төтенше жағдайлар ми­нистрлігі адамдардың су айдын­дарында қаза табуының алдын алу бойынша профилактикалық жұ­мыс­ты күшейту үшін күн сайын су айдындарында, жаппай демалатын орындарда рейдтік іс-шаралар өткізеді. Жүзу құралдарымен жиі-жиі тексеріс жүргізеді.

Былтыр 16 мыңнан астам рейд және патруль­деу жүргізіліп, «Қоғамдық орын­дарда болу қағидаларын бұзу» Әкім­шілік құқықбұзушылық тура­лы кодекстің 440-бабы және 364-бабы «Ор­тақ су пайдалану қағи­даларын бұзу» бойынша 3 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкер­шілікке тартылған. Биыл да су ай­дын­дарында адамдардың қауіпсіз­дігі мақсатында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері ал­дын алу жұмыстарын жүргізіп жа­тыр. Халық арасында 323 мыңнан астам үгіт-насихат (буклеттер, па­рақ­шалар) таратылып, жұрт­шы­лық­пен 2 мыңға жуық жиын өткі­зілген. Профилактикалық жұмысқа 5 600-ге жуық волонтер де тарты­лыпты. Сондай-ақ суға шомылу ере­желерін бұзғаны үшін 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тар­тылып, 1 000-нан астам адамға ескерту жасалған. Осыған қарап Төтенше жағдайлар комитетінің тарапынан тиісті шаралар атқарыл­мады деп айту қиындау. Және де суға батып бара жатқан жандарды бірінші құтқарып қалатын да осы төтенше жағдайлар қызметінің мамандары. Бұл ретте тағы бір мәселені ұмытпаған жөн. Ел аума­ғында барлық өзен-көлді қадағалау мүмкін бола қоймас. Не де болса, тілсіз жаудың құрбаны азаймай отыр. Көз жұмғандардың дені рұқ­сат етілмеген жерде шомылады. Ал олардың ішінде балалардың болуы, расында алаңдатар дүние.

Жауапкершілік Еленбей келеді

Қайткен күнде де, адамдардың суға кетуінің басты себебі рұқсат етілмеген жерге шомылуынан бо­лып отыр. Су ай­дын­­дарындағы қауіп­­сіздік ере­же­сінде «тек жаб­дық­талған жерлерде суға шомылуға болады» делінген. Онда құтқару­шы­лар кезекшілік ететіндіктен, адам­дардың қауіп­сіз­дігі біршама сақталады. Сонымен қатар мас күйде суға шомылу, өз күшін бағаламай, суға батып бара жатқан адамды құтқарамын деп әрекет жасау да жиі тіркелетін фактор. Ал балалардың суға батып кету жағ­дайы көбіне ата-анасының, жалпы ересек адамдардың қа­рауынсыз қалдыру салдарынан болады. Яғни, ата-ананың балаға деген жауап­сыздығы мен салғырт­тығы да бар десек, қателеспейміз.

Ереже бо­йынша, балалар тек ересек адам­дардың қарауымен суға шомылуы тиіс. Конституцияда кәмелет жасына толмаған балалар 18 жасқа толғанша ата-ананың қамқор­лығын­да болатыны нақты жазыл­ғанын білеміз. Дегенмен заңнамада баласы суға кетіп қалған жағдайда ата-анасына мынандай жаза тағайындалады деген нақты норма жоқ. Егер ата-ананың кінәсі ті­ке­лей дәлелденсе, құқықтық жауап­кершілікке, оның ішінде міндетін орындамағаны туралы әкімшілік жауап­кершілікке тартылады. Отба­сындағы баланың қауіпсіздігі әке-шешесінде екені рас. Осындай қайғылы жайттардың көбеюіне әлеуметтік жағдай да әсер ететін секілді. Күнкөріс қамымен жүрген ата-ана балаларына қарауға мүм­кіндігі болмай жататын жайттарды да ескерген жөн тәрізді. Өрттен қаза тапқан балалардың жағдайы­нан да соны аңғардық.

Баланың да, ересек адамның да суға кетуі соңғы кезде оңтүстік өңірлерде артып кеткен. Былтыр да солай еді. Айдың -күннің аманында судан келіп жатқан балалардың өлімі алаңдатады. Тек ойлантып қана қоймай, нақты іс-әрекетке итермелеуі қажет-ақ. Сондықтан бұл мәселеде кінәні тиісті ведомс­твоға немесе ата-анаға да ысыра алмаймыз. Сайып келгенде, мұның бәрі әр адамның жауапкершілігіне келіп тірелетіндей.

Мадияр ТӨЛЕУ